Маман • 25 Сәуір, 2024

Су саласы мамандары даярланады

23 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Су саласының болашақ мамандарын даярлайтын тірек кол­ледж­­дер құрылмақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабар­лады.

Су саласы мамандары даярланады

Фото: uralskweek.kz

Министрліктің мәлі­ме­тіне сүйенсек, Қазақстанда су саласы мамандарын даярлау желі­сін кеңейту жоспарланып жатыр. Бүгінгі таңда бұл бағытта елі­­міздің төрт макроөңірі таң­далды. Онда экономика салалары бо­йынша, оның ішінде су саласының болашақ мамандарын даярлайтын тірек колледждер құрылады.

2024-2025 жылдары «Су­мен жабдықтау және су бұру жүйе­ле­рінің тазарту құры­лыс­тарын пайдалану», «Гидро­тех­ни­калық мелиорация» және «Гидро­техникалық құрылыс» және т. б. мамандықтар бойынша техника­лық және кәсіптік білім беруде мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарланып отыр.

Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов осы мәселеге қатысты жасаған мәлімдемесінде: «Оңтүстік макроөңірдегі техникалық және кәсіптік білім берудің бас тірек ұйымы ретінде Шымкент қаласындағы Манап Өтебаев атындағы жаңа технологиялар жоғары колледжі таңдалды. Мұнда «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазар­ту құрылыстарын пайдалану» ма­мандығы бойынша кадр­лар даяр­ланады. Студенттерге өн­ді­рістік практикадан өту мүм­кіндігі беріледі, ал арнайы пән­дер педагогтері мен өнді­ріс­­тік оқыту шеберлері үшін білік­­тілікті арттыру курстарын өткізу жоспарланған. Сондай-ақ өндірістен мамандар тартуды жос­парлап отырмыз», деді.

Қазір негізінен еліміздегі бес колледж су саласының мамандарын даярлайды. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі, Мақтаарал аграрлық колледжі, Түлк­і­бас агробизнес және ­ту­ризм колледжі, Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі және Манап Өтебаев атындағы ж­а­ңа технологиялар жоғары кол­леджінде гидрогеология сала­сы­ның 300-ге жуық болашақ маманы оқиды және олардың 90%-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім ­алады.