Аймақтар • 25 Сәуір, 2024

Жасыл орман – жанға сая

41 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» деген Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында экология мәселесін де сөз етті. Еліміздегі экология сұрақтарын көтеріп жүрген белсенді азаматтардың саны артып келе жатқанына ерекше тоқталған Президент бұл мәселенің өзінің ерекше бақылауда болатынын да айтқан еді. Ал жақында Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласындағы қарағайлы орманды қалпына келтіру жөніндегі жергілікті тұрғындардың бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Жасыл орман – жанға сая

Бірегей ленталы орманды қалпына келтіруге күш салу үшін Семей қаласы маңындағы Бородулиха ауданына мыңнан аса адам аттанды. Бүгінде Абай ауданының тұрғындары «ағаш отырғызу – әрбір адамның парызы» деп санайды. Өйткені бұл өңір ежелден жел мен құмнан қорғайтын қарағайлы орманнан тұрады.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы «Жасыл аймақ» апталығы Бородулиха ауданында басталды. Осылайша, «Семей орманы» аумағында «Семей орманы – жасыл аймақ» атты ағаш отырғызу бо­йынша кең ауқымды акция өтті. Алдағы уақытта да ағаш отырғызу акциялары тұрақты түрде өткізілмек.

сми

Іс-шараға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, белсенді жастар, студенттік ұйымдар, еңбек ұйымдары, Семей қаласы мен Боро­дулиха ауданының мекемелерінен мыңнан аса адам қатысты.

«Бүгін тұтас ел көлемінде кең қолдауға ие болған «Таза Қазақстан» – экологиялық акциясы аясында облысымызда ерекше маңызы бар іс-шара өтіп жатыр. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асқан бұл акцияның арқасын­да Отанымыздың әр облысы, қаласы мен ауылы абаттанып, көшеттер отырғызы­лып, өңіріміз жаңа кейіпке еніп келеді. Бұл – «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген игі дәстүрдің жалғасы», деді облыс әкімі Н.Ұранхаев.

Науқанның негізгі мақсаты көшет отырғызу арқылы экологиямызды жақсартып, қарағайлы орманымызды жедел қалпына келтіруге бағытталған. Мәселен, «Жасыл ай­мақ» апталығының басында «Таза Қазақстан» акциясы аясын­да Семей қаласы мен Бородулиха ауданы­ның жүздеген тұрғыны жаңа көшеттер­ге өмір сыйлау үшін «Семей орманы» мем­лекеттік орман шаруашылығы зауы­­ты­ның қызметкерлері дайын­да­ған учас­келерге келіп, жұмыла іске кі­­рісіп кетті. Жаппай акцияға бар­­лығы 30-дан астам ұйым қатыс­­қан. Оның ішінде Шәкәрім атын­дағы уни­верситеттің «Жасыл ел» бөлім­ше­л­ерінің жастары алғаш болып үн қосты.

см

«Бүгін жылдағы дәстүрлі іс-шараны өткізуге атсалысып жатырмыз. Бұл – біздің университеттің миссияларының бірі. Сондықтан GLPR қызметкер­лері­мен бірге қоғамға қызмет етуге дайын­быз. Сонымен қатар біз дөңгелек үстел өткі­зіп, онда тек қоршаған ортаны қор­ғау ғана емес, орман өрттерімен күресу мә­селелері де көтерілді. «Таза Қазақ­стан» акциясы аясында 50 оқушы­мыз екі айдың келесі апталарында көгал­дан­дыруға қатысып жатыр», деді Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков.

Акция аясында Воскресеновка аулының маңындағы орман алқа­бындағы 5 гектар аумақта 23 мыңнан астам қарағай көшеті отырғызылды. Айта кетейік, оның ішінде орманды алқап – 87 773 га болса, су айдындары  14 301 гектарды құрайды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы «Семей орманы» қоры­ғының аумағына 70 мыңнан астам көшет отырғызылды.