Қоғам • 19 Сәуір, 2024

Мемлекеттік қызмет: жастардың көзқарасы әр алуан

116 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда болған үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Мен жуырда Президенттік жас­тар кадр резервінің мүшелерімен арнайы кездестім. Сонда айтқан ойымды еліміздің барша жастарына тағы да қайталағым келеді. Қазақстанның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Көп ұзамай мемлекетті басқару ісі, яғни ел тізгіні бүгінгі жастардың қолына өтеді. Сіздер осы жауапкершілікті қазірден бастап сезінулеріңіз қажет. Өздеріңізге жүктелетін тарихи миссияны орындауға қашанда дайын болуларыңыз керек», деді.

Мемлекеттік қызмет: жастардың көзқарасы әр алуан

Ал қазіргі жастардың мем­ле­кеттік қызметке қызығу­шы­лығы қандай дәре­же­де? Бұл сауалға жауапты был­тыр­ғы «Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттік қызметтің жағдайы тура­лы» Ұлттық баяндамадан таптық. Атал­ған ресми құжатқа сүйенсек, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 90 053,  бірақ нақты саны 83 963 адам болған, яғни 6 мыңнан астам мемлекеттік қызмет орны бос тұрған. Оның көбі жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Бұған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтында жарияланған әкімшілік лауазымдардың бос орындарының тізімі айғақ.

Кейінгі жылдары мемлекеттік қыз­метшілердің орташа жасы 39–40 жас ара­лығында. Бұл ретте мемлекеттік қызметтегі жастар үлесінің төмендеу үрдісі байқалады. Нақты айтсақ, 2018 жылы жастар үлесі – 24,6 пайыз, 2019 жылы – 23 пайыз, 2020 жылы – 21,6 па­йыз, 2021 жылы – 18,1 пайыз, 2022 жылы 17,8 пайыз болған. Арнайы жүр­гізілген сауалнама көрсеткендей, мем­лекеттік қызметшілердің өз жұмы­сына ынта-ықыласына әсер ететін негізгі фактор – жалақы. Мәселен, олардың 72,2 пайызы өздерінің материалдық жағдайын орташа (басшылар – 77 пайыз, орындаушылар – 71 пайыз), 21 пайызы – орташадан төмен (басшылар – 15 пайыз, орындаушылар – 23 пайыз), 6,8 пайызы – орташадан жоғары (басшылар – 9 пайыз, орындаушылар – 6 пайыз) деп бағалаған. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет саласында жаңа жалақы жүйесі енгізілге­ніне қарамастан, сауалнамаға қатысқан мемлекеттік қызметшілердің 11,8 па­йызы ғана өз жалақысы отбасын асырау үшін жеткілікті деп санаған. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің 90 пайыздан астамы жиі несие алатын болып шықты.

Мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету де өзекті күйінде қалып отыр – шамамен 40 пайызының жеке тұрғынжайы жоқ. Соған қарамастан, олардың 87,4 пайызы «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 56-бабының 2-тармағына сәйкес өздерінің жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу құқығын пайдалана алмаған.

Мемлекеттік қызметшілердің әлеу­меттік жағдайын жақсарту үшін респон­дент­тердің 62 пайызы жалақыны жыл сайынғы инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде индекстеуді, 51,5 па­йызы сауықтыру үшін берілетін жыл сайынғы жәрдемақы мөлшерін ұлғайтуды, 45,1 пайызы тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімді жүйесін енгізуді, 31,7 па­йызы толыққанды медициналық қызмет көрсетуді, 30,9 пайызы қосымша ақылы қызметпен айналысуға рұқсат беруді ұсынған.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс өнімділігіне әсер ететін маңызды фактор­дың бірі – денсаулық жағдайы. Сауалнамаға қатысқандардың 59,7 пайызы сырқатқа шалдыққан, ал 31,4 пайызы бұл олардың кәсіби қызметімен байланысты деп санайды (соның ішінде күйзеліске ұшырау, үстеме жұмыс, компьютердің алдында ұзақ отырып жұмыс істеу және т.б.). Осы орайда мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің 79,9 пайызының жеке медициналық мекемелердің қызметіне жүгінуге мүмкіндігі жоқ, ал тегін негізде спортпен шұғылдануға мүмкіндік берілген шенеуніктердің үлесі небәрі 11,7 пайызды құраған.

Мемлекеттік қызметшілердің 36 па­йыз­­дайы жұмыс пен жеке өмірі ара­сын­дағы тепе-теңдікті сақтай алмаймыз деп есеп­тейді. 76,6 пайызы жұмыс уақыты біт­кен­нен кейін де кешіктіріледі, оның ішінде 23 пайызы мұны жиі жасауға мәжбүр. Бұған қоса, респонденттердің 77,8 пайызы үстеме жұмыс үшін өтемақы төленбейтіндігіне немесе демалыс берілмейтіндігіне шағымданған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің араласуымен 821 мемлекеттік қызметшіге қосымша демалыс сағаттары берілген және үстеме жұмысқа заңсыз тартылған шенеуніктерге 52 млн теңгеден астам сомада ақшалай өтемақы төленген.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі кейінгі кезде жас мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға ерекше назар аударып отыр. Агенттіктің барлық өңірдегі департаменттері «Жас мемлекеттік қыз­метшілер мектептерін» ашқан. 2022 жылы 30 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне Мемлекет бас­шысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 15-бабы жоғары оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс аясында уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен бітірген түлектер бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының облыс ауданының немесе облыстық маңызы бар қаланың әкімі және мәслихаты аппараттарының төменгі лауа­зымына, облыс ауданы және облыстық маңызы бар қала атқарушы органының басшылық емес лауазымына, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылық емес лауазымына орналаса алатындығы жөніндегі 6) тармақпен толықтырылған. Нәтижесінде, өткен жылдан бері жоғары оқу орындарының 124 түлегі мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданған.

Әйтсе де, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген сауалнама көрсеткендей, жас мамандарды мемлекеттік қызметке тартуда әлі де ойланарлық жайлар бар. Ең алдымен, төменгі лауазымдардағы мем­лекеттік қызметшілерге төленетін жалақы мөлшерін арттыру қажет. Мәсе­лен, ауылдық округ әкімі аппараты бас мама­нының 210 086 теңге жалақысы оның отбасын материалдық тұрғыдан қамта­масыз етуге жеткіліксіз екені анық.

Ал төменгі буындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысын өсіру үшін қажетті қаржыны мемлекеттік органдарды одан әрі оңтайландыру есебінен қарастыруға болады. Бұл ретте 2021 жылы шенеуніктер санын 15 пайызға – 9610 бірлікке (соның ішінде орталық мемлекеттік органдар – 5481 бірлікке, жергілікті атқарушы органдар – 4129 бірлікке) қысқартумен шектелу туралы шешім қабылданғаны мәлім. Алайда Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының 2022 жылы 2 маусымда берген тапсырмасына сәйкес Жергілікті атқарушы органдардың базалық құры­лымының жобасын әзірлеп, алдағы уақытта облыстық басқармалардың санын қазіргі 24-тен 20-ға дейін, ал аудандық бөлімдердің санын 12-ден 8–10-ға дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

Біздіңше, жергілікті атқарушы органдарды ғана емес, бірқатар министрліктің өңірлердегі департаменттерін де оңтай­­­ландыру қажет. Себебі орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік биліктің бір тармағы, яғни біртұтас атқарушы билік болып саналатындығына қарамастан, министр­ліктердің көпшілігі өздерінің аумақтық құрылымдарын құрып, оларға бақылау-қадағалау функциясын бергендігі шенеу­ніктер санын көбейтуден басқа нәтиже беріп отыр­ғаны шамалы сияқты. Мысал үшін, облыстық әкімдіктердің Білім басқар­ма­лары барда министрлері ауысқан сайын жаңа реформа жасалатын Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы бақылау департаменттерінің қандай қажеттілігі бар? Бұдан еліміздегі білім сапасы жақсарып кетті ме? Облыстық әкімдіктердің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, Ветеринария басқармалары бар болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекцияларының қаншалықты қажеті бар? Облыстық әкімдіктердің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары да бірін-бірі қайталайтын қызметтерді атқарып отыр емес пе? Облыстық әкімдіктердің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармалары аздай, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігінің облыстық департаменттерін құру қандай қажеттіліктен туындаған? Бұл сұрақ­тарды біз жергілікті атқарушы орган­дар­ шенеуніктерінің ауыздарынан талай естідік. Олардың айтуларынша, министрліктер департаменттерін оңтай­ландырудан ортақ іске ешқандай залал келмейді.