Экономика • 20 Сәуір, 2024

«Мағаштың» нанынан дәм татыңыз!

54 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Кәсіпкердің ең бір бақытты сәті қай кез екенін білесіз бе? Ол – өндірген тауарыңа сұраныстың күрт артқанын көру» дейді маңғыстаулық белгілі кәсіпкер Айтжан Сауғабаев.

«Мағаштың» нанынан дәм татыңыз!

1 тоннадан 20 тоннаға жеткізді

Мектеп бітірген соң сол кездегі Ле­­нин­град қаласындағы есеп-кредит техни­кумынан техник-электромеханик мамандығын алып шыққан Айтжан Сахиұлы еңбекке ерте араласты.

Ел экономикасы нарыққа бейім­деліп, кәсіпкерлік қолға алы­на бастаған елең-алаң шақта алғаш­қылардың бірі болып жеке кәсіпке тәуекел етті. Бүгінде кәсі­бін өрге домалатып, ел экономикасына үлес қосып отыр.

Айтжан Сауғабаевтың нан цехын қолға алуына Ақтауда өткен халықаралық көрмеге қойылған германиялық нан пісіретін құрал-жабдықтарды көруі әсер етті.

Көрмеге келген аппараттарды сатып алып, бір ай бойы мамандарына неміс әріптестерінің тәлім-тәжірибесін үйретті. Көп ұзамай, 1994 жылы қараша айында «Мағаш» жауапкершілігі шектеулі серіктістігінің алғашқы нан өнімдерін сатылымға шы­ғарды.

Біз жай ғана «батон» деп атайтын француз багетін пі­сіріп, қаладағы үлкен базарға орна­ластырған шағын вагонда нан саудасын жолға қойды. Сатып алушылар қаз-қатар кезекке тұрып кәсіпке жан бітірді, кеудеге үміт сыйлады. Нанның 3-4 түрінен тәулігіне 1 тонна нан пісіретін зауыт қуаттылығы уақыт өте келе 2 тоннаға артты. Алайда бұл жұмыс екпініне ресейлік пеш­тер тек бір-екі жыл шыдап, те­сіліп істен шықты. Мәскеу қа­ласында ұйымдастырылған ірі көрмеге барған Айтжан гер­маниялық құрал-жабдықтарға қызығушылық танытты.

ап

«Нанның негізі – ашытқы» дейтін немістер сұйық ашытқы дайындайтын құралдарын көр­меге шығарып тұр екен. Осы аппараттарды сатып алған «Мағаш нан» енді нан дайындау көлемін тәулігіне 10 тоннаға көтерді, артынша аталған елден су жаңа нан пісіретін пештерді сатып алып, нан пісіру көрсеткішін тәу­лігіне 20 тоннаға жеткізіп, жұмыс қарқынын арттырды.

 

Заманауи технологиялар – сапалы өнімнің кепілі

Бүгінде «MAGA-BREAD» ЖШС – Маң­ғыстаудың мақ­та­нышы, шеттен келгендерге ме­рейлене көрсете алатын кәсіп­орын. Ақтауға әр жылдары сапармен келген Мемлекет басшылары да «Мағаш нан» зауытының жұмысымен жақсы таныс. Ар­найы келіп, аралап көріп, алғысын айтып, марапатын тапсы­рып жүргені зауыт дәлізінің қа­бырғасына ілінген суреттер мен мадақтама қағаздардан көрініп тұр. Ақтауда піскен нан түрлері алыс шетелдерде өткен түрлі көрмеде таныстырылып, лайықты бағасын алып жүр.

Қазір нан, печенье, конди­терлік өнімдердің 250-ге тарта түрін, 12 түрлі макарон өнімдерін өндіріп, тәулігіне 50 тонна нан, 20 тонна макарон өнімдерін ел игілігіне ұсынып отырған «MAGA-BREAD» ЖШС-нан зауыты 300-ге тарта адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыттың өнімдері Маңғыстау облысы көлеміне то­лық таралады. Сапасына сын ай­тылып көрген емес. Зауыт ХАССП жүйесіне енген, яғни техноло­гия­лық үдерістердің сапасы дең­гейінде азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі бақыланады.

«Заман талабына сай жаб­дықтарды жаңғыртып отыру, өнім алуантүрлілігін арттыру, өнімнің сапасы мен қауіп­сіздігі – кәсіпорынның басты стра­тегиялық мақсаты және ұс­танымы. Зауытта үнемі жоғары сапалы өнім дайындау үшін жоғары дәрежедегі тәжірибелі мамандар, өз ісінің шеберлері жұмыс істейді», дейді кәсіпкер А.Сауғабаев.

Нан дайындауда Diosna, MIWE, Hatton.Kunze, Capway сынды шетелдік танымал заманауи технологиялық құралдар қол­данылады. Зауыт ауа температурасын жыл бойы қалыпты деңгейде қамтамасыз етіп тұратын «Airinotec» фирмасының жоғары сапалы желдеткіштерімен жаб­дықталған. «Eberhardt» фир­ма­сының жабдықтарымен «Кайзер» бөлкесі, «Fortuna Fritsch» фир­ма­сының құралымен «бретцель», «Tradirorm» фирмасы жабдық­та­рымен «Чиабатта» дайындалады. Нанды дайындау мен таратуға дейінгі үрдіс толықтай заманауи компьтерлік технологиямен автоматты түрде жүзеге асырылады. 2017 жылы қолданысқа берілген «Мағаш» макарон өнімдері зауытында өнімдер германиялық, италиялық заманауи құрал-жаб­дықтармен халықаралық стандартқа сай дайындалады. 100-ден астам атауға ие макарон өнім­дерін өндіру және таратуға дайындау үшін шетелдік «Diosna», «Rondo Doge», «Kaleijer», «Daub Bakery Machine» фирмаларының құралдары пайдаланы­лады.

 

Әлеуметтік жауапкершілік ұмыт қалған емес

Кәсіпкер Айтжан Сахиұлы демеушілік, қайырымдылық жасаудан тыс қалған жоқ. Нарықтық экономиканың алғашқы жылда­рындағы қиын кезеңде әр жұмыс­шыға бала санына қарай бірнеше дана нанды тегін таратса, бірнеше адамның үй, көлік алуына қолұшын берді. Отпан таудағы та­рихи-мәдени кешен жұмысына 1 миллион теңге аударғаны да атап өтуге тұрарлық іс. 2023 жылы Ақ­тау қаласының 55 жылдығына орай өз қаржысына қаладағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің алдына Абай ақынның алып ескерткішін орнатты.

Кәсіпкердің орындасам деп құлшынып отырған арманы мен мақсаты аз емес. Дегенмен қа­зіргі биігінің өзі – мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.

 

Маңғыстау облысы