Есірткі • 23 Сәуір, 2024

Синтетикалық есірткі таратушылар көбейген

44 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыстық ПД Есірткіге қарсы күрес басқармасының қыз­мет­керлері синтетикалық есірткі таратқан бірнеше күдіктіні тұт­қындады. Ұсталғандардың бірі интернет-дүкендердің бірінде есірткіні сату үшін қалташаларға буып-түйіп жүрген 39 жастағы әйел болып шықты.

Синтетикалық есірткі таратушылар көбейген

Фото: gov.kz

Тексеру кезінде кү­дік­ті келін­шек­тің қалта­сы­нан, жалға алған пәте­рінің қуыс-қуысынан, жатын бөл­месінен, тіпті дәретханасынан түйіл­ген синтетикалық есірткілер табыл­ған. Ұнтақ түрінде қалта­ша­ларға салынған әлгі заттар сатып алушылар үшін арнаулы жерлерге жасырылатын «тығындылар».

Тәркіленген есірткілердің жал­пы салмағы – 227,97 грамм. Бұл – «α-PvP» деп аталатын син­те­­ти­калық есірткі. Есірткі саудагер­лері­нің өздері оны «тұз» деп атай­ды. Сонымен бірге табылған сарғыш түстісі «мефедрон» деп аталады. Оның салмағы 57,57 грамм болған. Есірткіге қатысты ай­тыл­ған­да бұлар өте үлкен кө­лем­ болып есептеледі.

Күдіктінің үйінен есірткіні қал­та­шаларға салу үшін өлшейтін арнаулы электронды таразы, түйін­шектейтін материалдар да табыл­ды. «Күдікті әйелдің өзі есірт­­кіге тәуелді. Ол бұрын да есірт­кі сақтағаны үшін сотталып, бас еркінен айырылған. Алайда түр­­­­ме­ден шыққаннан бері үш ай бойы қайтадан есірткі қолдану мен тарату жолына түскен. Енді ол Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-тармағымен есірт­кі­ні үлкен көлемде таратқаны үшін кемінде 10 жылға бас еркінен айы­ры­лады», дейді ЕҚКБ басшысы, под­пол­ковник Руслан Сапаров.

Қалташаларға салынып, тү­йін­­­­шек­телген есірткіні қала­ның түр­лі қуысына күдік келтірмейтін әйел­дер мен жасөспірім балалар тара­тады. Олар сатып алушының ақша­сын алғаннан кейін шартты сөз­дермен келісіп, «тығынды» жасы­ры­латын жерді телефонмен айтады.

Петропавл қаласының «Жұ­мыс­шы» кентінде «Toyota RAV4» кө­лі­гімен жүріп, есірткі салын­ған түйіншектерді арнаулы жер­лерге жасырып жүрген 33 және 36 жастағы екі әйел де ұсталды.

33 жастағы әйелдің күйеуі мұндай заңсыз, оңай жолмен ақша табатын «шаруамен» айналысқаны үшін 2022 жылы сотталып, қазір жазасын өтеп жатыр екен. Әйелі соның қылмысын жалғастырып жүрген болып шықты. Көліктің ішінде отырған 36 жастағы екінші әйел де есірткіге тәуелді жандардың бірі екен. Олардың үйлерін тінту барысында үлкен көлемдегі, яғни 700 граммдай ақ ұнтақ табылды. Бұл да «тұз» деген атаумен белгілі «α-PvP» синтетикалық есірткісі. Екі әйелдің де осындай қылмыспен айналысып жүргендеріне төрт айдай болғаны да анықталып отыр.

17 жасар жасөспірім де есірткі түйіншектерін таратумен ақша тауып жүрген. Оны ұстаған кезде түйіншектер тұратын үйінен табылмай, әжесінің үйіне жасы­рын­ғаны белгілі болды. Үйінен 10 түйіншекке бөлініп, сатуға дайын­далған синтетикалық есірткі шыға кел­генде қария шошып, талып қала жаздаған. Әженің үйіндегі есірт­­к­і­нің жалпы көлемі 191 грамм болған

Жасөспірімнің де таратып жүр­гені – «тұз» деп аталатын жа­санды есірткі. Кейінгі кезде қала­да синтетикалық есірт­кі­ні тара­ту деректері көбейіп кет­кені байқалады. Ұсталған кез­де 18 жасқа толмағанымен бұл жас­өс­пі­рім де сотталады. «Ұстал­ғанға дейін ол қашықтан есірткі таратумен айналысатын интер­нет-дүкендердің бірінде 3 айға жуық жұмыс істеп үлгерген. Тәжі­рибе көрсеткендей, есірткі тарату­шылардың барлығы осынша мер­зім­ге ғана сайрандай алады, одан әрі бәрібір қамауға алынып, сотталады», дейді Руслан Сапаров.

Былтыр да облыста есірткі таратқаны үшін кәмелеттік жасқа толмаған 2 жасөспірімге сот үкімі шыққан болатын.

 

Солтүстік Қазақстан облысы