Жәдігер • 18 Сәуір, 2024

Қола қанжар

28 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2018 жылдары Барқытбелдің баурайындағы жазиралы жазықта археолог Зейнолла Сама­шевтің басшылығымен қазба жұмыс­тары жүргізілген. Елеке сазының ерекшелігі сол, мұндағы обалардан өзге өңірлерде кездеспейтін құнды жәдігерлер табылған. Соның бірі – алтын қынды оюлы қанжар.

Қола қанжар

Қоладан жасалған қанжардың қыны алтынмен апталғанымен, ішкі бөлігі үстіріктелген жұқа ағаш. Тақтайшаның өзі төрт бөліктен құралған. Сыртқы қаптамасы ұсақ алтын моншақтармен көмкеріле отырып, оюланған. Бірнеше жерден көгілдір түсті тастармен безендірілген. Қанжардың жоғарғы жағында белдікке бекітетін тесігі бар. Ол бөлігі де ерекше талғаммен көбелек тәрізді етіп жасалған. Жануарлардың символикалық белгілеріне зер салсаңыз, үш еліктің суреті орналасқан. Контур бойымен қарасаңыз, астыңғы жағында жыртқыш аң бейнеленген. Мұнда тұяқты жануарлардың екеуін артқа бұрып, аяқтарын сәл бүге бедерлепті. Жалпы, жануарлар дәстүрлі спираль тәрізді белгілермен бейнеленген.

Айта кетерлігі, алтын әшекейленген тақ­тай­шалар қынның ал­дыңғы бөлігін ғана қаптайды. Ал арт­қы жағын­дағы ағаш тақ­тай­ша беті был­­ға­рымен қап­­тал­ған кө­рі­не­ді.

Құйылған қола қанжар­дың бұйра тұт­қасы, көлденең қимасы тік­бұрышты, сәл дөңгеленген беттері бар. Саптың екі жағында мүйізді төрт муфлон бейнеленген. Саптың бас жағы мысық тұқымдас жыртқыштың екі басы түрінде жасалған. Тұмсықтары қарама-қарсы бағытта. Бастардың морфологиялық белгілеріне сүйенген зерттеушілер барыстың басына сәйкес келеді деп болжаған.

Жалпы, қанжардың ұзындығы – 29,4 сантиметр болса, жүзі –19,1 сантиметр.