Спорт • 19 Сәуір, 2024

Елдос па, әлде Нұрқанат па?

42 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

20-22 сәуір аралығында дзюдодан Гонконгта жалауы желбірей­тін ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақ­станның дзюдошылары қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі. Аталған жарыста ел намысын 19 балуан қорғайды.

Елдос па, әлде Нұрқанат па?

Аса жеңіл салмақта Елдос Сме­тов пен Нұрқанат Серік­баев­қа сенім артылып отыр. Екі Олим­пиада (1 күміс, 1 қола) мен үш әлем чемпионатында (1 ал­тын, 2 қола) жеңіс тұғырына кө­те­ріліп, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінде бас жүл­дені олжалаған Елдостың қазіргі қар­қыны қуантарлық емес. Биыл күзде 32 жасқа толғалы отыр­ған даңқты дзюдошы қандай жа­рысқа қатысса да, үнемі же­ңіліс тауып жатыр. Бұл жағдай жан­күйерлерді алаңдатып отыр. Шы­­ны керек, Сме­товке қа­рағанда Серік­баев­­тың қар­қыны әл­деқайда жақ­сы. Таяуда Тби­ли­сидегі «Grand Slam» тур­нирінде топ жар­ған­нан кейін 21 жастағы жер­лесіміз әлемдік рейтингте бірден алты сатыға жо­ға­рылады. Қазіргі кезде Нұрқанат IJF тізімінде 17-орында тұрса, Ел­дос 26-орынды қанағат тұтып тұр. Біздің пайымдауымызша, ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов жоғарыда есімдері аталған қос балуанның қайсысы мықты екенін анықтау үшін екеуін де осы аламанға қосуды құп көрді.

см

66 кг салмақтың серкесі Ғұсман Қырғызбаевтың өз жанкүйерлерін қуанта алмай жүргеніне біраз уақыт болды. 2021 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған қан­да­сымыздың соңғы қомақты табысы – 2022 жылғы Азия біріншілігінің қоласы мен былтыр Астанада өткен «Grand Slam» додасының күмісі. Бұл күндері ол үздіктер рейтингінде 19-орынға тұрақтады. Ғұсманмен бірге бұл жарыста жастар буынының өкілі Жанарыс Ахметқали күреседі.

73 кг сал­мақ дәреже­сінде Данияр Шам­­шаев пен Асқар Нарқұлов ше­берлік бай­қасады. Азия чем­пионы деген ата­ғы бар Да­нияр IJF рей­тин­гінде 13-орында тұр­са, Асқар 65-сатыға табан тіреді. 81 және 100 кг салмақтарда Абылайхан Жұ­баназар мен Нұрлыхан Шар­хан күш сынасады. Екеуі де түрлі халықаралық турнирлерде ара-тұра жүлде алып жүр. Бүгінгі таңда Абы­лайхан рейтингте 16-орынға тұ­рақтаса, Нұрлыхан одан бір саты төмен тұр. Ал Ерасыл Қажыбаев алыптармен ай­­қасады. Түйе балуанымыз мық­тылар тізімінде 35-сатыға орналасты.

Әйелдер арасындағы аса жеңіл салмақтың жүлдесі үшін Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тыңбаева таласады. Алғашқысының атағы алысқа жайылған. Әбиба дүбірлі додаларда үнемі олжаға ке­неліп жүр. Кей кездері Ға­лия да өрелі өнерімен көзге түсіп келеді. Өзге сал­мақ дәрежелерінде Ба­қыт Құсақбаева (57 кг), Ес­мигүл Куюлова (63 кг), Ека­терина Токарева (70 кг), Мар­гарита Гриценко мен Аруна Жанкелдина (78 кг) және Кәмила Берліқаш пен Ақерке Рамазанова (+78 кг) сайысқа түседі.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы Азия чемпионаты былтыр тамыз айында Астанада өткен еді. Бұл жарыста 1 алтын, 2 күміс және 6 қола медаль иеленген отандық дзюдошылар жалпы командалық есепте Өз­бекстанмен бірге үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісті. Алдымызда – Жапония (10+3+0) мен Моңғолия (2+1+5). Елордада Қазақстан құрама командасының мүшелері арасында жалғыз ғана Данияр Шамшаев дараланды. 73 кг сал­мақта белдескен дарынды жас барлық қарсыласының аяғын көктен келтіріп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Финалда жапониялық Вакана Когаға есе жіберген Әбиба Әбужақынова (48 кг) және БАӘ-нің өкілі Жафар Костоевтан жеңілген Ислам Бозбаев (100 кг) күміспен күптелді. Ал Мағжан Шамшадин (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Дидар Хамза (90 кг), Нұрлыхан Шархан (100) және Аруна Жанкелдина (78 кг) қола медальді мойындарына ілді. Жерлестеріміз тағы бір жүлдені аралас командалық бәсекеде жеңіп алды.