Тұлға • 30 Сәуір, 2024

Тұңғыш теміржол инженері

46 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің Логистика және көлік академиясына есімі берілген Алаштың асыл ұлдарының бірі Мұхаметжан Тынышбаевтың туғанына биыл – 145 жыл. 90 жылдан астам тарихы бар (іргетасы 1931 жылы қаланған) оқу ордасы – еліміздің көлік-коммуникациялық кешеніне, оның ішінде теміржол және автокөліктері, сондай-ақ телекоммуникация саласы бойынша жоғары мамандар даярлайтын арнайы маманданған жетекші жоғары мектеп.

Тұңғыш теміржол инженері

Қазіргі таңда академия түлек­те­рінің басым көпшілігі «Қазақстан темір жолы», «Қазақ­телеком», «AstanaMotоrs», «Қаз­пошта», «Қазавтожол», «КЕГОК», «Транс­строймост», «MegaMotors» секілді меке­мелерде, тағы басқа да ірі ұлттық ком­панияларда қызмет етеді.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана М.Тынышбаевтың асыл есімі мен ғылыми мұрасы халқымен қайта қауышты, ол туралы ғылыми зерттеу еңбектері мен көркем шығармалар жарық көре бас­тады. Бұл ретте бүгінгі елдік жаңару мен әділеттілік кезеңінде Мұхаметжан сынды тұлғамыздың әлі де ашылмаған қайраткерлік қырлары талай зерттеуге арқау болары сөзсіз. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-ғалым өз заманында әртүрлі салада аянбай еңбек етіп, бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысты. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, заманының өзекті мәселелерін шешуге арналған, бүгін де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялады. Ол – қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани тарихында мәңгі өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

Мұхаметжан Тынышбаев 1926 жылдан бастап біртуар қайраткер Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір темір жолын салуға белсене қа­тыс­­қа­нын бүгінгі теміржолшылардың жаңа буынына айта кетуге тиіспіз. Дара инженердің есімін шартарапқа кеңінен әйгілеп, атын аңызға айналдырған, халық жадына ұялатқан – оның әйгілі теміржолды салуға қосқан сүбелі үлесі, сіңірген ерен еңбегі. Дәл осы жолды салуда Мұхаметжан білікті инженер, ойлы экономист, іскер ұйымдастырушы, дарынды жобалаушы ретінде айрықша танылды. Ол Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында жобалаушы-инженер, учаске бастығы қызметін атқарды. Шын­ды­ғында да дәл сол кезде Орта Азия мен қазақ даласының жергілікті жағдайы мен жер бедерін ол кісідей білетін маман бұрынғы Ресей им­пе­риясында жоқ еді. Мұхаметжан Түрксіб құрылысында алғаш рет аэрофотосуреттерді қол­данған. Соған сүйене отырып, ұзын­дығы 50-60 метрлік бірнеше жерасты жолын салуды, сондай-ақ бір құрамға үш паровоз тіркеуді қажет ететін Қор­дай асуының орнына Шоқпар жобасын ұсынады. Себебі бұл жоба «тес­кен таулардың» есебінен 26 млн сом үнем­деу­ге, әрі Қазақстанның алты облысын өзара жылдам байланыстыруға мүм­кіндік берді.

Халқының ардақты ұлының есімін мәңгі сақтап, соңындағы бай мұрасын насихаттау мақсатында академиямызда біршама жұмыс атқарылды. Бұл бағыт алда да толықтырылады. Асыл азаматтың мерейтой жылында соның бірқатарын атап өтуді парыз санаймыз.

Алаштың ардақты азаматы, инженер Мұхаметжан Тынышбаевтың есімі акаде­миямызға 2000 жылы берілсе, қола­дан құйылған ескерткіші білім ордамыздың ғимараты алдына 2006 жылы орнатылды. Жоғары білім-ғылым орталығы саналатын академияның тарихынан сыр шертетін музейде М.Тынышбаевтың елеулі мұрасы жинақталған.

Мерейтойға байланысты өткізілген салтанатты жиында академия ректоры С.Н.Әмірғалиева ұлтымыздың бір­туар перзенті туралы тебірене сөйлеп, оның халыққа сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды. Ардақты азаматтың ой-арманы елімізде орындалып, шойын жолдың қызметі ел экономикасының дамуына зор үлес қосып отырғанын айта келе: «Бар ғұмырын туған халқының мүддесіне арнаған, қабілет-дарынымен халқының мерейін асырған осы бір ұлы тұлғаны қазіргі қоғам білуге және мәңгі ұмытпауға тиіс», деп тұжырымдады.

Салтанатты жиында Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы Дәулет Шейх Әли-Тынышбаев: «Дінмұхамед Қонаев өзін өмір бойы қазақтың тұңғыш инженері М.Тынышбаевтың ақылы, рухы шабыттандырып келгенін айтып отырған. Білім алушы жастар, сендерді де Тынышбаев есімі өмірде, келешек қызметтеріңде шабыттандырып жүрсін» десе, немересі Елена Ескендірқызы атасының биік мақсатқа толы ғұмыры бүгінгі және ер­теңгі жастар үшін жарқын өнеге екенін айтып, даңқты атасына арнап жыр шума­ғын оқыды.

Мұхаметжанның тұлғасы мен тұғыры, еңбегі мен ерлігі, қайраткерлігі мен азаматтығы, білімі мен білігі, адалдығы мен отаншылдығы – бәрі-бәрі бүгінгі және ертеңгі жастарға әрқашан үлгі. Оның ғалымдығы, тектілігі, парасаты терең зерттелуі қажет. Ертеде Тұрар Рысқұловқа Ташкентке оқуға баруы үшін қаражатпен көмек көрсеткен де – осы М.Тынышбаев екен. Бұл туралы Т.Рысқұлов 1929 жылы жазған «Түркістан-Сібір» темір жолының тарихы мен тағдырын, келешегін қозғаған еңбегінде айтады.

Академиямызда әр жылы сәуірдегі ғылым онкүндігінде студенттер мен оқытушы-профессорлардың дәстүрлі инновациялық-технологиялық халық­ара­лық ғылыми-практикалық конференциясында, «ҚазККА жаршысы» журналының арнайы санында, студенттердің «Студенттік көк­тем» фестивалінде, «Тынышбаев апта­­лығы» атты шығармашылық бай­қауда, білім алушылардың ғылыми зерттеу жұмыс­та­ры байқауы мен республикалық пән­ара­лық олимпиадасында М.Тыныш­баев мұрасы ұлықталады. Биыл бұл іс-шара асыл азаматтың 145 жылдық мерейтойына арналды. Осы іс-шараларда студенттер арасындағы жеңімпаздардың барлығы да Мұхаметжан атамыздың суреті бейнеленген мақтау қағаздары және сыйлықтармен, ал білім саласында ерекше көзге түскен оқытушы-профессорлар «М.Тынышбаев-145» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен бірге сәуір айында жас мамандарды жұмыспен қамту комиссиясының отырысы өтіп, академия түлектерінің 85%-ы жұмысқа орналасатыны мәлім етілді.

Тағы бір айта кететін жайт, академия студенттері үшін жатақхана жетіс­пеу­ші­лігі толық шешілген. Ме­рей­той аясында «Студенттік үйім – мақ­танышым!» атты жарыс өтіп, саламатты өмір салты наси­хат­талды.

Жыл сайын М.Тынышбаевтың туған күні – 12 мамыр мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр академиямыз үшін тағылымды шақ. Осы күні тұлғаға байланысты көп іс-шара өтеді. Соның ішінде студенттеріміз Алматы-1 вокзалына жақын орналасқан М.Тынышбаев көшесіне де арнайы барады. Көктем, күз мезгілдерінде осы жерде сенбілік ұйымдастырып, көшенің тазалығын қадағалап отырамыз.

Техникалық мамандықтың бола­шақ иелері М.Тынышбаевтың жол саласындағы еңбектеріне терең мән бере оқиды. Биыл тарихи конференцияда жан-жақтан келген тарихшы-ғалымдар ардақты тұлға және оның замандастары туралы мәліметтер берді. «М.Тынышбаев. Үзілген тамыр» атты қойылым (авторы Ерсайын Төлеубай) жастарды да, оқытушыларды да үлкен әсерге бөледі.

Мұхаметжан Тынышбаевтың замандасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Адамның өзінде кәмілдік болмаған соң, ісінде де кәмілдік жоқ» деп айтқандай, халқымыздың әйгілі тұлғаларының елі­­нің болашағы үшін атқарған кәміл іс­терін ешқашан ұмытпай, оларды жиі-жиі еске алып тұру – бәріміздің ортақ парызымыз.

 

Кеңес ЖҮСІПОВ,

М.Тынышбаев атындағы Логистика және көлік академиясының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты