Аймақтар • 17 Сәуір, 2024

Үшқарасуға қайық келді

15 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Жарқайың ауданындағы қызыл судың жолында қалған Үшқарасу ауы­лында қалыптасқан жағдайды өзі жіті бақылап отыр.

Үшқарасуға қайық келді

Фото: aqmolanews.kz

Есіл өзені тасып, ауылға тартылған электр желісінің бағана­ла­ры құлап, ауылға баратын жолды да су шайып кеткен еді. Алайда ауыл халқы азық-түліктен, ауызсудан, дәрі-дәрмектен зәру­шілік көрген емес. Кеше осы Үшқарасу ауылына тағы да қайық келді. Сол қайық­пен ауызсу, азық-түлік, есепте тұрған түрлі сырқаттарға, бала­ларға қажетті дәрі-дәрмек, тіпті зейнеткерлердің зейнет­ақы­лары да осы қайықпен жеткізілді. Қайықшы құтқарушылар ертең де келеміз деп кетті.

Жалпы, бұл ауыл жалғыз биыл ғана су жолында қалып отыр­ған жоқ. Қар қалың түскен жылдары су жолында қалып қоятыны бар. Биыл да солай болды. Қардың қалың түскендігінен Үшқарасу ауылының іргесінен өтетін Есіл арнасынан шығып, ауылға қаты­най­тын жолдың бір бөлігін алып кетті. Электр желілері де құлады. Осы себепті ауылға жол қатынасы болмай қалды. Қауіп­сіздік үшін электр қуатын ағытып тастауға тура келді. Облыс әкімі Марат Ахметжанов судың беті қайтысымен бірден жолды және құлаған электр бағаналарын қалпына келтіруді тапсырды және осы мәселені күн сайын өз бақылауына алды.

Қазір судың беті қайта бастады. Жағдай қалыпқа келер күн де алыс емес, Үшқарасу ауылының тұрғындары азық-түліксіз, ауызсусыз қалып отыр деген ақпарат та тарап кетті.

Ауыл әкімі Арыстанбековтің айтуынша бірде-бір ауыл тұр­ғыны осы күнге дейін «нанымыз жоқ, суымыз жоқ» деп шағым айтпағандығын алға тартады. Бұл әңгімені қоздырып жүргендер Үшқарасуда сауда дүкендерінің иелері екен. Олар жолдың уақытша жоқтығынан өздерінің сауда орындарының сөрелері азық-түліктен бос қалған соң, ауыл халқының дастарқаны да бос қалғандай сезінгендері анық. Алайда ауылдың аты ауыл емес пе? Әр үйдің қорындағы жан азығы мен қорасындағы мал азығы әзірге түгесілген емес.

Үшқарасуға керек дейтін азық-түлік, ауызсу, дәрі-дәрмек алып қайық келді. Ол қайық жағдай қалыпқа келгенше қатынап тұра­тын болады. Бұрын-соңды болмаған қызыл су жүргелі қарап жатқан жан баласы қалған жоқ десе де болғандай.

Табиғаттың осы бір сынға салған сәтінде ел болып, зардап шеккендерге Ақмола облысы бойынша қолдау да, көмек те көрсетіліп жатыр. Шыққан шығындар өтеле бастады. Қараөткел мен Көкшетаудың өзен-көлдері арнасына тола бас­тағандай. Халықтың сенімі де, көңіл-күйлері де сабырдың арнасында.

 

Жабал Ерғалиев,

жазушы

 

Ақмола облысы