Қоғам • 24 Сәуір, 2024

Ғажайып әлемінің кейіпкеріне енді

38 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстандағы Түркия Республикасының елшілігінде «23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күніне орай» астаналық балаларға көңілді мереке ұйымдастырылып, сыйлық үлестірілді.

Ғажайып әлемінің кейіпкеріне енді

Бір ғасырдан астам уақыттан бері тойланып келе жатқан мейрамның тарихи мәні зор. Себебі 1920 жылы 23 сәуірде Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі құрылды. Содан бастап Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік бұл күнді «Ұлттық егемендік және балалар күні» деп жариялап, балаларға тарту еткен екен. Осыдан кейін жыл сайын Түркияда 23 сәуір «Ұлттық егемендік және балалар күні» ретінде аталып, елдің түкпір-түкпірінде балаларға арналған үлкен іс-шаралар ұйымдастырылады.

Еліміздегі Түркия елшілігі де өз елдеріндегі меншікті мейрамды ұмыт қалдырмау мақсатында астаналық балаларға көңілді мереке ұйымдастырды. Ертегі кейіпкерлерімен би билеп, сиқырға толы ойынға қатысқан балдырғандардың қуанышында шек жоқ. Соны­мен бірге мультфильм қаһар­мандарының бейнесін сомдаған аниматорлардың сүйемелдеуімен және түрлі бояу жұмыстарымен танысып, өздері де бір сәт ғажа­йып әлемінің кейіпкеріне енді. Олардың қатарында Қазақстанда тұ­ратын түрік балалар ғана емес, елордадағы қиын өмірлік жағ­дайға түскен отбасының ба­лалары мен балалар үйінің 20 тәр­биеленушісі де шақыртылды. Мерекеге орай Астанадағы Түркия Республикасы елшілігінің ұйым­дастыруымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.

Ең қызығы, жылдағы дәстүр бойынша биыл да Түркия Республикасының елшісі Мұстафа Капуджу елшілікке келген кішкентай қонақтарға креслосын табыстады. Мерекелік іс-шара соңы қонақтарға арналған ас мәзірімен жалғасып, мерекелік шараларға қатысушы балаларға түрлі сыйлықтар табыс етумен аяқталды.