Қоғам • 19 Сәуір, 2024

Қайталанбас Қаңлы жазбалары

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Түркістан облысынан табылған Қаңлы жазбасы орындалу форматы тұрғысынан қазақ тарихын жазба мәдениеті қалыптасқан ежелгі өркениеттермен теңестіреді» дейді археолог Александр Подушкин.

Қайталанбас Қаңлы жазбалары

Археолог ғалым Алек­сандр Николаевич бұл туралы «Көне Түр­кіс­­танның құпиясы» атты дәрі­сінде баяндады. Орталық Еура­зияның ежелгі өркениеттер жүйе­сінде Қаңлы мемлекетінің ат­қар­ған рөліне арналған дәрісті Түркістан қаласында «Qalam» біліми-ғылыми көптұғырлы жобасы ұйымдастырды.

Қаңлы арыс (прото-соғды) жазбасының айғақтары Күлтөбе қаласының орнынан (Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылы) қыш тақта-кестелер түрінде табылған болатын. Археологиялық және нумизматикалық материалдар бойынша бұл тақтайшалар біздің заманымызға дейінгі I ғасыр мен біздің заманның I ғасыр аралығында жасалған.

сми

«Бұл – әлемдік деңгейдегі жаңалық. Орталық Еуразия аумағында тақтайшалар­ға балама жоқ. Қазақстан, Ре­сей, Ұлыбритания, Израиль, Фран­цияның беделді па­лео­лингвистері зерттеу ба­ры­сын­да онда қандай жазу келті­­рілгені туралы бірнеше нұсқа келтірді. Зерттеу нәтижесі тақ­тай­ша­лардағы жазудың жол болып жазылғанын, арамей әліпбиімен берілгенін көрсетті. Ежелгі иран тілінің шығыс диалектілерінің бірі анықталды, оны Қаңлы мемлекетіне тән бөлек көрсетуге болады», деп мәлімдеді археолог.

Күлтөбе мәтіндері (жалпы саны – 30) біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларындағы Орталық Азияға қатысты саяси, әлеуметтік және тарихи-мәдени сипаттағы маңызды ақпаратты қамтитынын айтады археолог. Тақтайшаларда ежелгі мемлекеттер мен ірі қала орталықтарының (Нахшеб, Самарқанд, Кеш, Шаш, Бұқара) атаулары, кісі аттары, ежелгі билеушілердің лауазымы жазылған. Сонымен қатар әлеуметтік терминдер («шатыр адамдары» – көшпелілер); мемлекеттік терминдер («асыл заттар» – қазына); қоғамдық жұмыстар («қаланың негізін қалау, қала салу»); династиялық және туыстық терминдер («ұл»); қызметтік сөздер, ай­мақтық масштабтағы тарихи оқиғаларды атау және жергілікті билеушілердің іс-әрекеті, тағы басқалары кездеседі. Қаңлы мемлекетінің жоғарғы табы мемлекеттік деңгейде жазуды меңгерген.

Профессор Подушкин қай­­таланбас жазбалар қазақ мә­дениетінің Орталық Азия­ның тарихи-мәдени мұрасына қосқан ұлы үлесінің дә­лелі деп санайды: «Жо­ғары деңгейлі өрке­ниет­тің көрінісі және мем­лекеттіліктің айрықша бел­гісі ретінде Қаңлы жазбасы Қазақстанның қазіргі ғылыми және азаматтық қоғамы үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Бұл жәдігер қазақ ата-баба­ларының төл мұрасы және ежелгі салт-дәстүрі қаншалықты бай әрі үлкен екенін анық көрсетеді. Бізге оны мемлекет және халықара­лық қауымдастық деңгейінде сақтап, насихаттау қажет. Жазба мәдениеті – адамзат қол жеткізген ең ұлы жетістік­тердің бірі екенін, әлем­де санаулы ғана ел «бұрынғы бабаларымызда жазба болған» деп айта алатынын атап өткім келеді», дейді археолог.