Қоғам • 20 Сәуір, 2024

Қиындықта көрген жеңілдік

31 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қостанай облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Министр су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды қоныстандыру пункттеріне барды, сондай-ақ облыс орталығы мен Рудный қаласының бірқатар әлеуметтік нысанының қызметімен танысты.

Қиындықта көрген жеңілдік

Светлана Жақыпова алдымен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесті. Кездесу барысында су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету және Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласына қатыс­ты тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру және басқа да маңызды мәсе­лелер қаралды.

Министр одан кейін мүгедектігі бар адамдарға арналған облыстық оңалту орталығына барып, арнау­лы әлеуметтік қызмет алушылармен және мекемеге уақытша орналастырылған су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Сала басшысы су тас­қы­ны кезінде барлық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметі ерекше бақылауда екенін атап өтті.

Аталған оңалту орталығында адам тұрмысына қолайлы жағ­дай­дың бәрі ескерілген, сон­дай-ақ азаматтардың жеке қа­жеттіліктеріне сай арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер ерекше қажетті­лік­тері бар адамдардың жеке даму деңгейін арттыруға, әлеу­мет­тенуіне және қоғаммен ықпал­дасуына бағытталған.

Қазір орталықта су тасқынынан зардап шеккен 15 адам уақытша тұрып жатыр. Олардың ішінде мүгедектігі бар 4 азамат бар.

«Бұл жерде бізді жақсы күтіп алды, орталық таза, жылы әрі күніне үш рет тамақтандырады. Бәрі өте жақсы ұйымдастырылған, медициналық көмек көрсетіледі», дейді су тасқынына байланысты осында тұрып жатқан Галина Залялова.

Министр өз кезегінде ме­дицина­лық-әлеуметтік мекеме­лер­дің үздіксіз жұмыс атқаруы аса маңызды екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта республика бойынша қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 118 орталықтың бәрі штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. Министрлік бірқатар өңірде ТЖ режімі жарияланғанын ескере отырып, осы ұйымдардағы жағдайды және олардың қызметін тұрақ­ты бақылауда ұстайды. Аза­маттарымыздың қажетті арнаулы қызметтер алуын жал­ғастыру өте маңызды», деді С.Жақыпова.

Министр жұмыс сапары ба­ры­­сында Ш.Қабылбаев атын­­дағы ІІМ Қостанай Акаде­мия­­сының ғимаратында ұйым­дас­ты­рылған эвакуациялық пункт­ке барды. Мұнда 31 адам уа­қыт­ша орналастырылған. Су тасқынынан зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, күніне үш рет тамақтандырылады, сондай-ақ адамдар бірінші кезекте қажет құралдармен қамтамасыз етілген.

Бұдан кейін министр Алтын­сарин ауданындағы «Сосно­вый бор» шипажайына барды. Мұнда мүгедектігі бар адам­дар, зейнеткерлер және толық емес отбасыларды қоса алғанда, су тасқынынан зардап шеккен 23 адам уақытша тұрып жатыр.

«Біз қазір күрделі жағдайды бастан өткеріп жатырмыз. Осыған орай мемлекет табиғи су апатына қарсы күрес бойынша барлық қажетті іс-шараны қабылдады. Сондай-ақ зардап шеккендерге түрлі қолдау шарасы көрсетіліп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ТЖ режімі жарияланған қалалар мен аудандарда 5 мыңнан астам отбасына мемлекеттік орган­дар­ға жүгінусіз-ақ, автоматты түрде атаулы әлеу­меттік кө­мек тағайындады. Сондай-ақ ТЖ режімі кезеңінде балаларды қоса алғанда, 4 мыңға жуық адамның мүгедектікті қайта куә­лан­дыру мерзімдері автоматты түрде ұзартылды. Мүге­дектігі бойынша жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген топ бойынша жүзе­ге асырылады. Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, рес­публиканың 7 шипажайында су тасқынынан зардап шеккен әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтарға уақытша тұру және сауықтыру мүмкіндігі беріл­ді», деді С.Жақыпова.

Облыс әкімдігінің мәліме­тін­ше, өңірде су тасқыны кезінде 9 114 адам эвакуацияланып, 181 адам уақытша орналастыру пункт­те­рін­де қоныстанған.

 

Қостанай облысы