Құқық • 19 Сәуір, 2024

Әйел құқы басты назарда тұрады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйел құқығын қорғау және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету қоғамның дамуы үшін өте маңызды. 2017 жылы елімізде тұр­мыстық зорлық-зомбылық үшін жауап­кер­шілік әлсіз болды. Ал 2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, оған қарсы тұру турасында қызу пікірталастар жүрді.

Әйел құқы басты назарда тұрады

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени проблемасы. Заңның қабылдануы қоғамды сілкіндіріп, зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті ынталандыруға тиіс. Бұл заңнама жазалау ғана емес, ақпараттық-ағартушылық функцияларды да атқарады.

Құжатта кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жаза қатаңдатылған. Адам өлтіру, зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қолсұғушылық, жеке адамға қарсы ауыр қылмыстар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілген. Қабылданған заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, дене жарақатын салу, өзін-өзі өлтіруге итермелеу және оған ықпал ету әрекеттері қылмыстық жауапкершілік жүктейді. Кәмелетке толмағандарға қатыс­ты жасалған бұл әрекеттер үшін ұзақ мер­зім­ге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қасақана жасалған денсаулыққа зияны орташа әрекеттер үшін бас бостан­дығынан айыру мерзімі ұлғайтылды. Азаптау ісі бо­йынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жаза қарастырылған. Сондай-ақ заңда ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігін күшейтуге де баса мән берілген.

Алғаш рет заңнамалық деңгейде әйел мен баланың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарын құру үшін отбасы мәселелері бойынша 111 байланыс орталығының жұмыс істеуіне құқықтық негіз жасалғанын атап өткен жөн.

Жаңа заңның орындалуын кеңінен талқылауға бастамашылық етуіміз керек. Әр азаматтың мемлекет отбасы мүшелері арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты қолдамайтынын түсіндіру маңызды. Біз зорлық-зомбылықтың барлық түріне «жоқ» деп айтуымыз керек. Бұл мәселені назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Заңның қабылдануы қазіргі қоғамның қаншалықты кемелденгенін, зорлық-зомбылықты қабыл­дамайтынын көрсетеді.

 

Азиза ШӨЖЕЕВА,

«TechnoWomen» КеҰ басқарма төрағасы