Қоғам • 24 Сәуір, 2024

Бауырлас елдердің көмегі

37 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Табиғи апаттың салдарын алдын ала шамалағанмен, дәлме-дәл болжау – қиынның қиыны. Осы жолы қолайсыз ауа райы күтіп тұрғанын мамандар ескерткенімен, кейбір өңірлер су тасқынына жіті қамданбады. Тасқын күшіне мінгенде жедел іс-шаралар қабылданды. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Өңір-өңірден гуманитарлық көмек жөнелтіле бастады. Қысылтаяң шақта бауырлас елдердің ауызбірлігі тағы білінді. Тіпті жағдайды шамалап біліп отырған көрші елдер көмек керуенін сұраусыз жіберді.

Бауырлас елдердің көмегі

Қысылтаяңда елдің белсенді, жанашыр, қалталы азаматтары үй-жайы су астында қалған ағайынға көмекке асықты. Еріктілер құтқарушыларға ілесіп, тасқынның алдын алу жұмыстарына араласты. Қала, аудан, ауылдардан жылу жөнелтілді. Сәуір­дің басында Қырғызстан министрлер ка­бинетінің басшысы Ақылбек Жапаров Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігінің бүгін-ертең Қазақстанға гума­ни­тарлық көмек жөнелтетінін хабар­лаған. Айтса айтқандай-ақ көп ұза­май Қырғызстанның Төтенше жағдай министр­лігі жөнелткен 15 жүк көлігі мен жол талға­майтын бір көлік ел шекарасынан өтті. 300 тоннаға жетағабыл жүкте су, күріш, қара­құмық жармасы, шай, қант, тағысын-тағы азық-түлік қоры болған.

Жылытқыш, кереует, шатыр және басқа да керек-жарақ тиел­­ген. Осы мезгілде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қыр­ғыз­стан халқына көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, Түркия, Тәжік­стан­ның мемлекет басшыларымен телефон арқылы сөйлесті.

Су тасқыны салдарынан қалып­тасқан күрделі ахуалға байла­нысты қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Бауырлас елдер су тасқынына байланысты қажетінше көмек көрсетуге дайын екенін де мәлімдеді. Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі бауырлас елдегі жағдайға алаңдаулы екенін хабарлады. Бауырлас елдер қиын-қыстау күндерде қазақстандықтармен ниет­тес еке­нін байқатты.

Ал жақын беріде Тәжікстаннан су басқан аймақ тұрғындарына 56 вагон және 15 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жетті. Вагон­да азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлар, құрылыс материалдары бар. Тауардың жалпы көлемі 3 500 тоннадан асады. Тәжікстан делегациясын бас­тап келген қонақтарды Түркістан облысының жұртшылығы «Сары­ағаш» теміржол стансасынан күтіп алып, тәжік халқына алғыс айтты. Тәжікстан тарапы Қазақстандағы ахуалға бейжай қарамай, көмек керуенін жөнелтуге асы­ғыпты. Содан құрылыс материалдары мен азық-түлік тиелген гумани­тар­лық керуен әрі қарай су бас­қан аймақтарға жөнелтілді.

Осыған дейін Өзбекстаннан елге 15 жүк көлігімен гумани­тар­лық көмек жетті. Түркістан облысындағы Қонысбаев кеден бекетінен өткен көмек керуенін бастап келген делегацияны облыс басшылығы күтіп алып, көрші елдің ілтипатына алғыс айтты. Жүк көліктеріне тұрмысқа қажетті заттар мен құрылыс материалдары, төсектер, киім-кешек секілді басқа да заттар тиелген. Өзбекстаннан келген делегацияның қатарындағы Шерзодхон Қудиратходжа бауыр­лас­ елдердің ынтымақ-бірлігі ажы­­ра­масын деп қазақ халқына ті­лек­­тес екенін білдірді.

– Қазір қазақ бауыр­­ларымыз табиғи апаттан зар­дап шегіп жат­қан­да біз қалай көмек көрсете аламыз, басқа түскен ауырт­па­лық­ты қалай жеңілдетеміз деп өзара ақыл­дас­тық. Қазір 300 тоннадан аса ең керекті заттарды жинап әкелдік. Мұнда азық-түліктен бастап аса қажетті құрал-жабдықтар бар. Бауырлас елдердің ынтымақ-бір­лі­гі ажырамасын. Апаттардан аман болайық. Біз сіздермен қа­шанда біргеміз, – деп ізгі тілегін жеткізді делегация өкілі.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесіп, елдегі табиғи апатта тілеулестік танытып, көмек көр­сеткені үшін Президенттің өзіне және бауырлас Өзбекстан халқына алғыс айтты.

Қысылтаяң уақытта ізгі ниетті, қамқор жандар су басқан өлке­лер­ге қолдан келген көмегін аянып қалмады. Қалталы азамат­тар бір жағына шығысып, қолдау көрсетті. Көрші елдерден де тон­налап көмек керуені жетті. Әри­не, апат аймақтарына мемлекет көлемінде көмек көрсетіліп жатқан соң, үй-күйсіз қалған азаматтар тасада қалмайтыны түсі­нікті ғой. Дегенмен қазақ хал­қымен ықылас-ниеті бір, дос­тық қарым-қаты­насы берік ел­дердің көрсеткен қолдауының жөні бөлек болады екен. Елдегі ахуалға алаңдап, көмек көрсетуге асыққан мемлекеттерге Қазақстан халқының алғысы зор.