Аймақтар • 26 Сәуір, 2024

Көкшедегі қуаныш

25 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тасқын судың тақсыретін тартқан өңірдің бірі Ақмола облысында өкініш сейіліп, қуаныш оты алаулады. Жайлы да жарық пәтерге ие болғандар мемлекет қамқорлығына дән риза.

Көкшедегі қуаныш

Облыс орталығын қақ жарып өтетін Қылшақты өзені жағалауындағы ондаған үйді су шайып кеткен еді. Ескі үйлер табиғаттың сынағына төтеп бере алмай, тұрғындары алғашқы бетте абдырап қалғаны да рас. Бүгін олар үшін ақ түйенің қарны жарылған тамаша оқиға болды. 8 отбасы пәтер кілтін алды. Бір айта кетерлігі, зардап шеккендер баспаналарын қаланың әр ауданынан өздері таңдады.

– Біз осындай қысылтаяң кезде мәселені тездетіп шешудеміз. Жергілікті бюджеттің есебінен 11 отбасына пәтер берілді. Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Жақсы, Зеренді, Целиноград аудандарының 74 отбасына тұрғын үйлерін жөндеуге көмек көрсетіледі. Барлық зардап шегушіге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай демеу жасалады. Адамдардың көңіл күйін жақсы түсініп отырмыз. Апат кезінде қауіптің бетін қайтаруға атсалысқан адамдарға алғысымды білдіремін. Ең алдымен елдің бірлігін көрдік. Қала тұрғындары да, еріктілер де көмектесті, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов салтанатты рәсім кезінде.

Пәтер кілтіне ие болғандардың да қуанышы көл-көсір. Олар бірауыздан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет пен облыс басшыларына алғыстарын жаудырды.

– Көне болса да осы шаңырақтан ұл-қызымызды өсіріп, құтты мекенімізге айналған босағамыз ғой. Қызыл судың құрсауында қалып, қабырғасы қақырағанда өкіндік те, иығымызға түскен жүкті бірлесе көтеріскен елімнен айнала­йын, – дейді қала тұрғыны Асхат Біләлов.

Пәтер кілтін алған адамдардың ескі үйлері бірден бұзылып, орындары тазартылып жатыр. Алдағы уақытта босаған жер телімдеріне көпқабатты тұрғын үйлер салынуы мүмкін. Әйтеуір, кәдеге асатыны анық.

 

Көкшетау