Қоғам • 20 Сәуір, 2024

Ағайынның қадірі қиындықта білінеді

129 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қауіптің беті қайтып, біраздан бері су тасқынының зардаптарымен күресіп жатқан Қостанай облысына алыс-жақындағы ағайынның ыстық ықыласымен ағылып келіп жатқан гуманитарлық көмектің легі әлі толастаған жоқ. Мысалы, өңірде жұмыс істеп жатқан тасқын судан зардап шеккен халыққа керек дүниелерді тарату орталықтары бүгінге дейін 1 700 тоннаға жуық гуманитарлық көмек қабылдап алған.

Ағайынның қадірі қиындықта білінеді

Қостанайдағы гуманитарлық көмек орталықтарының бірі «Әуежай» шағын ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің спорт залына орналасқан. Аталған орталыққа арнайы барып қайттық. Біз келгенде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің оқытушылары мен студенттері Алматы менеджмент университеті жіберген гуманитарлық көмекті түсіріп жатты.

«Алматыдағы әріптестеріміз алдын ала хабарласып, көлікті күтіп алып, жүкті түсірісіп жіберсеңіздер екен деген соң, волонтер студенттермен бірге осында келіп қалдық. 10 тонна жүкті «Қазлогистик» серіктестігі сонау Алматыдан тегін жеткізіп берді. Жартысын осында түсіреміз, қалғанын Ақтөбеге апарып береді. Бізге көбіне электр генераторлары, азық-түлік, киім-кешек, резеңке етік керек. Бұл келген гуманитарлық көмек Алматы менеджмент университетінің оқытушылары мен профессорларының, жалпы қала, облыс тұрғындарының күшімен жиналған. Мысалы, Кеген ауданы сұйық май жіберген», деді А.Байтұрсынұлы университеті тарих кафедрасының меңгерушісі Рауан Байдалы.

Волонтерлер жүкті түсіріп бола бергенде Қостанайға келіп жатқан гуманитарлық көмекті қабылдап, оны әрі қарай таратуға жауапты болып бекітілген облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев те келді. Жангелдин ауданына электр генераторларын тиеп жіберу керек екен. Ринат Зәкиұлы орталық басшысының есебін тыңдап, Торғайға жіберілетін жүктің көлемін нақтылап болған соң, гуманитарлық көмектің қалай таратылып жатқанын айтып берді.

«Алдымен су тасқыны болған аудандардан өтінім қабылдаймыз. Бізге хабарласып «не керек, қандай зат әкелген дұрыс?» деп сұраған басқа өңірлерге біз аудандардан түскен сұранысқа сәйкес керек дүниелердің тізімін береміз. Мысалы, қазір біршама ауылда электр жарығы жоқ, сондықтан хабарласқан адамдарға бізге автономды генераторлар керек еді деп жатырмыз. Келген генераторларды бірден жарықсыз отырған елді мекендерге жөнелтеміз. Қазір өздеріңіз көріп тұрған жүк көлігі тіркемесіне сыйғанынша Торғайға 100 шақты генератор алып кетеді. Жарықсыз отырған Амангелді, Жангелдин аудандары қазір ауызсу тапшылығын сезініп отыр. Сондықтан біз көмек көрсетуге ниет білдірген жергілікті азаматтарға, өзге өңірлерге таза ауызсу әкелгендеріңіз дұрыс деген тілегімізді білдіріп жатырмыз. Ауызсу бізге сонау Шымкенттен де келді. Жамбыл, Шымкент, Алматы, Астана, Қызылорда сияқты өз өңірлеріміздің сыртында, Қырғызстан, Өзбекстан тәрізді алыс-жақын шетелден де көмек келіп жатыр. Мұның сыртында, гуманитарлық көмек әкелдік, бірақ халыққа өзіміз тікелей таратып бергіміз келеді деп жатқан ағайын бар. Біз мұндай кісілерді Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандарына жіберіп жатырмыз», деді әкімнің орынбасары.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Қостанай ауданындағы Әлжан ауылында да гуманитарлық көмек тарату бекеттері жұмыс істеп жатыр. Бұл орындарға келіп түсіп жатқан дүниелерді сұрыптап, реттеп, оны әрі қарай халыққа тарату ісінде университет оқытушылары мен студенттердің, волонтерлердің еңбегі зор.

Бүгінде өңірде облыс әкімдігінің жанынан құрылған қоғамдық штабтың құрамындағы мәслихат депутаттары, өңірге белгілі азаматтар, дін қызметкерлерінен тұратын 58 адам белсенді жұмыс істеп жатыр. Олар тікұшақпен әлі де су құрсауында жатқан елді мекендерді аралап, тұрғындармен жүздесіп, қай елді мекенге не жетпей жатқанын анықтап, халықтың қажетін дер кезінде тауып берудің қамымен жүр.

«Аталған қоғамдық штаб өкілдері өздері барған ауылдың ахуалы туралы маған күнделікті ақпарат беріп отырады. Мен осы ақпарат негізінде жедел көмек ұйымдастырып, шалғайдағы ауылдың қажетіне жарайтын жүкті жіберіп отырамын. Мысалы, кеше таңертең Амангелді ауданындағы қоғамдық штаб өкілдерінен генератор жетпей жатыр деген хабар келіп түсті. Біз бірден кәсіпкерлермен сөйлесіп, көлік тауып, кешке дейін 100-ден аса генератор жеткізіп бердік», дейді Ринат Зәкиұлы.

 

Қостанай облысы