Аймақтар • 30 Сәуір, 2024

Көкшедегі 16 мың көшет

31 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акция­сы жалғасын тауып жатыр.

Көкшедегі 16 мың көшет

«Жасыл аймақ» акциясы аясында ақмолалықтар көшет отыр­ғызып, ұйымшылдықпен жұмыс істеп, сенбілік ұйымдастыр­ды. Іс-шараға белсенді жастармен қатар, көптеген өңір тұрғыны атсалыс­ты. Көп көмегін екшейтін дерек келтіретін болсақ, игілікті іске 62 мыңнан аса адам қатысқанын айтуға болады. Жасыл желек жамылған көрікті Көкше өңірінің сән-салтанаты бұрынғыдан да ажарлана түсетін болды.

Көппен бірге таяуда ғана нәрестелі болған жас отбасылардың қолына күрек ұстап, үмітті дүние­ге атсалысып жүргенін көргенде көңілді қуаныш кернейді екен. Балапан ағаштар ата-ана құшағын­дағы нәрестелерімен бірге өсіп, жетілетіні қандай әдемі! Олар «Сәби» аллеясына 30 атаулы ағаш отырғызды. Балауса қарағайларды көпбалалы Әмірхановтар отбасы да отырғызды.

– Біздің отбасымыздың жадында қалады. Біз бұл ағаш­тар­ды отырғызып қана қой­май, экологиялық тәрбие­нің маңыз­дылығын үлгі етіп көрсеткіміз келеді. Үлкен балаларымыз аллеяға келіп, көшеттерге су құйып, күтіп-баптауды ұмытпайды, – деді Ақтоты Әміржанова.

Көкшетау қаласында 8 мыңға жуық адам осы акцияға қатысты. Олардың күшімен 3 500 текше метр қоқыс шығарылып, мыңдаған ағаш көшеті отырғызылды.

Облыстық жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген іс-шара шеңберінде ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қала тұрғындарының, әсіресе жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжы­рым­дамасы негізінде патриотизм, табиғатқа, қоршаған ортаға ұқып­ты қарау құндылықтарын дәріптеу.

– Акцияның әрбір аптасы арнайы тақырыптарға арналған еді. Міне, үшінші аптада «Жасыл аймақ» акциясы өткізіліп жатыр. Бұл күндері ағаш көшеттерін отыр­ғызу, айналаны әктеу жұмыс­тары жүргізілуге тиіс. Ал­дағы уақытта «Өнегелі ұрпақ» ак­ция аясында ардагерлердің аула­сын тазалау, қарттар үйлерінде абат­тандыру жұмыстарына үлес қосу негізгі мақсаттардың бірі болмақшы. Одан соң «Мөлдір бұлақ» атауы­мен өтетін айтулы істе өзен-көл­дердің маңайын қоқыстан таза­­лау ұйымдастырылады, – дейді орталық басшысы Дастан Ермеков.

Акция барысында 15 гектар аумақтың 2 гектарына 9 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғы­зыл­ды. Ағаш отырғызу жұмыс­тары Ақмола облысы орман ша­руа­­шы­­лығы басқармасы және қала студент­терімен бірлесіп, одан әрі жалғаса береді.

 

Көкшетау