Ғылым • 16 Сәуір, 2024

Жас ғалымдар саммиті

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Жас ғалымдар саммиті өтті. Саммит алаңына Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, жас ғалымдар, докторанттар, ғылыми орталықтар мен универ­си­тет­тердің қызметкерлері, мемлекеттік сектордың өкілдері, кәсіпкерлер жиналды.

Жас ғалымдар саммиті

Фото: gov.kz

Саммиттің ашылуын­да сөз алған Ғылым ко­ми­­те­ті басқар­ма­­сы­­­ның бас­­шы­сы Ренат ­Ел­ши­­­­беков жас­тар­дың ғылымға ке­луіне мем­лекеттің мүд­­­де­­лі еке­нін, соған сай ерекше ­қол­­­­дау көрсетіліп жат­қа­нына тоқ­­­­­тал­ды.

«Соңғы жылдары елі­міз­де ғылымның дамуына айтар­лықтай назар аударылып отыр. Біз ғы­лымды қажетсінетін экономика құру және отандық ғылымды жү­йелі дамыту бо­йынша бел­сен­ді жұмысты көріп отырмыз. Соңғы 2-3 жылда ғылым бюд­жеті бірнеше есе өсті. Соның ішін­де жас ғалымдарды қолдауға ерек­ше көңіл бөлініп келе­ді. Жас ғалымдар үшін арнайы «Жас ғалым» гранттары бар. Келе­сі үш жылдық кезең­де жас ғалымдардың зерт­теулері үшін гранттарға 18 миллиард теңге бөлу көзделген. Жыл са­йын әлем­нің жетекші ғылы­ми орталық­та­р­ында 500 отандық ғалым тағы­лым­­да­ма­дан өтеді. 2023 жылы 809 ға­лымға әлемнің жетекші орта­лықтарында ғы­лыми тағы­лым­дамадан өту­ге грант­тар берілді. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыс жалғасып жатыр. Уни­вер­си­тет ғылымы да дамып келеді. ЖОО жанынан инжи­ниринг орталықтары мен техно­парк­терді құруға 16 млрд теңге бөлінді», деді Р.Елшибеков.

Комитет өкілінің айтуынша, ғылымды басқару жүйесін жетіл­діру, бизнесті ынталандыру үшін жұмыстар жүргізіліп жа­тыр. Атап айтқанда, «Ғылым және техно­логиялық саясат туралы» заң жобасы және «Кә­сіп­кер­лік субъек­тілері үшін ҒЗТКЖ-ға (ғы­лыми-зерттеу және тә­жіри­бе­­л­ік-конструкторлық жұ­­мыс­тар) шегерімдер туралы заң­­на­­ма­­лық нормалар әзірленді. Қа­­был­­­данған шаралардың нәти­же­­­­лері қазірдің өзінде көрініп тұр. 2023 жылы ғылыми-зерттеу қыз­­­­метімен айналысатын қыз­мет­­­­кер­лер саны, сондай-ақ Қазақ­стан Респ­уб­ликасында ҒЗТКЖ шы­ғыны­ артты.

Жиында саясаттану ғы­л­­ы­­­­мын­дағы PhD Жақсы­лық Сабитов, ака­демик Н.Д.Батпенов атын­дағы Трав­матология және орто­педия ұлттық ғылыми орта­лығы дирек­торының орынбасары, PhD Арман Батпенов, қауым­дас­­ты­­рылған профессор Серік Ораз­­ғалиев, Астана IT уни­вер­ситеті Ғылым және инновация депа­р­­таментінің директоры, PhD Нұрхат Жакиев, «Ғылым қоры» АҚ бас­қар­ма төрағасының орынбасары, PhD Алия Сем­баева жас­тарды ғылымға ша­қыру мағынасында баяндама жа­сап, жас ғалымдарға арналған мем­лекеттік қолдаудың шараларын, түрлері мен жолдары жөнінде кеңінен тарқатты.

Саммит барысында «Жас ғалым­­дардың тәжірибесі: мүм­кін­діктері мен болашағы» тақы­ры­бында сессия өтті. Баян­­дамашылар түрлі ғылыми сала­дағы жетістіктері мен ғылыми жобаларымен бөлісті. Тал­қылау Қазақстанның ғылы­ми қоғамдастығындағы жас ғалым­дардың мүмкіндіктері мен бола­ша­ғын анықтауға, сондай-ақ ел жастарының ғылыми қыз­метін одан әрі дамыту жолдарын іздеуге бағытталған.