Аймақтар • 27 Сәуір, 2024

Кәсіпкерлер қызығушылық танытты

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табиғаты тамаша, өнеркәсіпке қолайлы өңір Алматы облысының инвес­тициялық тартымдылығы уақыт өткен сайын жоғарылап келеді. Апта басында Іле-Қазақ автономиялық облысы іскерлік бірлестігінің 70 өкілі Қонаев қаласына келді. Олар отандық кәсіпкерлермен екіжақты ынтымақтастық құруға қызығушылық танытып отыр.

Кәсіпкерлер қызығушылық танытты

Алматы облысының әкімдігінде алқалы жиын өтіп, онда өзара тиімді ынты­мақ­тастық пен экономиканың түрлі сала­сындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асы­рудың келешегі талқыланды. Онда туризм, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларына ерекше көңіл бөлінді. Кездесуге қатысушылар серіктестікті кеңейту және осы салаларды дамытуға бағытталған нақты бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін ортаға салды.

ШҰАР Сауда-өнеркәсіп палатасы басшысының орынбасары Тұрсынжан Мұхатұлы өз сөзінде, Алматы облысының кәсіпкерлері мен Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық аймағы бизнес-қауымдастығы өкілдері арасындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екеніне сенім білдірді.  Ол өңірдің инвестициялық тартымдылығының жоғары деңгейі экономиканың түрлі саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы алаң туғызатынын баса айтты. Сондай-ақ өңірде туризм, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласының белсенді дамуы, инвестиция мен өзара тиімді ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер беретінін де атап өтті.

Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Айбар Теменов Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақмерзімді қарым-қатынас­тардың жоғары деңгейін, табысты жү­зеге асырылған жобалардың санымен расталғанын айтты.

«Жыл сайын өзара тиімді байланыстар нығайып жатыр, бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және екі елдің биз­несі мен экономикасы үшін жаңа перспек­тивалық мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді. Алматы облысы мен Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысы арасындағы әріптестікті өзара кеңейту, аймақтар ара­сындағы экономикалық байланысты нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», деді Айбар Теменов.

 

Алматы облысы