Қоғам • 19 Сәуір, 2024

10 миллион теңге кімге бұйырады?

163 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көктем шуағы төгіле үйдің айналасын тазалап, бұлақ көзін ашу – байырғы бабаларымыздан келе жатқан әдет. Осынау игі дәстүрдің жалғасы іспетті елімізде «Таза Қазақстан» атты экологиялық акция басталған. Бұрынғыдай сенбідегі сенбілік қана емес, жер-жерлерде тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр.

10 миллион теңге кімге бұйырады?

Биылғы тазалық жұ­мыстары бір аптамен ғана шектелмейді, екі ай көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын таппақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшыла­рына аумақтарды тазарту, абаттандыру, көгалдандыру жөнінде тапсырма берген. Сондай-ақ жол­дарды ретке келтіру ке­рек­тігі де айтылған. Бұдан былай жол бойындағы демалыс орын­дарының жағдайы әкімдердің жұмысынан хабар беріп тұратын бағалау параметріне айналады. Сөйтіп, су тасқыны айналып өткен өңір басшылары Президент тапсырмасын құп алып, білек сыбана іске кіріскен. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар.

Өңірде өткізіліп жатқан сен­білік туралы облыстық энер­гетика және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық басқар­ма­сының басшысы Нұрлан Рамазанов айтып берді.

– Аталған акцияға еліміздің әрбір өңірі қосылды. Науқанның алғашқы күнінен 13 сəуірге дейін созылатын бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Яғни бір апта ішінде тұрғындар, қоғам бел­сенділері, ұйымдар мен кəсіп­орындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды қоқыстан тазартуы керек. Алғашқы күннен бастап үш күн ішінде экологиялық акцияға 20 мыңнан аса адам қатысып, 27 техника жұмылдырылды. Тұрғын үй аулаларынан 7 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Өңір тұрғындарынан акцияға белсене қатысып, өз аулаларыңызды тазартуды сұраймыз, – деді Н.Ра­мазанов.

Осылайш, акция аясында 82 мың тұрғын үй ауласы мен 89 мың жеке үй ауласына тазалық жүргізілмек. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы әр аптаға бөлініп, арнайы тақырыптар бойынша атқарылады. Алғашқы апта «Таза өлке» атауымен өтіп, тұрғындар, ұйымдар мен кәсіпорындар өз аумақ­тарын тазалады. Ал 20-27 сәуір аралығындағы екінші апта «Киелі мекен» деп аталады. Бұл күндері тарихи-мәдени ескерт­кіштердің аумағын тазалау, көшет егу жұмыстары қолға алынбақ. 27 сәуір мен 4 ма­мырға дейін «Жасыл аймақ» күн­дері өткізіледі. Бұл аптада тұрғын­дар көшет егіп, аймақты көгал­дандыруға барынша атсалысады. Ал 4-11 мамыр аралығындағы күндер «Өнегелі ұрпақ» деп аталады. Бұл күні ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалау жұмыстары қолға алынады.

Сонымен қатар 11-18 мамыр аралығында «Мөлдір бұлақ» күні өтеді. Бұл аптада өзендер мен көлдердің айналасын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, тұрғындар табиғат­тың да жаңаруына үлкен үлесін қоса­ды. Ең бастысы, құр акция емес, өнімді, нәтижелі жұмыс атқа­рылмақ.

Айтқандай, кейбір аудан әкім­дігі ең таза аула иелеріне ар­найы марапаттары барын да айтты. Тарбағатай ауданы әкімдігі «Таза Қазақстан» экологиялық акция соңында ең таза ауылға 10 млн теңге сыйақы беретінін хабар­лаған. Нақтырақ айтқанда, аудан басшылығы тазалық акциясы қорытындысында «Ең таза ауыл», «Ең таза көше», «Ең үлгілі аула» аталымдары бойынша марапаттау туралы шешім қабылдаған.

«Ауылдық округ әкімдеріне ауыл тұрғындарын және ерікті жастарды ұйымдастыра отырып «Таза Қазақстан» республикалық тазалық акциясы аясында елді мекендерді, көшелерді, сая­бақтар мен алаңдарды, жайы­лымдарды, өзен-көлдердің жа­ғалауына сенбіліктер ұйым­дастыру, таза­лық жұмыстарын жүр­гізу туралы тапсырма бе­рілді. Яғни тұрғын үйлердің сырт­қы қақпалары мен қоршау­лары әдемі әрі түзу орнатылып, сырланған, үйлердің қасбеті әктелген, арықтардың жиегі түзу тартылған, көшелері тазаланып сыпырылған, көше­лерде күл-қоқыстар жатпаған, ағаштардың түбі әктеліп, гүлдер отыр­ғызылған ауылдардың 10 млн теңге ұтып алып, ол қа­ра­­­жатты ауылдың ажарын ай­шық­тап, абаттандыруға жұм­сау­ға мүмкіндіктері бар», деп жаз­ды Тарбағатай ауданы әкім­дігі әлеуметтік желідегі парақ­шасында.

Сонымен қатар Зайсан ауданы да экологиялық акция аясында үздіктерді марапаттай­тынын хабарлады. Аудан әкімдігі әр тұр­ғынды «Таза Зайсан – таза табиғат» акциясына жауапкер­шілікпен қарап, бір кісідей қа­тысуға шақырды.

Үздіктер жыл соңында аула сыртын гүлмен көмкеріп, көпке үлгі болғандар «Үлгілі үй», «Үл­гі­лі мекеме», «Үлгілі көше», «Үл­­гі­лі мектеп», «Үлгілі ауыл» ата­­лымдары бойынша арнайы жүл­делермен марапатталмақ.

«Шығыстың алтын қақпасы атанған Зайсан жерінің таза­лығын сақтау – баршамыздың міндетіміз. Экологияны, таби­ғатты таза ұстауға, сақтауға ар­нал­ған бастамалар жыл са­йынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы керек. Көрікті атамекеніміз Зайсан өңірі – ежелден қойнауы құтқа, өрісі малға толы, берекелі, мерекелі жер. Зайсан ауданы жылдан-жылға көркейіп, дамып, гүлденіп келеді. Ауданымыздың таза, көрікті болғаны – баршамызға ортақ мақтаныш. Әр тұрғынның аудан тазалығына, гүлденіп, көркеюіне қосатын үлесі орасан. Сондықтан аудан тұрғындарын, кәсіпкерлерді, меншік нысанына қарамастан мекеме, кәсіп­орын, ұйымдар мен ұжым қызмет­керлерін тазалық жұмыс­тарын жасауға, белсенді қатысуға шақы­рамыз», деп үндеу жасады Зайсан аудан әкімдігі тұрғындарға.

Әр аудан, әр көше, әр үйдің тұрғындары табиғатты таза ұс­тауға үндейтін акцияға атсалысып жатса, елімізде тазалық ор­­найтыны сөзсіз. Өзі жүретін жерді ластамайтын, қоқысты албаты тастамайтын, мәдениетті, саналы азаматтар қатары көбейеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы