Тұлға • 09 Мамыр, 2024

Майдангердің ұлы

42 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Адамның дидары – айна. Оған ойлы көзбен барлай қарасаң, көп жағдайда жарық жұлдыздай жан дүниесін, пейіл-ниетін білуге болады. Бірақ мұны сол адамға дос-жар көңілмен ақиқат осы деп, көбінде айта қоймаймыз, тіпті жақсылығын бүгіп қалып, қимайтынымыз да бар. Дидары мен жан дүниесі тең түскенге тәңірім қалауын беріп, пейілін кең етеді. Ондай адам арлы болып келеді. Керісінше, біреулердің мансабына бас ұрып, табаны тайған күні «қызмет қолдың кірі екен ғой» деп жалт береміз. Шындығына келгенде, ары бар, адамдық қасиетін берік ұстаған кісі қызмет қолдың кірі екенін, тізгін қолға тиген күннен сезеді, ертең жылы орнынан жылыстап кететінін біледі, жұрт ортасына қайтадан оралатынын аңғарады. Осыдан келіп, бәріне сын көзбен қарайды. Әрине, бұл көп адам түйсіне қоймайтын құпия, құпияны түсінбесең желік жел бергенде желпіндіріп жіберетін, артынан сан соқтыратын да жағдайы болмай қоймайды. Оны ұққан пенде ешқашан кенде болған емес. Оның сыннан сүрінбей өткен адамның қай кезде де жүзі жарық, үлгісін үкілеп ұстауға тұрады.

Майдангердің ұлы

Біз бұл байламдарды алдымен мына жарық дүниеге әкелген әке мен анасын ардақтаған, әр кез қос бәй­терегіне сағынышын еселеп жүрген, әке сынын көкейіне түйіп, сабақ ала білген, «балалары аман-есен көз алдында жүрген ана ешқашан қар­таймайды» дейтін анасын аялаған азамат туралы деректерге қаныққан соң алға тартып отырмыз. Ата-анасын құр­­меттеген адам, татымсызға бо­ла құл тірлігін кешпейді, жарамды ұл, жұрт кісісі ретінде жұр­ты­на қарекет етеді. Мақтау, марапат та, қызметтегі баспал­дақ та, көр­сетілер ілтипат та, даралық пен қай­­раткерлік те осыдан бастау ала­ды. Мұның бір ерекшелігі – түп та­мырын­дағы, тегінде, арды ойлаған әулетінде, жасандылықсыз жөнімен жарасым табатын іс-әрекетінде жатқаны ақиқат.

Ол – дидары ашық, биязы мі­нез, сөз құнын білген, ең бастысы құқық сала­сының сардары атанып, Отаны­мыздың дамуына өзіндік үле­сін қосқан қайраткер Қайрат Әбді­разақұлы Мәми.

Ол кісімен дидарласудың сәті Ас­танада, 2001 жылы отандық судья­лардың үшінші құрылтайы қарса­ңында болды. Мақала жазуға бар­саң, кейбір лауазым иелері қо­лын­дағы қырық құ­рау барын беріп, содан құрастырып шығарасың дейді емес пе. Бұл жолы басқаша арнада өрбіді.

Дидарласу үшін тиісті адамдармен хабарласып, тілдестік. Олардың айтқаны Қайрекең ақсақтың қайыр-сәлеміндей емес, тілшімен тікелей сұ­рақ-жауап тәсілімен бетпе-бет отырып әңгімелесуді қалайтынын айтты. Дайын­далдық, бардық. Шал­қайып отырып қол ұсынбай, сұс­ты мекемеде сұстан ада дидарын жылытып, жадырай сөйлеп, тік тұ­рып амандасып, хал-жайымызды сұрады.

Мемлекетіміздің сол тұстағы Жоғарғы сот төрағасы сен кім, мен кіммін демей еркін отырып ой бө­ліселік деді. Алға тартқан сұрақ­тарымызға байыпты жауап қай­тарды, біліміне қарай, тереңдеп барып халықтық қасиеттің ортаймас қазынасына да ден қойды, ұлт тіліне деген ілтипаты да тәнті етті.

Алғашқы ала құйын көңілдің тұсауы шешіліп, құрысқан жауы­рын жазылды. Үш жылда бір ша­қырылатын құрылтай туралы тарата айтып, әттегенайларды да бүгіп қалмай, алда тұрған міндеттерді мі­нсіз атқару мәселесін де қозғады. Бі­рінші құрылтайда қабылданған жарғы мен судья әдебі кодексіне тоқталып: «Өкінішке қарай, әріптестерім сол жарғы мен кодекс­те қаралған талаптарды орындай бермейді. Судья лауазымына ие болғаннан кейін ол тәулігіне жиырма төрт сағат бойы кім екенін ұмытпауы ке­рек. Қызметіне сай болуға тиіс», деп, осы талапты әр азаматқа қатаң жүк­теп келе жат­қанын тілге тиек етті.

Заманға қарай білім жетілдіру мәселесіне бет бұрғанда, Әділет министр­лігінің жанында судья­лардың білімін жетілдіретін инс­титуттың қаржы тапшылығынан жабылып қалғанын, соны қалпына келтіруге күш салып жатқанын жет­кізді. Қаржы көзін тапқанын да, ғимарат мәселесін шешкенін де тілге тиек етті. «Әділеттің ақ жолы – кешелі-беріден емес, сонау ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан дәстүр. Соның бір белгісі Жоғарғы сот ғимаратының алдында тұрған ардақты үш биіміздің: Төле, Қазыбек, Әйтекедей алыптардың тас тұғырдағы бейнелері дер едім. Соған қарап-ақ көп нәрсені аңғарғанға не жетсін», деді.

Ал мерзімдік ба­сылымдарға деген ниет түзулігі, тіпті сүйсінтті. Бәрі осындай болса ғой басшылардың дегізді. Әр кез тілшілерге есі­гінің ашық екенін, «делдалсыз» тікелей сөйлесуге болатынын, бұл халықтың сот ісінен хабардар болуына мүм­кіндік беретінін алға тартып: «Сол себепті де менің журналистер қауымына бір өтініш-тілегім бар. Ол сот реформасындағы оң қа­дамдар, кемшіліктер туралы сараптама мақалалар, тәжірибелі судьялардан сұхбаттар алынып, алуан түрлі тақырып қозғалып отырса, құба-құп болар еді»,  деп күн са­йынғы мерзімдік басылымдарды көз­ден таса қалдырмай, назарда ұс­тайтынын айтты.

Содан бері де жиырма үш жыл атқан оқтай, шапқан аттай өте шығыпты. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі тол­қын інілер» (Абай) деп қанша ұрпақ кетіп, қанша ұр­пақ жаңарды. Алдыңғы толқын қа­та­рын толықтырып келе жат­қан Қай­рекең туралы деректерді зердеден өткізгенде, тақыр жерге шөп шықпайтыны белгілі деген пайымға тоқтайсың. Тамыры мықты, мәуелі бәйтеректей өзекті, бұтағы сала-сала, жапырағы жайқалған, арғы жағын қоз­ғамай жеті атасынан тізгін тартсаң, шетінен жетелі болғанына көзің жетеді, көңілің иланады. Арғы атасы талай тауқыметті бас­тан өткеріпті. Мәми атасының тұң­­ғыш ұлы Жұмалы өткен ғасыр­дың 30-жылдарындағы алапатта аштықтан бұралған жұртына қыр­мандағы дән емес, масақ теруге рұқсат бергені үшін «халық жауы» атанып, атақты жазушы Шыңғыс Айт­матовтың әкесі Төреқұлмен бір­ге оққа байланған көрінеді.

Өз әкесі Әбдіразақ 1939 жылы әскерге алынып, сұрапыл соғыста Брест қамалын қорғауға қатысады. Бір алапат шайқаста командирі Григорий Ландышев ауыр жарақат алып, сержант Әбдіразаққа «енді мен қатарға қосылмаймын, өзіңді сақта, атып кет» дейді. Әбдіразақ оны ар­қалап алып, алға жылжи береді. Үшін­ші рет Григорий командир ретінде бұйрық беремін дегенде: «Ата алмаймын, біздің халықта өз қолбасшыңды ату – тұқымыңды өлтірумен бірдей», дей­­ді. Сөйтіп, жолдасын жау қолын­да қалдырмаған.

Әбдіразақ Мәмиұлы оң аяғын майданда қалдырып, елге ағаш аяқпен оралады. Бір ғажабы майдангерлер отыз жылдан соң хат алысады. «...Кіші сержант Мәмиевтің өзі де өлім халінде еді, үсті-басы қан жоса болатын. Егер Мә­миевтей ақыл­ды әрі қажыр-қайраты мол жауынгер болмаса, мен тірі қалар ма едім, қалмас па еді?» депті Гри­горий Ландышев естелігінде. Ол мына өмірден 1984 жылы қайтса, Әбдіразақ Мәмиұлы 1977 жылы фәниден бақиға аттаныпты. Міне, әр адамның өмір жолының сан бұралаңнан тұратынын, өтер өткелін, көрер күн, татар дәміңнің шыр етіп жерге түскенде тәңірім маңдайға жазғаннан аспайтынын осыдан түсінуге болатын секілді.

Соғысқа бір аяғын беріп, ағаш аяқты демеу етіп жүрсе де, оны ешкімге міндет етпей, бүкіл саналы ғұмырын Әбдіразақ Мәмиев мыңдаған ұрпаққа білім беріп, тәр­бие үйрету ісіне арна­ған. Ұс­таздың ұлы Қайраттың қадірлі болатыны әулет әлемінің ақылға ұйы­ған сабақтастығынан, ата-анасынан жалғасқан тәлім-тәрбиесінен екені айдай ақиқат. Оны санаға түйіп, қалыпта ұстау да екінің бірінің, кейде пешенесіне жазбайтынын кім жоққа шығара қойсын.

Жеті баланы дүниеге әкелген, еріне серіктесіп, телқоңырдай тең жүрген анасы да ұстаз еді. Ата-анадан кейінгі ұлы­лық ұстазға тән. Сол ұстаздардың ұлы Қайрат Әбді­разақұлы Алатаудың баурайында, жырау Жамбыл елінде өмірге келіп, ҚазМУ-дың заң факультетін бітірген соң жолдамамен Атырауға аттанды. Облыстық соттың қатардағы судьясы ретінде еңбек жолын бастаған жас кадр білімділігімен көрініп, талабымен танылды. Аудандарда болып, әр алуан сот үдерістеріне қатысты, теориялық білімді іс үстінде көрсетті.

Алғырлығы мен алымдығы ұш­тасқан ол сот төрағасының орынба­сары, төр­ағасы болып төрге озды. Сөйтіп, Жайық бойында он жыл­ға таяу уақытта қанаты қатайып то­лыса бастаған азамат Қазақ КСР Жоғарғы сотының мүшесі, Алма­ты қалалық сотының төрағасы қыз­меттерін атқарды. Қазақ елінің Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі алқасын басқарды. Осы бір жауапты қызметте жүр­генде жемқорлықтың жегі құртына, ұйымдасқан қылмысқа тосқауыл жасау бойынша іс шешімі қылмыстық алқада екі рет қаралып, бағасы бе­ріліп, ірі лауазым иелері жаза­лану керек-ті. Олар жан бергісі кел­мей жанталасқанда, әділдікті аттау сияқ­ты арына сын туған сәтте Қай­рат Әб­діразақұлы «еркек тоқты құр­бан­дық, мен отставка сұраймын» дейді.

Шырмалған шындықтың ақи­қатына көзі жеткен Мемлекет бас­­шысы санаулы айдан кейін оны сапқа қосады. Әділет вице-министрі, Президент Әкім­шілігі Мем­­лекеттік-құқық бөлімінің мең­герушісі – Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымында елге қызмет етті. Тоғыз жыл Жоғарғы соттың төрағасы, еліміздің Бас прокуроры, Парламент Сена­тының төрағасы секілді мәртебелі қыз­меттерді атқарды. Екінші рет Жо­­ғарғы сот төрағасы болып, одан кейін Конституциялық ке­ңеске жетек­шілік етті. Мемлекет алдын­дағы адал еңбегі үшін «Па­расат», І дә­режелі «Барыс», «Қазақ­стан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен марапатталды.

Арғы тектен құлаққа құйы­лып, ата-анадан бойға сіңіп, қор­ғасындай ой қо­рытқан асыл қасиет, әсіресе адал­дықтың отын жағып, адамдықтың туын ұстаған, шын­дықтың шырайын кір­гізіп, соның бәрін қоғамның дамуына бағыттаған Қайрекеңнің сан түрлі қызметі талайдың есінде, көптің көз алдында десек, артық айтқандық емес.

Құқық саласындағы қызметінде қолданыстағы заң талабын мүлтіксіз орын­дай отырып, адам тағдыры талқыға түскен кезде қазақтың салт-санасындағы, дәстүр қалыбындағы озық үлгіні таразы басында теңшеуді де естен шығармағанын жазған еңбектерінен де аңғарасың. Билер сотының үлгісін ұлттық құндылық деп, керек жерінде қолданып, шешендік өнерге де зейін қойғанын көресің.

Өз байламдарына келгенде, тұ­ғыры мықты тура билік айбыны мен айбары ерекше тұратын тәрізді. Ұлт тілі – ұлт тірегі дегенде ол, рухани құндылығымыздың өркенін өсіру бабалар аманаты, біз үшін өмірлік қағида, бір сөзбен айтқанда, сенген жұрттың сеніміне селкеу түсірмеу болыпты. Бұл да ұлт қайраткеріне ғана тән көкейіндегі қанатты қағида екені анық.

Қайрат Әбдіразақұлының жұрт баға­лайтын асыл қасиеті – бұлтақсыз адам­гершілігі. Оған өзіміз жақсы білген марқұм Ержұман Смайыл мен Шара­фаддин Әмір арасындағы алғаусыз сый­ластық куә.

Адамгершілік дегенде, бір оқиға ойға түсіп отыр. «Егеменнің» еңбек торысы Ерағаң біреулерге ұнамай қалып, қызметтен төмендетілген кез де болған-ды. Айыбы – ақиқатты айтып, әділдікті ғана сұрайтын тік мінез, турашылдығы. Жамырап жүретін жағымпаздарға сол себепті көз түрткі. «Жаңа» орнына сәлем бере барсам, қабағы ашық, жылы жы­мияды.

«Қайрекем телефон шалды. «Бір басылымға басшы болып барыңыз, ас­тыңызда мәшине – барлық жағдай жасалады» дейді. «Мен жағдайға бола жаралмаған, адал жұмыс үшін жаралған жанмын, ниетіңе рақмет, «Егемен» тілшілігін бермесе, аула сыпырушысын берер, ешқайда кетпеймін, осы қасиетті шаңырақтан, Алла өмір берсе, осы жерден зейнетке шығамын» дедім... Сөзіміз жарасатын ұс­тазымыз академик Зей­нолла Қабдоловтың Қай­рат туралы айт­қан мына бір бейнелі байламында ақиқат бар:

«Ұлы ұстазым, академик Әуезов бір жолы менен: «Шедевр деген сөзді қалай аударар едің?» деп сұрады. Іркілгем жоқ: «Көркемдіктің көкесі!» дедім. Сол секілді Қайрат Мәмиді әділдіктің көкесі дер едім».

Қайрекең туралы оқыға­ны­мыздан да, тілдескенімізден де ұқ­қанымыз – оның дидарында мейірім шуағы мол, соған сай ішкі әлемінің тазалығы алтын арқау тар­­тып жатыр. «Адал еңбектің өтеуі – ел-жұртыңның зор құрметі деп білемін. Біздің халқымыз – қашанда әділ билікті, шынайы заңды ардақ тұтқан, ақиқатын айтып, ақ жүруді қалаған өте турашыл ұлт», дейді жеті белесті ба­ғындырған хал­қымыздың ардақты тұлғасы, қос ұстаздың ұлы.

Осындай ұлт ұлына айналған қабыр­ғалы қайраткер, зердесі зерек, жұртына керек Қайрат Мәми туралы түйін сөзге кезінде заң ғылымдарының заңғары, ұстазы, ака­демик Салық Зима­новтың айт­қанына алып қосарымыз жоқ.

«Қайрат Мәмиге деген көңілім де, сенімім де ерекше. Әсіресе оның жо­ғары дәрежелі үкімет лауазымы бола тұрып, ғалымдарды сыйлауы, олардың еңбектерін құқық қорғау мекемелерінің іс-әрекетінің сүйеніші, тірегі деп тануы – кездесе бермейтін үлкен қасиет» депті, абыз ақсақал.

Иә, халқымыздың «ұлтым деген» осындай ұлағатты ұлы, тау тұлғалы азаматы Қайрат Әбдіразақұлы Мәми­дің атын ардақтап, ризашы­лық­пен төгілтіп айтқан лебізіміз де, көрсетер құрметіміз де әрдайым жарасып тұрары хақ.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі