Мәселе • 30 Сәуір, 2024

Мұнай компанияларымен арадағы түйткіл қалай шешіледі?

87 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

БАҚ-та Қазақстанның Қашаған кен орнындағы мұнай компанияларына қоятын талабының 150 млрд долларға дейін өсіп кеткені туралы ақпарат тараған еді. «Bloomberg» агенттігінің жазуынша, Қазақстан тарапы Қашаған операторы «North Caspian Operating Company N.V. (NCOC)» үстінен 13 млрд доллар талап етіп, шағым түсірген. Кейін талап сомасы 15 млрд долларға жеткен, біраздан соң он есе көтерілген.

Мұнай компанияларымен арадағы түйткіл қалай шешіледі?

Қазақстан неге мұндай қадам­ға барды? Алдын ала белгілі бол­ған мәліметке сүйенсек, халық­аралық компаниялардың тендер процедураларын бұзуы және мердігерлік жұмыстарды то­лық көлемде орындамауы шағым­дануға себеп болған. Соған бай­ла­нысты 150 млрд доллар көле­мінде өтемақы сұралып отыр. Қазақстан Үкіметі игеру бастал­ғаннан бергі кідірістерге, техникалық қиындықтарға және артық шығындарға ұшыраған алып кен орнындағы өндіріс шығындары бойынша 15 миллиард долларлық арбитражға қатысып қойды.

«Қосымша талап 138 миллиард долларға дейін жоғалған пай­да­ға қатысты және Үкіметке уәде етіл­ген, бірақ кен орындарын әзір­леушілер жеткізбеген мұ­най өн­дірудің құнын есептеуді көрсе­теді», дейді аттарын атамауды сұрағ­ан адамдар. Өйткені бұл ақпарат әлі ашық деректерде жария етілмеді.

Дерек көздерінің мәліметін­ше, Қашағанды игеру келісім­шарт­тарына қатысты тағы бір өтем­ақы талап етіліп жатыр, ол сыбай­лас жемқорлық әрекетіне байланысты.

Қашағандағы кен орнын игеруге бірнеше компания қатысады, оның ішінде «Eni SpA», «Shell Plc», «Exxon Mobil Corp.» және «TotalEnergies SE» бар.

«Кен орны соңғы он жылдық­тар­дағы ең ірі ашылулардың бірі, соған қарамастан онда бірқатар түйткіл бар: алты айға жуық қатып қалған теңізден бастап улы газдың жоғары концентрация­сы бар резервуарға дейін. Қашаған межеленген мерзімнен сегіз жылға кешігіп, өзінің алғашқы мұнайын 2013 жылы қыркүйекте өндірді. Алайда ашыла салысымен бір айдан соң құбыр желісі­нен ақау табылды. Өндіріс 2016 жылы қайта жалғасты, 2017 жылы кен орнындағы өндіріс деңгейі біртіндеп 270 000 (күніне) баррельге жетті. Жобаның алғашқы кезеңдерінде игеруші Eni Қашаған күніне 1,5 млн баррель өндіре алатын деңгейге жетеді деп есептеді.

Жобаны басқаратын «North Caspian Operating Co» бірлескен кәсі­порны өз өтінішінде арби­т­раж­­дық талқылауға жататын Қаша­ған өнімдерін бөлу туралы келісімнің кейбір ережелерін қолдануға қатысты бірқатар дау бар екенін хабарлады. Өтініш­те мер­дігер-компаниялардың келі­сім­шарттарға сәйкес әрекет еткені айтылады. Дау-дамайдың конфиденциалды сипатына байланысты «NCOC» әрі қарай пікір білдіруден бас тартты», деп жазады халықаралық басылым.

Энергетика министрлігі өз кезегінде даудың арбитражды тәртіппен шешілетінін және мұның таза коммерциялық дау екенін меңзеп, қандай да бір дерек келтіруден бас тартқан.

«Eni» компаниясының хабарлауынша, Қазақстан билігі арбитраждық процедураны бас­тап кеткен. Италиялық компания үдеріс шарттарына қатысты нақты мәлімет айтқысы келмеген, дегенмен тұтастай алғанда «талап қою негіздерін немесе сұралған өтемақының нақты сомаларын ақылға қонымды немесе сенімді деп санамайтынын» мәлімдеген.

«Bloomberg» хабарлауынша, Қа­зақ­­станның апелляциялық соты күкіртті сақтауға қатыс­ты Үкі­­мет­тің шағымын қанағат­тан­дыр­­­ғаннан кейін компанияларды эко­­ло­гиялық бұзушылықтар үшін бө­­­лек 5,1 миллиард доллар айып­пұл кү­тіп тұр. Кен орнының опера­торы бол­са экологиялық және қар­­жы­­лық шағымдарға байла­ныс­­ты өз кі­нәсін мойындаудан бас тартады.

«Қазақстан бұған дейін елдегі екі ірі кен орнындағы сәтсіз­дік­терге байланысты әлемдік алпауыт компаниялармен текетіресіп қалған болатын. 2020 жылы «Shell», «Eni» және олардың Қарашығанақ мұнай-газ кәсіпорны бойынша серіктестері табысты үлестіру бойынша мемлекетпен туындаған дау-дамайды реттеу үшін 1,3 млрд доллар төледі. 2008 жылы Қашаған бойынша серіктестер қаражатты артық жұмсау және кешіктіру бойынша дауды реттеу үшін 5 млрд доллар төлеуге және үлкен үлесті мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» компаниясына сатуға мәжбүр болды. Қазір Қазақ­стандағы екі ірі мұнай кені­шін басқаратын компаниялар­ды ел Үкіметі арбитражға жіберіп жатыр, істің барысы рұқсатсыз жұм­салды деген айыппен мил­лиард­таған доллар кіріске қауіп төндіреді дейді мәселемен таныс адамдар», деп жазады «Bloomberg».

Басылымның меңзеуінше, егер осы істе мемлекет табысқа жетсе, онда өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша кен орын­дарынан түсетін кірістердің көбірек бөлігін ала алады.

Қазірге дейін белгілі болған жария емес ақпараттар бойын­ша, наурыз айында Үкімет Қаша­ған мен Қарашығанақтағы істі ба­қылау үшін Женева мен Сток­гольмде арбиртрларды тағайын­даған. Ал компаниялар өз арбитр­ларын әлі бекітпеген. Шағым барысында Қашаған жөнін­де – 2010-2018 жылдар, Қара­шы­ғанақ жөнінде – 2010-2019 жылдар аралығы қарастырылады. Шағым­дағы негізгі айыптау – мер­дігер-компаниялар Қашағандағы жұмысты толық көлемде орындамады және екі жоба бойынша тендер процедураларын бұзды.

«Қазақстанның Энергетика министрлігі, Қашаған және Қара­шығанақ бойынша басқару­шы компания «North Caspian Operating Company N.V. (NCOC)» және «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» пікір білдіру туралы өтінішке жауап қатпады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қаңтарында болған жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ел экономикасын қолдауға тырысып жатыр. Ол олигархтармен күресуге және ұлттық байлықты әлдеқайда әділ бөлуге уәде берді. Дерек көзінің мәліметінше, Қазақстан Үкіметі арбитраждан көбірек мұнай табысын алуды ғана ойлап отырған жоқ. Үкімет жергілікті компаниялардың табысын арттыру есебінен бұл істі ішкі экономика үшін мейлінше тиімді үдеріске айналдыру мақсатында мұнай кәсіпорындары пайдаланып отырған тендер жүйесін өзгертуге мүдделі», деп жазады басылым.

Қашағанға компаниялар 50 млрд доллар көлемінде инвестиция құйған. Бұл ретте жобадағы басты серіктестер – «Shell Plc», «Exxon Mobil Corp.», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Eni SpA» және «TotalEnergies SE.» «Shell» және «Eni» бастаған Қарашығанақ серіктестері жобаға 27 млрд доллардан астам қаржы салған.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, Қашаған кен орны туралы белгілі болған сәтте-ақ әлемнің алпауыт компаниялары оны игеруге қызықты. Қатты ұмтылды. Конкурсқа қатысып, жеңімпаз болуға барын салды. Ішінде бірқатар мықты компания болды.

«Алайда таңдаудың нарықтық капитализациясы 50 млрд доллар, тәулігіне 0,7 млн баррель өндіре алатын «Eni» компаниясына түс­кені түсініксіз. Жоба 2016 жылы, бекітілген мерзімнен бірнеше жылға кешігіп және алғашқы бағалаудан 7 есе артық болатын 60 млрд доллар шығынмен бас­талды. Жобалық өндіріс деңгейі – тәулігіне 400 мың баррель, қазір зауыттағы қиындыққа байланыс­ты тәулігіне 100 мың баррель өндіріп жатыр. Қазақстан 2000 жылдардан бері білім саласының өзіне 40 млрд доллар жұмсаған емес. Ал мұндағы 60 млрд доллар – тек бір жобаның құны ғана. Мемлекет бұл сәтсіздіктен сабақ алуға тиіс және алдағы уақытта осындай маңызды жобаларға арнап оператор таңдау кезінде қатаң іріктеу ұйымдастырғаны жөн. Критерий компанияның тех­нологиялық жетістігіне, қар­жылық, техникалық және кадрлық мүмкіндіктеріне негіз­делуі керек», дейді сарапшы.