Саясат • 27 Сәуір, 2024

Аймақтық қауіпсіздіктің тірегі

33 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл еліміз Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төраға. Осы жылдың аясында өткізілетін іс-шаралардың бірі кеше Астана қаласында бастау алды. Ол – ұйымға мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі.

Аймақтық қауіпсіздіктің тірегі

Халықаралық деңгейдегі отырысқа Үндістан, Иран, Қытай, Қырғыз Республикасы, Пәкстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан қорғаныс салаларының басшылары қатысты. Сонымен қатар іс-шараға Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы, ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры және Беларусь Қорғаныс министрі құрметті қонақ ретінде шақырылды.

Айта кетейік, биыл Иран кеңеске ұйымның толық мүшесі ретінде алғаш рет қатысты. Сондай-ақ осы жылы ШЫҰ-ға Беларусь елі де қосылады деп күтіліп отыр.

Жылдан жылға өрісі кеңейіп келе жатқан ұйымға еліміздің төрағалығы аясында негізгі көңіл бөлінетін мәселелер ішінде экология саласы да бар. 2024 жыл Қазақ елінің бас­та­ма­сымен ШЫҰ Экология жылы болып жарияланғанын айта кетейік.

Елордамызға ат басын тіреген Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі­не қатысушылар ең алдымен экология­лық акцияға қатысып, еліміздің Қорғаныс ми­нистрлігі ғимаратының жанына көшет отыр­ғызу рәсімін жасады. Сонымен бірге шетел­дік делегациялардың назарына Кеңес Одағы­ның батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған мұражай экспозициясы ұсынылды.

Іс-шараны еліміздің Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов ашып, кеңестің өңірлік, халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылау алаңы ретіндегі рөліне тоқталды. Ол Шанхай ынтымақтастығы ұйымының құрылуы мен дамуы өңірдегі бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісіне маңызды үлес қосатынын атап өтті.

Кеше сондай-ақ халықаралық іс-шара аясында ұйымға қатысушы мемлекеттер делегациялары басшыларының бірқатар екіжақты кездесуі өтті.

Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы 1996 жылы «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған. Ең алғашқыда оның құрамына Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Ресей, Тәжікстан кірген. 2001 жылы ұйымға Өзбекстан қосылғаннан бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымы деген атпен тұрақты жұмыс істеп келе жатқан үкіметаралық ұйым. Мүше-мемлекеттер арасында өзара сенім мен достық, татулық қарым-қатынастарды нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, білім беру, қуат көзі, көлік, экологиялық және өзге де салаларда тиімді әріптестік шараларын дамыту, сондай-ақ ортақ күш жұмсап аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, демократиялық, әділ және ұтымды саяси, экономикалық халықаралық тәртіп орнатуға жағдай жасауды мақсат тұтқан халықаралық ұйымға биыл біздің еліміз төрағалық етеді.