Сенат • 02 Мамыр, 2024

Сенаторлар цифрландыру және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері туралы заңды мақұлдады

43 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысы барысында сенаторлар депутаттардың бастамасымен әзірленген «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар цифрландыру және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері туралы заңды мақұлдады

Фото: Н.Байбулин.

Заң операторлардың байланыс инфрақұрылымына, оның ішінде әкімшілік ғимараттарға, талшықты-оптикалық байланыс желілерін және ұялы байланыс құралдарын орналастыруға арналған өндірістік нысандарға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, желілер мен коммуникациялық нысандарды салу үшін қоғамдық сервитуттар белгіленеді. Мұндай қадам магистральдар бойындағы байланыс қызметтерін сапалы көрсетуді қамтамасыз етеді және байланыс операторларына инфрақұрылымдық шығындарды азайтуға, сондай-ақ, оларды саланы дамытуға қайта инвестициялауға мүмкіндік береді.

Несиелік бюро арқылы банктік несие немесе микронесие алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу немесе жою мүмкіндігі – заңда қарастырылған тағы бір маңызды өзгеріс екенін атап өткен жөн.

«Ақпараттық технология заманында сапалы цифрлық қызметтер барлық азаматтарға бірдей қолжетімді болуға тиіс. Мемлекет басшысы бұл мәселеге үнемі баса мән беріп келеді. Осыған байланысты Парламент депутаттары бүгін қаралған ауқымды түзетулер топтамасын әзірледі. Бұл заң байланыс нарығын, сондай-ақ, цифрландыруды дамыту және ақпараттандыру саласына инвестиция тарту мәселелерін қамтиды. Бірқатар түзету ғарыштық мониторинг деректерін пайдалану аясын кеңейтуге арналған. Сонымен қатар алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын болғызбауға бағытталған нақты шаралар қарастырылды. Жалпы, мақұлданған заң сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметтерін ұсынуға және Қазақстанның цифрлық әлеуетін дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.