Қоғам • 25 Сәуір, 2024

Сенат Спикері: Отандық дәрі-дәрмектің жартысы ғана ДДҰ стандарттарына сай келеді

57 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығында отандық өндірушілердің үлесі бар болғаны 10 пайызды құрайды. Тіпті бұл көрсеткіштен де төмендеп барады. Сондай-ақ отандық дәрі-дәрмектің жартысы ғана халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Көңіл көншітпейтін мұндай статистиканы бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат Спикері: Отандық дәрі-дәрмектің жартысы ғана ДДҰ стандарттарына сай келеді

Фото: Ашық дереккөз

Палата Спикері атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяу жылдарда фармацевтика нарығындағы отандық өнімнің үлесін 50 пайызға жеткізу міндетін жүктеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес, дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нарықтағы отандық өнімнің үлесі 30 пайыздан кем болмауы керек. Ел Президенті отандық фармацевтика саласында өнім айналымын ұлғайтуды тапсырғанымен, олардың саны жыл сайын азайып отыр.

«Есептерге қарасақ, бәрі керемет. Бірақ нақты фактілерге мән беруіміз керек. Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінде біздің дәрі-дәрмек нарығындағы отандық өндірушілердің үлесі 10 пайызды ғана құрайды. Яғни, кем дегенде 30 пайызға жету үшін әлі де көп жұмыс істеу керек. Сондай-ақ елімізде негізгі фармацевтикалық өнімдер мен дәрі-дәрмек өндірісі 2022 жылмен салыстырғанда былтыр 10 пайызға төмендеген. Былтыр елімізде өндірілген дәрі-дәрмектің экспорты 28,5 пайыз, яғни шамамен 30 пайызға азайған. Ал, импорт 3 пайызға өсті. Мұндай жағдаймен біз Мемлекет басшысының фармацевтикалық нарықтағы отандық өнімнің үлесін 50 пайызға жеткізу туралы тапсырмасын қалай орындаймыз?», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы отандық фармацевтикалық өнімдердің тең жартысы ДДҰ-ның сапа стандарттарына сай келмейтініне назар аударды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев Денсаулық сақтау министрлігі теориядан практикаға көбірек мән беруге және мүдделі мемлекеттік органдарды, оның ішінде Өнеркәсіп министрлігін, ұлттық компанияларды және сарапшыларды тарта отырып, Сенатта өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға шақырды.

«Еліміздегі 43 отандық дәрі-дәрмек өндірушінің тек 25-і ғана GMP стандарттарына сәйкес келеді (ескерту, good manufacturing practice –медициналық және ветеринариялық мақсаттағы препараттардың өндірісін және сапасын бақылауды ұйымдастыру талаптарын белгілейтін тиісті өндірістік тәжірибе немесе ережелер). Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолданатын және ұсынған стандарт. Яғни, отандық өндірушілердің жартысы осы стандарттарға сай келмесе, демек, біздің дәрі-дәрмектің сапасы импорттық аналогтармен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз деген сөз. Көлемді ұлғайту және сапаны қамтамасыз ету жағынан да проблемалар бар», деген Мәулен Әшімбаев Сенаттың тиісті Комитеттеріне осы тақырыпта кеңейтілген отырыс немесе Үкімет сағатын өткізуді тапсырды.

Еске салайық, бүгін Палата отырысында сенаторлар бірнеше заңды, оның ішінде Зияткерлік меншік құқығының сауда аспектілері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауды қарап, мақұлдады.