Өндіріс • 19 Сәуір, 2024

Балмұздағы бал татиды

27 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көкшетаудағы «Гормолзавод» жауап­кершілігі шектеулі се­ріктестігі – өнім­дерінің са­пасымен тұтыну­шы­ларының сеніміне кір­ген кәсіпорын. Серік­тестік өнімдері ел дас­тарқанының берекесін адал аспен келтіріп отыр. Ас болғанда қандай, дә­мін татқан адам сауда сө­релерінде сыңсыған азық-түліктің арасынан осы өнімді іздер еді.

Балмұздағы бал татиды

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Уақыт өткен сайын замана талабына сай өнім түрін кө­бейтіп, мәзірін байытып, ілкім­­ді ізденіспен келе жатқан кәсіпорынның тарихы әріден бас­талады. Сонау 1965 жылы пайдалануға берілген. Одан бері бірнеше мәрте жаң­ғыруды басынан кешірді. Атауы өзгергенімен, мақсат-мұраты бастапқы арнаны кеңейтіп, барынша байытып, тұтынушы талабын зерделей зерттеп, алға ұмтылумен келеді. Ерек­шелігі сол, серіктестік таби­ғи таза өнім өндіру арқылы жа­сандылықтан арылмақ.

имть

Өтпелі кезеңде біршама қиындықты басынан кешті. Бір­­қатар кәсіпорын бұрынғы қалып­тасқан экономикалық бай­ланыс үзілгеннен кейін тұра­лап қалғаны да бар. Сол кезде осы кәсіпорынның директоры қызметін атқарған қалалық мәслихаттың депутаты Дулат Жақсылықовтың өндіріс орнын қаржылық қыспақтан аман алып қалған ерен еңбегін айту парыз. Қазір 318 адам еңбек етсе, сол кезде де көптеген қала тұр­ғыны қалалық сүт зауытында жұмыс істеп, отбасын асырады. Қалалық мәслихатта әріп­тес болғандықтан, жағдайын жақ­сы білетін едік. Дулат аға кә­сіп­­о­рынды сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмыл­дырды. Есесіне, қиын уақытта зауыт жұ­мысшылары жұмыссыз қалған жоқ. Сөйтіп жүріп, мә­дениет пен өнерге жанашыр болып, қолдау-көмегін көрсетті. Сөз арасында өмірден ерте өткен іс­кер жанның елге деген жана­шыр­лығын айтпасақ, обал болар еді. Сол кездің өзінде кә­сіп­­орын басшысының арман-мұ­раты халықты табиғи өніммен қамтамасыз ету еді.

Облыс орталығындағы азық-түлік дүкендерінің сөрелерінде жасанды өнім сыңсып тұр. Алыс-жақын шетелден жеткізілгендері де бар. Әрине, дені ұнтақ сүт. Халықтың пікірінше, дүкен сатушыларына ұнтақтан сатылған сүт тиімді. Айлап тұрса да ірі­мейді. Ал табиғи, таза сүт ұзақ мер­зімге шыдамаса керек. Өнім­дерінің дүкен сөресінде жатып қалмайтындығына бек сенімді кәсіпорын тұтынушылар көңілін табиғи өніммен жаулап келеді. Олар сүт, айран, сары май, ірім­шік өндіреді. Оған қоса бұл күнде көзден бұл-бұл ұшқан құрт, қос­па тәрізді ұлттық өнімдер де бар.

ит

– Ертеректе мал сүмесімен күн көрген малсақ қауым сүт өнім­дерін кәдеге жарататын, – дейді Бә­тима әжей Ырысбекова. – Әттең сол дәстүр үзіліп қалды. Қазір ауыл­ға барсаң қолдың са­ры майын емге таба ал­майсың. Ілкі заман­дағы қа­рынға салған майдың дәмі қандай еді? Құрт­тың неше түрін да­йындай­тын. Сықпа құрт, малта, ежі­гей дей­сіз бе? Соңғы жылдары Көк­­шетаудың сүт зауыты қазақ­тың ежелгі дастарқан дәмін жаң­ғыртып, көпшіліктің көңілінен шығып отыр.

2020 жылы серіктестік өз тауарлары арқылы жергілікті сауда әлеміне соны жаңалық әкелді. Кәсіпорынның сүт өнімдері жаңа технологиялық құрылғы ар­қылы дайындала бастады. Сапа да күрт артты, саудасы да жү­ріп берді.

– Қазір бәсекелестік өте күш­ті, – дейді серіктестік дирек­торы Ерсайын Жақсылықов. – Кә­сіп­орынның мүмкіндігін арт­тырып, замана талабына сай же­тілдіріп отыру шарт. Бұл та­­­раптан қазір айтарлықтай қи­­­ын­­дық жоқ. Ең бастысы, ши­кі­­зат­пен қамтамасыз ету. Көп­ші­лікке белгілі сүт жаз айларында мол болғанымен, қыста күрт азая­ды. Сол себепті Зеренді ауда­нында сауын сиыр ұстап, шикіз­аттың үзілмеуін, жылдың қай мау­сы­мында болсын жеткі­лікті мөлшерде жеткізіліп тұ­­руын қам­тамасыз етуді ойлас­тырудамыз.

Өнім сапасы өз алдына, сүт зауытының халықтан сүтті ла­йықты бағамен сатып алуы өңір­­дегі әлеуметтік-тұрмыстық жағ­­дайды жақсартуға септігін тигізетін дүние. Бір әттеген-айы шал­ғайдағы шағын ауылдардағы малсақ қауым дәл осындай табыс әкелетін игілікті көре алмай отыр. Әнебір жылдары құрыл­ған кооперативтердің жұмысы аяқсыз қалды.

–Егер бір өңірде қанаттаса қонған төрт-бес ауылдағы ағар­ғанды бір жерге жинап, тоң­а­зытқышқа қойып, таңғы сауын­мен кешкі сауынды қосып тасымалдаса, сүттің өзіндік құны арзандар еді. Өйткені тасымалдау қаражаты үнемделеді ғой, – дейді ел ағасы Серік Тасымов. – Сонда ауыл­дағы ағайын бейнетін көп көр­ген малының зейнетін де көрер еді.

Ақсақалдың уәжі өте орынды. Тақырыпқа тікелей қатысы болмаса да ауылға қатысы болған соң айта кететін бір мәселе осы. Егер осы шаруаны мықтап қолға алса, бүгін сауда сөрелерін жайлап кеткен алыс-жақын шетелдің өнімдеріне тосқауыл қойылып, бәсе­келестік туындар еді. Өз өні­мі­мізді игеру арқылы мал ша­руа­шылығына да тың серпін беріл­мей ме?

Кәсіпорындағы жаңа желі сүт өнімдерінің түрін молайту арқылы ел дастарқанын ба­йыта түсті. Астананы азық-түлік­­пен қамту белдеуінде орна­ласқандықтан да сапалы әрі дәмді сүт өнімдері жал­ғыз облыс ор­талығында ғана емес, елор­даның сауда сөрелерінде де сатылып жатыр. Қазір әдеттегі сүт, айран, ірімшік, сары майға қоса, балқытылған сыр, йогурттың түр-түрі, балмұздақ тәрізді та­ғамдар сатылады. Осы арада Көк­­шенің балмұздағының атағы жер жарып тұр­ғандығын ерек­ше айтуға болады. Бурабай бау­райындағы демалушылар да, елорда тұрғындары да Көк­ше­таудың бал­­мұздағы десе, балға үймелеген ара­дай қау­ма­лай­тыны бар. Мұның бар­­лығы өз ісіне мұқият кәсіпорын ұжы­­мының сапаға ден қойған­дығынан.

Биыл мұздатылған жеміс-жидектің екі түрін, экзотикалық манго, маракуйя, мохито өн­дірмек. Хош иісті, дәмді өнімдер тұтынушылар тарапынан ла­йықты бағасын алатыны сөзсіз.

 

КӨКШЕТАУ