Кәсіпкер • 17 Сәуір, 2024

Құс өсірген құрбылар

73 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кәсіптің көзін жұдырықтай құстан тапқан қос құрбы өнімді еңбек етіп келеді. Жұмысын былтыр ғана бастағанымен, бөдене басын 1 500-ге жеткізген. Жұмыртқасы мен етіне деген сұраныс та жоғары деседі.

Құс өсірген құрбылар

Әрі көрші, әрі құрбы Аяу­лым Бақытқызы мен Нағима Тоқтар­бекқызы Сауыр-Сайқан­ның бөктерінде бөдене өсіруді қолға алған. Бас бармақтай ғана бөдене жұмыртқасымен өз аудан­да­ры­нан бөлек, өзге аудандар­ды да қамтамасыз етіп отыр. «ALTYNZER EKO ferma» деп атала­­тын шағын шаруашылықта шү­пір­­леп 1 500 бас бөдене өсіп жатыр.

– Бұл кәсіпті былтыр бас­тадық. Құстардың 1000 басы – жұмыртқа бағытында болса, 500-і – ет бағытында. Жұмыртқа мен етіне сұраныс өте жоғары. Тұрақты тұтынушыларымыз да бар, – дейді кәсіпкер Нағима Тоқтарбекқызы.

см

Бөдене шаруашылығы Шы­ғыс Қазақ­станда енді ғана етек жайып келеді. Оның бірден-бір себебі, күннің суықтығы мен қардың қалыңдығы, қыстың ұзақтығы деседі құстың қыр-сырын зерттеген кәсіпкерлер. Бөденеден тұ­рақты өнім алу үшін темпера­тура бір қалыпты болуға тиіс. Ұзақ қыста қора­жай­ды жылы ұстау кәсіп ие­ле­ріне оңай емес. Десе де, бас­та­ған кәсіпті дөңгеле­тіп отыр. Зай­сан қаласы газбен қам­­тылған­дықтан, күн са­йын гүріл­детіп от жағып, әуре болмайды.

– Бөдене де тауық секілді, жы­лы жерді жақсы көреді. Суық­та жұмырт­қаламайды. Тұрақты температура 15-20 градус жылы болуы керек. Шағын фермамыз газбен жылиды. Әйтпесе, көмір жеткізу біз үшін қымбат. Оның үстіне, үнемі от жағып отыру әуре. Ал газ бағасы тиімді. Жұ­­мыртқаларды инкубатормен басып шығарамыз. 15-18 күн­де балапан жарып шығады. Жемін, суын беріп күтсе, 40 күн­де жұмыртқалайтын болады. Бір бөдене күніне 30 грамм жем жейді. Кү­ніне бір жұмыртқа туады. Тиімді емес пе? – дейді кәсіпкер ару.

«Шығын шықпай, кіріс кір­мейді» демеуші ме еді? Айт­қандай, кәсіпті алғаш ашқан­да Аяулым Бақытқызы тұ­рып жатқан үйін фермаға айнал­дырған. Басқа ыңғайлы орын болмағандықтан, құрбы­лардың бірі баспанадан бас тартқан. Кәсіпті әуелде әлеуметтік желі­ден көріп бастаған. Нағима Тоқтарбек­қызының бастаған кәсібіне қолдау көрсет­кен жолдасы құстарды қамайтын торлы қоршау жасап берген. Алғашында азды-көпті қаражат салған. Кәсіптерін кеңейтуді де жоспарлап отыр.

– Көпшілік біле бермейтін шығар, бөдененің еті мен жұ­мырт­қасы мың да бір ауруға ем. Бір ерекшелігі, бөдене еш­­қандай құс тұмауымен ауыр­майды. Алдағы уақытта осы кәсі­бімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді Аяулым Бақыт­қызы.

Рас, емдік қасиеті мол болмаса, жапон­дықтар күнделікті таңертең бөдене жұмыртқасын тұтынбас еді. Оның үстіне бұл адам ағзасындағы радиациялық заттарды шығарады.

Құс баққан құрбылардың айтуынша, бөденеге арнайы жемі беріледі. Тауыққа шашып жүрген бидай жарай бермейді. Тез көбейетін жұдырықтай құс­тың салмағы 200 грамнан аспайды.

Жоспар демекші, кәсіптерін кеңейту үшін құстың санын арттырып қана қой­май, Аяулым мен Нағима енді бөдене етін тұздап, маринадтауды, жұ­мырт­қасынан табиғи майонез жасау­ды қолға алмақ. Қыл аяғы құстардың саңғырығын да далаға тастамайды. Оған шылаушын құрттарын жіберіп, табиғи тыңайтқышқа айналдыруды ойлас­тырып жүр. Айтпақшы, Зайсан қаласында құрт өсіріп, пайда тауып отырған кәсіпкер де бар...

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан қаласы