Су тасқыны • 27 Сәуір, 2024

Барбастау – Индер тасжолы бұзылды

1754 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәуірдің 26-сы күні Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласы тұсында 855 см болып, бір тәулікте 4 см төмен түсті. Тек Тайпақ ауылы маңында ғана Жайық 10 см көтеріліп, сай-саланы суға толтырып барады. Барбастау – Ақжайық – Индер тасжолын тасқын су бұзып өткен.

Барбастау – Индер тасжолы бұзылды

Кейінгі тәулікте тө­тен­­ше­ліктер об­лыс бо­йынша 9 адамды эвакуациялаған екен. Бұл – негізінен су бас­қан саяжай аумағынан кетпей жүргендер. Ал Жа­йық бойындағы Чапаев, Кең­суат ауылдарында Жа­йық­тың жайылған суы қол­дан соққан бөгетке тіре­ліп тоқтаған.

«Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қатыс­ты жағдай тұрақталып ке­ле­ді. Жедел қабылданған ша­ралардың нәтижесінде көп­теген елді мекен мен Орал қаласы су тасқынынан аман қалды. Ендігі кезекте Жа­­йық өзенінің төменгі жа­­ғында орналасқан Ақжайық ауда­нын­дағы жағ­дайды қатаң бақылауда ұстау қажет» деген Батыс Қа­­зақстан облысының әкі­мі Нариман Төреғалиев Ақжайық ауданының Базар­төбе, Қарауылтөбе, Есен­сай және Тайпақ ауылдарына барып, өзен жағасын нығайту жұмыстарын өзі қадағалап шықты.

Өңір басшысы «Су тасқынына байланысты қауіп әлі сейілген жоқ. Сон­дықтан тасқын судың алдын алу жұмысын жалғастырамыз. Аудан­дардағы жұмысты бақылауда ұстаймыз. Қосым­­ша материалдар қажет болса жеткіземіз», деді.

Айта кетейік, осы Ақ­жайық ауданының өзінде су тасқынының алдын алу үшін кейінгі бір айда 31,4 км бөгет тұрғызылған екен. Бұл іске 823 адам, 158 техника жұмылған.

Облыста төтенше жағдай жарияланған сәуір айының басынан бері Қазақстанның 14 өңірінен қосымша күш келген еді. Бүгінде олардың жартысы Атырау облысына ауысса, қалғаны өздері орналасқан аймаққа кетті. Оларға жергілікті халық дән риза. Мысалы, ҚР Қару­лы күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлері Бәй­те­рек ауданында 12 күн ішінде 13 шақырымнан аса бөгет тұрғызған еді. Кеше өз бөліміне аттанған әскери­лер­ге Бәйтерек ауда­нының әкімі Марат Тоғжанов алғыс айтып, марапат табыстады. Осындай жиын Орал қала­сын­дағы бас алаңда да өтті.

«Төтенше жағдай ке­зінде Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға көмек­тесу үшін Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбас­шы­лығына қарасты әскери бөлімдерден 500-ден аса әскери қызметкер келді. Қызылорда және Шымкент қала­ларынан келген ұлан­дықтар елді мекендер м­а­ңына бөгет тұрғызып, тұр­ғындарды эвакуация­лау және ол аймақтағы қо­ғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз етумен айналысты. Біз бүгін осы сарбаздарға рахметімізді айтып, мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыстадық», дейді Ұлт­тық ұланның «Батыс» өңір­лік қолбасшылығы қолбас­шысы полковник Бекайдар Қазкеев.

Мамандар қазір Батыс Қазақстан облы­сы­на су тасқынынан төнген қауіп беті қайтты деп отыр. Осы кезге дейін қауіпті ай­мақ­тардан 13 989 адам кө­ші­ріл­ді. Облыс аума­ғын­дағы 12 эвакуа­ция­лық бекетті әлі де 2 мыңнан аса адам паналап отыр.

Табиғат апатынан зардап шеккен халыққа мемлекет тарапынан кешенді көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге өзге өңірлерден де гуманитарлық жәрдем жетуде. Соңғы есеп бойын­ша өз еліміздің облыстарынан және басқа шет мемлекеттерден – Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларынан, Ресей­дің Дағыстан өлкесінен барлығы 341 млн теңге көле­мін­де 849 тонна гумани­тар­лық көмек келген.

 

Батыс Қазақстан облысы