Сұхбат • 16 Сәуір, 2024

Беслан Бекбұзаров: Ауған ардагерлері үшін отаншылдық пен әділеттік маңызды

172 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бұрынғы кеңестік республикалар үшін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ел басына төнген зұлмат – Ауған соғысы. Бұл соғыста халқымыздың қаншама боздақтары жат жердегі оқ пен оттың ортасында ажал құшты, көпшілігі елге мүгедек болып оралды. Бүгінде елімізде олардың мүддесін қорғайтын бірнеше ұйым бар. Соның бірі – Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерін қолдау қоры. Біз осы ұйымның төрағасы, «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» РҚБ Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша филиалдарының басшысы Беслан Бекбұзаровты әңгімеге тарттық.

Беслан Бекбұзаров: Ауған ардагерлері үшін отаншылдық пен әділеттік маңызды

– Беслан Аланбекұлы, елі­мізде «ауған ардагерлері» дей­тін бір шоғыр адам бар. Олар көрген қырғын Екінші дүниежүзілік соғыстың зұл­матынан кем болған жоқ. Алай­да «ауғандықтарға» әлі күнге жеткілікті деңгейде көңіл бө­лін­бей келе жатқан сияқты.

– Көптеген отандасымыз Ауған­стандағы соғысқа қатысып, өздерінің әскери борышын абыроймен орындады. Оларды бәрімізге ортақ қасиет әскери антқа адалдық біріктірді. Қазіргі жас­тар үшін ел қорғаған ардагерлерден үйренетін нәрсе көп. Атап айтқанда, батылдық пен төзімділік, Отанға деген сүйіс­пеншілік және басқа да көптеген адами, кәсіби қасиетті бойларына дарыта алады.

Кеңес әскері шектеулі контин­гентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына биыл 15 ақпанда 35 жыл толды. Тарих сахнасында бір ұрпақ ауысты. Кеше ғана қанды қырғынды көрген сол жас жігіттердің ең берісі елудің ортасына келіп, үлкендері алпысты еңсеріп, зейнетке шығып жатыр. «Уақыт – бәріне емші», дейді ғой халқымыз. Әйткенмен, ауған ала­сапыранынан қалған жан жара­сы көңілден кетпейді екен. Бұр­шақша жауған оқтың ортасында өрімдей жастардың талайы қыршыннан қиылды. Жар сүйіп, ұрпақ өрбіту бақытынан айырылды. Бірақ «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, елге аман-есен оралып, бақытын еңбектен тауып жатқан замандасымыз жетерлік.

Ауғанстанда әскери және азаматтық интернационалдық борышын абыроймен өтеген жас жігіттер елге оралған соң талай қиындықпен бетпе-бет келді. 1985 жылы қайта құру басталса, 1991 жылы КСРО ыдырап, интер­националист-жауынгерлер шенеуніктердің түсі­ніспеушілігі мен қоғамның енжар­лығына тап болды. Сондықтан 80-жылдары Ауғанстаннан оралған жастарды қолдау мақсатында ардагерлер одақтары құрыла бастады. Қолдау моральдық жағынан да, материалдық тұрғыда да жүр­гізілді. Қайтып оралған жігіттер кәсіподақтардан өз орнын тапты, онда оларды түсініп, жан-жақты қолдау көрсетті.

Мен 20 жыл бұрын қазіргі өзім басқарып отырған қорға келіп, арда­герлерді қолдау қозға­лысымен танысып, бұл жерде атқарылып жатқан ауқым­ды жұ­мысты көрдім. Сол күн­нен бері талай уақыт өтсе де, ардагер­лер мен мүгедектерге, қаза тапқан жауын­герлердің отбасыларына қолдау көрсе­тудің игі дәстүрі жалғасын тауып келді. Өзім де осы іске үлесімді қоса алатынымды түсініп, шетте тұра алмадым. Өйткені бойымда жас ұрпақты дамытуға ықпал ету үшін күш пен мүмкіндік бар еке­нін сезіндім.

Бірақ қазіргі күні Ауғанстанда еті­гімен су кешкен жауынгерлерге мем­лекет тарапынан жеткілікті көңіл бө­лін­бей келеді. 35 жыл бойына олар өз­дерінің мүдделерін қорғайтын заңды күтті. Бұрын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестіріліп, бұл мәртебе белгілі бір жеңілдіктерге мүмкіндік беретін. 2020 жылдың 6 мамырында «Ардагерлер туралы» заң қабылданып, ауған ардагерлері тарапынан жұмыс тобына енгізілген ұсыныстар оған енбей қалды. Енді біз өзге мемлекеттер аумағында әскери іс-қимылдарға қатысушы ғана болып қалдық.

Қазіргі күні Ауғанстанда соғысқан азаматтардың 20 пайызы әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілмеген, көпшілігі мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрместен ана дүниеге аттанып кетті. Жоғарыда айтылған заң асығыстау қабылданған секілді. Оған тез арада өзгеріс енгізу қажет деп есептейміз. Ауған ардагерлеріне зейнетақыларын арттыру, қосымша көмекті көбейту, емдеу, санаторийлік-курорттық сауық­тыру, квота беру, баспана беру секілді мәселелерін тез арада шешу керек. Олар­дың да отбасылары бүгінгі заман­да лайықты өмір сүруге құқылы. Пре­зиденттен түйіні шешілмеген көптеген әлеуметтік мәселеге алаңдап жан ұшыр­ған аналардың жанайқайын жан-жақты тексеріп, шешім қабылдауды сұраймыз.

– Өзіңіз басқарып отырған қор ауған ардагерлеріне қандай қолдау көрсетеді?

– Біздің қордың жұмысы, оның ішінде қайырымдылық қызметінің ауқымы әлдеқайда кең және тек ардагерлерге көмек көрсетумен шектелмейді. Физио­логиялық ерекшеліктеріне немесе қандай да бір ерекше өмір­лік жағдайға байланысты қиын­дыққа тап болған адамдар көп. Өрімдей жас кезінде ұрыс алаңына аттанған сарбаздардың басты міндеті – халықаралық терроризммен күресіп, есірткі бизнесінің шекарадан өтуіне тосқауыл қою еді. Отанына аман-есен оралғандардың ерлігі ескеріліп, арнайы медальдармен марапатталды. Алайда рухы мықты және ең батыл сарбаздар ғана азаматтық өмірге қайта бейімделе алды. Ауған соғысына 22 269 отандасымыз аттанған. Олардың 924-і майдан алаңында ерлікпен қаза тапса, 1 015 адам мүгедек болып оралып, 19-ы із-түзсіз жоғалды. Бүгінгі күні 70-тен аса азамат әскер қатарында қызметін жалғастырып келеді.

Бұл адамдар Ауғанстаннан кет­кені­мен, соғыс салған іздер олардың жанында қалып қойды. Әрбір жауынгердің бойында посттравматикалық синдром бар. Олардың бүгінгі жағдайы мәз емес, ашық айтқанда, қиын. Мәселен, маған бізді, ауған ардагерлерін әлеуметтік осал топ санатына қосқаны түсініксіз. Мұны Отан алдындағы борышын өтеп, антқа адал болған адамдарды қорлаумен тең деп есептеймін.

Біздің қор тарапынан көмек әрқашан қаржылық тұрғыда бола бермейді, біреу­ге күнделікті тіршілікке қажетті кеңес немесе заңгерлік кеңес қажет, ал біреу қа­р­апайым адами қарым-қаты­насқа мұқ­таж. Бұлар да жабырқаған жанға де­меу, кейбіреулер үшін ол кез келген материалдық көмектен әлдеқайда маңызды.

–  Сіздердің жұмыстарыңыз­дың бір бағыты – жастарды қолдау, саламатты өмір салтын насихаттау. Бұл тұрғыда қан­дай іс-шаралар іске асырылып жатыр?

– Уақыт өткен сайын сол сұрапыл соғыс тарих қойнауы­на сіңіп, біртіндеп алыс­тап барады. Оған қатысқан жауын­герлердің қай-қайсысы да азамат­тық борыштарына адал­­дық танытып, қайсарлық пен қа­һар­мандықтың үлгісін көрсет­ті. Біз олардың ерліктері, жауын­герлік жолдары туралы айта отырып, өскелең ұрпақтың бойы­на патриоттық сезім ұялатып, Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, шың­дай түсетінімізге сеніміміз мол. Осыған орай ардагерлер өз идеяларын, мүмкіндіктерін, тұжырымдамаларын жүзеге асыру, өмірлік тәжірибесін кейінгі толқынға беру, бейбітшілік, достық және өзара көмек идеяларын насихаттау мақсатында жасөспірімдердің спорттық және әскери-патриоттық клубтарын құрды.

Қазіргі таңда, өкінішке қарай, жастардың басым көпшілігі қимылсыз, аморфты өмір салтын ұстанады. Олардың бос уақыттарының басым бөлігі гаджетпен өтіп жатыр. Сондықтан біз жастармен көп жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеміз. Спорттық жарыстарға да үнемі қатысып отырамыз. Мәселен, биыл кеңес әскерлерінің Ауған­станнан шығарылғанына 35 жыл толуына орай дзюдодан Алматы қалалық турнирі өтті. Алдағы уақытта таеквондодан ITF және WTF бойынша республикалық турнирлер және хапкидодан халық­аралық жарыс өтеді деп отырмыз.

– Қор тарапынан пандемия ке­зінде, Қаңтар оқиғасында халыққа көмек беру, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша іргелі істер атқарылыпты. Соны кеңірек айтып берсеңіз.

– Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерін қолдау қоры қоғамдық ортада жиі байқала бермейтін, алайда ел үшін құны жоғары жұмыстарды жүзеге асырады. Көп адам карантин кезеңінің қиындықтарын ұмыта бастады. Бұл кезде тіпті өмірлік маңызы бар өнімдерді табу қиын еді. Сонда ауған ардагерлерінен құрылған еріктілер тобы халыққа 10 мыңнан аса гуманитарлық көмек таратты.

2022 жылдың қаңтары әрбір алма­тылықтың өмірінде өшпес ізін қалдырды. Сол күндері Ал­матыда құқықтық тәртіпті сақтау жөніндегі штаб құрылып, біз тоғыз күн бойы жеті қалалық ауру­хананы, жедел жәрдем станса­сын, бірқатар әлеу­меттік нысанды күзеттік. Ардагерлер
28 гвар­дияшы-панфиловшылар атын­­да­ғы саябақта патрульдер ұйымдастырды. Көмекке мұқ­таж кез келген адам хабарласа алатын сенім телефоны жұмыс істеді. Осы күндері қиындық пен қауіптен қорықпай қоғам тәртібін қорғауға шыққан жігіттердің бәрін де батырлар деп айтуға негіз бар.

– Батыр демекші, сіз Ха­лық қаһар­маны Бақытжан Ер­таевпен көп жыл­дан бері қоян-қолтық жұмыс атқа­рып келесіз. Жуырда баспасөздегі сұх­батында ауған ардагері Бақытбек Сма­ғұл батырға жоғары атақты алуға себепкер болғанын айтты. Бұл қанша­лықты рас?

– Бақытжан Ертайұлы –  елімізге белгілі тұлға, танымал қайраткер. Сон­дықтан оның депутаттығы да, ең жоғары атағы да заңды талқылаулардан, құзыретті комиссиялардан өтіп, бекітілген. Бұл жерде бір адамның ұсынысы деген шын­дыққа сәйкес келмейді.

Генерал Бақытжан Ертаев өмі­рінде бір күн де жұмыссыз отыр­ған жоқ. Ол жасынан әске­ри жолды таңдады, генерал деңгейіне дейін өз еңбегімен өсті. Қорғаныс ми­нистрлігінде жоғары лауа­зымды қызметтер атқарды. Сосын депутат болып сайланды. Еліміздің бүкіл Халық қаһарманы бірауыздан оны «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» республикалық қоғам­дық бірлестігінің төрағасы етіп сайлады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»