Ауыл тұрғынының жазбалары

mykФейсбукта «Ауыл тұрғыны» деген никпен жазатын бір кісі бар. Шын аты-жөні Мықтыбек Оразтайұлы. Ауыл өмірін сипаттайтын қысқа әңгімелері, елдегі түрлі жағдайлар жайлы кейде өткір, кейде мысқылдап айтатын пікірлерімен бұл кісі әлеуметтік желінің қазақтілді бөлігінде әжептәуір танымал. Арасында өлең де жариялап тұрады.

Біз Мықтыбек Оразтайұлының соңғы бірнеше айда жариялаған жазбаларынан іріктеп топтама ұсынуды жөн көрдік. Жарияламас бұрын өзіне хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.

Осы жазда Мықтыбектің бір жазбасы кәдімгідей дау туғызды. Оның өзі егіс басына құрған күркесін «шартақ» деп атағанын көрген кей қолданушылар «Қазақта шартақ деген сөз  жоқ» деген пікір айтты. Мықтыбек қазақтың белгілі жазушыларының әңгімелерінен бірнеше мысал келтірді. Оған да қоймаған соң, «Шартақтың не екенін шартақта жатқан мен білем бе, әлде сіздер білесіздер?» деп дауды аяқтаған еді.

Мықтыбек Оразтайұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында тұрады. Негізгі айналысатын кәсібі – дихандық. Сәбіз бен пиязды жазда жинап болды. Енді мақтаны күтіп отыр. Шаруа қызып тұрған кездің өзінде де ол күніне 1-2, кейде 4-5 пост жазады. Түсте және кеште жұмыстан келгенде жазады. Мықтыбек «Шығыстан Үркер көрініп қалыпты. Кәдімгі топтасқан жұлдыздар шоғыры. Жаз ортасынан ауғанда көріне бастайтын еді. Үркер туды дегенше араға 15-20 күн салып Таразы да қылаң береді. «Таразы туса таң суиды». Оның арғы жағында бір қырдан соң — Күз де келіп жетеді. Жаздың да жартысы артта қалыпты-ау» сияқты болып келетін «халық астрономиясы» туралы жазбаларды да ауық-ауық жариялап тұрады. Өзі бала кезінен астрономияға қызығады екен.

Мықтыбек Оразтайұлын шағын әңгіменің шебері деуге болады. Айтуына қарағанда бүгінге дейін ол жүз шақты қысқа әңгіме жазған. «Өзіңізді кім санайсыз? Блогер, жазушы, ақын?» деген сұраққа, «Ақын бәлкім. Бірақ Фейсбук менің хоббиім ғана. Кейде жұрт «Журналиссің бе? Қайда істейсің?» деп сұрайды. Сол себепті Фейсбуктегі атымды «Ауыл тұрғыны» деп өзгертіп қойдым» дейді.

Енді кезекті «Ауыл тұрғынының» жазбаларына берейік.

***

Кеше базарға сәбіз апарғанбыз. «Сәбізің майдалау екен» дейді сонда жүрген жылмаңдап қалған пысық «посредниктер». Оларды жақсы білем ғой. Тауар алатын болса тек мінін айтып шыға келеді. «Ірі сәбіз болғанда ғой, қымбаттау бағаға алар ек. Мынадай майда сәбізді базар нарқы көтермейді» деді.

Бүгін әбден сұрыптап ірісін апардық. Кешегі саудагерлер алдымызды кес-кестеп, пайда бола кетті.
— Сәбіз бе? Қаншадан бересің?
— Кешегі бағаға.
Мен де аздап қитығып тұрмын.
— Сәбізің кешегідей ме? — дейді олар. «Жүзіктің көзінен өтіп кететіндер» сірә, осындайлар болар.
— Көрсейші өз көзіңмен…
Ірі-ірі, сояудай сәбіздерді қолмен ұстап көріп:
— Неге сонша ірі? Дәріні аямай бергенсің-ау. Мұндай сәбізге алушылар жолай бермейді…

Бұларға дауа жоқ екен. Ең үлкен сәбізбен дәлдеп тұрып, жіберіп ұрсаң ғой

Сонымен, отырмыз енді «базарға қандайын апарсақ екен» деп. Жиын-терім қызып жатыр. ФБ-ға кіріп данышпан болуға да уақыт жетпей жатыр.

***

Тойда бір әпкемізбен дастархандас болғанбыз. Тост беріп ек, біраз көсілді. Соңында:
— Бүгін түнде ғана жазылған өлең еді, — деп алып, бір өлеңді мәнерлеп оқыды. Ана туралы екен. Анасының көзі кеткендер біраз көздеріне жас алды…

Төрт-бес ай уақыт өткен соң сол «ақын» әпкемен тағы басқа бір тойда жолықтым. Әдеттегідей, тост кезегі берілгенде тілек дегенді жаңбырша жаудырды.
— Бүгін ғана жазылып еді, сиясы кеппеген өлеңді сіздерге оқып берейін, қабыл алыңыздар, — деп өткендегіше кіріспе жасап алды да, өлеңді оқыды. Ана туралы бастағанынан-ақ өткендегі өлең екенін бірден білдім.

Төрт-бес ай бойы өлеңнің сиясын кептірмей сақтап жүргеніне риза болдым.

***

«Жаназа» демекші… Әжем қайтыс болғанда өкіріп тұрып жыладық. Біз жақта марқұмның туыстары (туыстары болғанда, ер адамдар) аулада сапта тұрады да, көңіл айтып келгендермен көріседі. Дауыс шығарып жылайсың. Қатты жылап жібердік пе, аулымыздағы «аузы батыр» атанып кеткен Фатима шешеміз:
— Сонша еңірегендері несі-ей! Жылай бермеңдер! Болды! Әжелеріңдікі той ғой! Бәрібір тіріліп келмейді! — ұрсып берді. Апамыздан жасқанып, қатты жылауға да тартынып қалдық.
Бір кезде көңіл айтып тағы бір «аузы батыр» апамыз Перде келді. Фатима апамыздан қорқып жылап жарытпаған бізге дүрсе қоя берген.
— Әжесі өлген адам құсап жыласаңдаршы! Мыналарың не?! Қыңсыламай дұрыстап дауыс шығарыңдар! Әжелерің сендерді бір жапырақ ет кездеріңнен адам қылды ғой!

Күйгенде «аузы батыр» шешелерімізден күйгенбіз. Жанымдағы жиенім болса: «мұндай жерде әжесі өлмегеннің бәрі ақылды, үндеме» деді маған жәй ғана.

Әншейін, есіме түсіп кетті. Әжем осыдан 22 жыл алдын 78 жасында өмірден өтіп еді… Бізге ұрсатын «аузы батыр» Фатима апа мен Перде апа да әлдеқашан бұл дүниеден көшіп кеткен.

***

— Өзбектер ақша табу үшін біздің ауылда жүр.
— Бәрін өзбекке істетіп ауылыңның адамдары не бітіріп жүр?
— Қолдары тимейді. Ақша табу үшін Астанаға, Шымқалаға кеткен.

***

Бір кемеңгер қария немересіне өмір сырын былай деп айшықтап айтып жатыр екен:
— Әр адамның көкірегінде екі қасқырдың өзара тайталасына ұқсас тартыс жүріп жатады. Оның бірі күншілдік, қызғаныш, өзімшілдік, өтірік сияқты жаман қасиеттерді бейнелесе, екіншісі сенім, шындық, мейірім, адалдық секілді жақсы қасиеттерді бейнелейді. Бұл екі қасқыр сәт сайын, қадам сайын айқасып, өмір бойы күресумен болады …
Сонда немересі атасының сөзін бөліп, былай деп сұрапты:
— Ал ең соңында қай қасқыр жеңеді?
Атасы сәл ойланып отырып жауап беріпті:
— Сен қайсысын көбірек қоректендірсең, сонысы жеңеді.

***

Бір атамыз бағбан-тұғын. Он шақты жыл бұрын дүниеден өтті. Әлі есімде, ертеректе үйінің алдындағы жеміс ағаштарының артық бұтақтарын кесіп, көктемге дайындап жатқанда бір құрдасы:
— Қартайғанда сен де тынбайды екенсің. Тыныш жатсайшы, бәрібір мұның рахатын да көрмейсің ғой, — деп мұны кекеп-мұқата берді.
— Өзім жемесем бала-шағам жер. «Артыңда мал қалғанша тал қалсын» демей ме?
— Әй, сол бала-шағаң да қадіріңді біле қойса жақсы. Ертең өлген соң бәрі де қалады, көресің ғой, — деп құрдасы сөзінің соңғы жағын әзілге бұрып жіберген. «Өліп қалса қалай көреді?» деп қоямын мен…

Сол кезде періште аумин деген бе, расымен де артында қалған бала-шағасы ақсақал күтіп-баптаған бақтың қызығын көрген жоқ. 2005 жылы бағбан ақсақал өмірден өткен соң артынша жалғыз ұлы ауылды жерсінбей, қаланың ортасына көшіп кетті. Атаның көзі тірісінде амалдың жоқтығынан ғана ауылда тұрып келген екен.
Ол үйді сатып алған адам «ретсіз салынған, бардак» деп бау-бақшаны шауып тастады да, орнына басқаша қып үлкен үй тұрғызып алды. Баяғы бақтан жұрнақ та қалмады…

Бұл да тозып бара жатқан ауылдың бір көрінісі еді.

Бағбан ақсақалдың құрдасы әулие ме деп қалдым.

***

— Шолпан жұлдызы көтерiлгенде жарқырап, ашық көрiнсе, сол жылы шөп қалың, жыл жақсы болады. Ал Шолпан жұлдызы күңгiрттенiп, солғын көрiнсе сол жылы жердiң көктеуi нашар, тақыр, жыл жайсыз, тiптi құрғақшылық жұт болуы мүмкiн деп болжайды. Есепшiлердiң тәжiрибесiнде әр 8 жылда бiр рет Шолпан жұлдызы күңгiрт, солғын көрiнедi екен. Ауыр жұт көбiнде осы жылдарда болады, — дейді халық астрономиясы.

Бүгін ертемен шығыстан Шолпан жұлдызын (негізі ғаламшар ғой) байқадым. Жарқырап тұр екен. Молшылық болады деп ырымдадым.

***

Маған күз ұнайды.

Біріншіден, ең берекелі маусым. Біздегі молшылық күзде болады.
Оның үстіне жаздағы өкпені сығып, ми қайнатқан аптаптың беті қайтып, еркін дем аламыз.
Шыбын-шіркей, маса, үндемес секілді қансорғыштардан құтылып, тыныш ұйықтай бастаймыз. Түн ұзарады, ұйқы да қанады. Ұйқы қанған соң тірлікке деген құлшыныс та, қабілет те арта түседі (өз тәжірибемнен).

Жаздағы ауыр, қара жұмыстар бітеді, кетпен мен күрек дем алады. Біз де ауыр бейнеттен дем аламыз. Ала жаздайғы бейнетіңнің жемісін жейтін осы шақ.
Мынадай себептерден соң әрине, күзді ұнатамын.

***

Бірнеше күннен бері 78 адам достық ұсынып тұр екен. Оларды қабылдасам бір дегеннен 78 топқа мүше боп шығарым анық. Түрлері сондай, топқа қоса беретін біреулер сияқты. Өйткені парақшаларындағы жазбалардың көбін «Кетші бар», «Мағыналы сөздер», «жаннат аңсаушылар» секілді топтардан бөліскен.

***

Қырғызстанның Риодағы жалғыз қола медалін допингті желеу етіп тартып алыпты. Бір түйір медальда нелері бар десейші. Әзербайжан мен Ресейге бере салсын, жыртықтарын жамай қойсын солар-ақ.

Осы, бізде қола мен күміс көп қой. Біреуін қырғыздарға бере салсақ қайтер екен?

***

Үлкен ұлым базарға барып, мектепке керек-жарақтарын түгендеп келген.
— Базар қымбат екен ғой, — дейді.
— Қымбат болса «кішкене бағасын түсіріп беріңіздер» деп саудаласпайсың ба? — деп ақыл үйретемін.
Ұлым саудаласуын саудаласқан. Саудагерлер бұған: «Биыл мақта қымбат болады, ештеңе етпейді» деп айтыпты.

«Мақтаның бағасы жоғары болады» деп базардағы нарық алдын-ала біраз көтерілгенге ұқсайды. Ал, шындығында мақтаның бағасы әлі белгісіз. Саудагерлер де сыбысқа сенгіш, бірден көтере салады.

***

Жұрттан да ұят болды. Қашан қараса да ФБ-да отырам.

***

Жетісайға бармақ болып, таксиге отырдым. «Тағы бір адам мінсін, сосын жүреміз» деді таксист. Алдыңғы орын бос екен, қонжия кеттім.
Артта екі қыз отыр екен.
— Селфи жасап жіберейік, «Алматыға жолға шықтық» деп инстаға шығарамыз, — деді біреуі.
— Өзің сала бер, мен түспеймін.
— Қойши тәлпіштенбей, мен сыныңды бұзам ба не? Дауай, түсеміз.
— Жооооқ, жооооқ, түсірме! Мына көйлекпен түскен суретімді кеше инстаға сап қойғам. Басқа көйлегі жоқ адам құсап бүгін тағы да салам ба, ужыс…

Бір тойға киген көйлекті келесі тойға кимейтін кербез әйелдерді білуші ем. Мына қыз шамасы, сондай әйелдердің қызы яки сіңлісі болар деп топшыладым.

***

Ата-анаңның шаңырағынан ыстық нәрсе жоқ. Енші ап кетсең қиын. Қазаны бөлек үйге айналады. Әйтпесе өзіңнің өсіп-өнген шаңырағың. Барасың, көзіңе ыстық, бірақ ол үйде тұрмайсың.

***

Сілтеп қоятын бір танысым бар. Бала күнімнен танимын. Жасы менің әкеммен шамалас адам. Бірге қой баққан күнім де есімде. Қой бағып жүріп те жартылығын тастамай сілтеп жүреді екен. Мен жақтырмаймын.
— Ә? Мені жақтырмай жатсың ба? Айта бер, көзіңнен біліп тұрмын. Бірақ маған әлі бақ қонады. Сол кезде мені жек көргеніңе ұяласың. Мен әлі-ақ бақытты боп кетемін, — деді. Кешке дейін соңғы сөйлемді әлденеше рет қайталады. Мен одан бір-ақ күнде ығыр болдым.
Сол күннен соң одан қашып жүретін болдым. Қойды басқа жаққа жаямын.
Кейін ол кісі қызмет бабымен Шардара жаққа көшті. Одан бері 25-26 жыл өтті. Мүлдем жат адамға айналып кетті.
Былтыр ауылдағы жамағайындары үлкен той берді де, тойға ол да келді. Әлі сілтейді екен. Әзер таныдым. Санамда баяғы 90-жылдардағы бет-әлпеті сақталып қалған ғой. Тозып, шөгіп кеткен. Мені де зорға таныды.
— Кел, бірге ішейік, — деді маған. Жанында отырдым. Көп мылжыңдайды екен.
— Неге арақты қоймайсыз? — дедім, оның мүмкін емесін білсем де.
— Арақты қойған күні мен өлемін.
— Неге?
— Врачтар солай айтты. «Арақты қойған күні өлесің» деді. Әйтпесе бауырым бір-ақ күнде іріп кетеді.
Осылайша біраз сөйлестім.
— Саған рақмет. Сен болмасаң мыналардың ешқайсысы мені адам екен демейді. Менімен сөйлеспейді. Әзер амандасады. Менсінбейді. Мейлі, менсінбесе атаңанәлеттердің аяғына жығылам ба.
— Мені Шардараға көшіріп жіберген де осы ағайындарым, — деді сонан соң. — Әйтпесе осы жақтан да жұмыс табылар еді ғой маған. Жарайды, қойшы… Көресің. Мен әлі бәрінен озамын. Сонда бұлар мені менсінбегендері үшін ұялатын болады!

Баяғы әңгімесі әлі сол әңгіме екен. «Мен әлі-ақ бақытты боламын» деген баяғы ескі үміті 25 жыл өтсе де бүгінге дейін үзілмепті.
Бірақ әңгімесінің сарынына қарасаң ең бақытты адам сол секілді…

***

«Қарға тамырлы қазақ»…
Той үстінде адамдар бір-бірімен бақайшағына дейін сұрасып шығады. Келген құданың өзі жайлы сұрайды, қайынжұртын сұрайды, әйелінің руын сұрайды, нағашысын сұрайды, құда болған жерін сұрайды. Қашан «қарын бөле» боп шыққанша тоқтамайды. Сосын ғана басқаша сыйласады…
Бағана бір апамыз келген құдашамен сұрасып жатты.
— Әй құдаша, сенің Ерғали деген жездең бар ма?
— Бар ғой, апа.
— Бәсе, жүзің таныс айналайын. Құдаша екенсің ғой.
Ол қыз онсыз да құдаша-тұғын.
— Жездемді қайдан танисыз, апа?
— Еее, ол Ерғалижан өзіміздің қолда өскен бала ғой, айналайын. Анаң қалай, қуатты ма?
Құдаша осы жерде бірден жауап бере қоймады. Апамыз сұрағын қайталады.
— Апа-ау…
— Анаң қуатты ма деп жатырмын ғой?
— Анам қайтыс боп кетті ғой.
Апамыз селк ете қалды.
— Астапыралла, қашан?
— Біраз болды ғой…
Апамыз іштей ғана О дүниеге аттанып кеткен бейтаныс құдағиға «иманды болсын» айтып жатты.
— Біз неге естімедік екен… Мына жүгермек қайын енесінің қайтыс болғанын бізге айтпай, өздері көме салған ба? — деп кейіді де, құдашаға сұрағын жаудыра түсті. — Айтпақшы, Ақмарал әпкең осында қызмет қып жүр ғой, онымен амандастың ба?
Енді құдаша аң-таң бола қалады.
— Менің Ақмарал деген әпкем жоқ қой, апа-ау.
— Жоғы қалай? Сен Ерғалидың балдызы емессің бе?
— Иә. Бірақ сіз қай Ерғалиды айтып отырсыз?
— Өзіміздің. Осы ауылдағы Ерғалиды.
— Әәәәәә, — деп күлді құдаша. — Менің Ерғали деген жездем Қазығұрттан ғой. Бұл ауылда тұрған емес…

Құдаша мен аңғал Апамыздың диалогына осымен нүкте қойылды. Әлгі құдағидың қайтыс болғанын бұл апам неге естімегені мәлім болды.

Зая кеткен сұрасулар-ай.

***

Бір атамыз жүзден асқан шағында өмірден өтті. Кәдімгідей алжыды. Жас кезінде түйе баққан екен. Алжыған кезінде көшеге түсіп, баяғы өзі баққан түйелерін іздеп кететін. Көшеде көрінген адамнан «Менің түйелерімді көрдің бе?» деп сұрайтын көрінеді. Кейбіреулер «түйеңіз мына жақта жүр» деп алдап, жетектеп үйіне апарып тастайтын.
Бір күні жоғалып кетті. Бүкіл көше болып жас-кәрісі бірдей аяғынан тік тұрып іздеді. Сұрастырады, ешкім көрдім-білдім демейді. 70-ке жақындап қалған ұлы болса:
— Ойбай, бір шұқырға түсіп кетіп өліп қалмаса болғаны ғой! — деп еңіреп жылап жүр.
— Әй, әкең жүзден асты ғой, несіне жылайсың? Қайтыс бола қалған күнде де ол кісінікі той ғой, — деп адамдар басу айтса да жұбанбайды. Қанша алжыса да әкенің аты әке екен ғой, шіркін.
— Мен білсем, ол кісі Адай ауыл жаққа кеткен, — деді бір кісі. Ол да мүмкін, Адайлар түйе асырайды ғой. Бала-шағасы ескі «Уазикке» мініп алып, Адайлар тұратын көше жаққа жөнейді. Ауылдың шетінде қағулы тұрған түйелерді жетектеп, суарып жүрген жерінен тауып алады. Бірақ үстіндегі шапаны, басындағы тымағы жоқ болып шықты, ол киімдерін көшеде кездескен адамдар «біз де ұзақ жасайық» деген ырыммен шешіп алған екен. Мұнан соң да сол түйелер бар жаққа қашып кете бергенін доғармаған.

Кейін білсем, 1987 жылы 105 жасында өмірден өткен екен. Жетпіске келген ұлы «алжыса да, есін білмей қалса да әке деген бір асқар бел екен ғой, сол кісі барда ештеңені уайымдамай, өзімді бала сезінуші ем, енді міне, жетпіске келсем де әкесіз жетімдікке үйрене алмай жүрмін» деп кемсеңдеп жылапты…

Өмірімде «алжу» деген нәрсені өз басым тек сол 105-ке келіп қайтыс болған қариядан ғана көрдім. Мына біздер қартайып, алжитындай болсақ нені іздеп сандалар екенбіз деп ойлап қоямын.

***

«Мен ақын емеспін» деп алып өлең жариялай беретіндер көп екен. Ақын болмасаң өлең жазба. Жазған соң «ақын емеспін» деп айтпа.

***

Бір қарағанда өміріміздің басым бөлігі «показуха» сияқты. Олай дейтінім, бағана бір танысым хабарласқан.
— Ана пәленше ауырып қалыпты. Барып қайтайық. Ұят-ты. Сәл отырып, көзіне көрініп қайтсақ болды да.
Көзіне көрінсек есеп. Рас, ауырып қалған әрбір досыңның үйіне барып сағаттап отыра беруге уақыт тығыздығы көтермейді. «Қалайсың?» деп халіп сұрап барсаң да төбесі көкке жетуі мүмкін.

Өткенде ауылда бір кісі дүние салды. Жаназасы шығарылатын күні бардық. Күн дегеніңіз жанып тұр. Сол үйдің қайғылы адамдарымен көрісіп шықтық та, көлеңке іздеп кеттік. Анадай жердегі ағаштарды саяладық.
— Тезірек жаназасы шығарылса болар еді. Қайту керек еді.
— Қайта берсейші. Сені кім ұстап тұр? Көздеріне көріндің, болды да. Одан артық не керек?..
Кей адамдардың әңгімесі осылай өрбіп жатты…

Тойда да сол.
Көшеміздегі бір ағайынның тойына бардық. Екі-үш тостан соң менімен бірге барған серігімнің мазасы қаша бастады.
— Беретінімізді беріп қайта салу керек еді. Шаршап кеттік қой, мына тамаданы да қайдан тауып алған, миды қағып алды-ау қақсай беріп… — деп отырды.
Той иесінің көзіне көрінсек есеп сияқты.

Аурудың халін сұрағанда оның көңілін көтеру үшін, серпілту үшін, ал жаназаға барғанда көңіл айту үшін, жұбату үшін, тойға барғанда қуанышына ортақ болу үшін бару керекпіз ғой. Біз болсақ, көп жерлерге «көзге көріну» үшін бара саламыз…

Келешекте ондай жерлерге фотоға түсіп, желіге шығару үшін бару үрдіске айналуы мүмкін… «Пәленше өлгенде», «түгеншенің халін сұрай барғанда», т.б

***

Жалған ақпарат таратқандарды емес, қасақана адам өлтіргендерді жазалап қарық қып алса. Жүрейік енді, «пост жазып қойып ем, соған жауапқа тартылып жатырмын» деп…

Естіген елден де ұят шығар.

***

— Жеті атаға жетпей қыз алыспайтын ҚАЗАҚтардың гені де, қаны да таза!
— Бәсе… ҚАЗАҚ неге тек ҚАЗАҚТЫҢ ғана қанын ішіп, бір-бірінің етін жейді десем…

***

Жұртты жиып ас бергеніңде кейбіреулер шақырусыз қалса ұялып жүресің.

Интернетте де тамақтың суретін салып, оған пәлен адамды отметкалап, кейбіреулер отметкаланбай ұмыт қалса, олардан да ұялып жүретін кез келе жатыр))

***

Бір ретте бір көшеде тұратын ауылдасым қой алатын болған. «Мен де қойымды базарға апарамын, менікін ала салсайшы» дедім. «Жоқ, базардан таңдап тұрып алайын» деген. Мен қойымды базарға апардым да, 19 мыңға әзер өткіздім. Менен сатып алғандар алыпсатарлар екен. Бір қызығы, ол алыпсатардан ауылдасым 26 мыңға сатып алыпты. Ертесіне сол қойды сойып, құран оқытты. Екі ортада екеуміз де алыпсатарға жем болдық, базарға барып күнге күйіп, шекеміз тырысқаны артықша бейнет болды…
Кім ақымақ?

***

Бір тойда сол үйдің күйеу баласы белсеніп той қызметін жасап жүрген. Қазіргі күйеулер өз балаңнан да бетер ерке ғой. Ол да сондай екен. Емін-еркін жүргені соншалық, оны ол үйдің күйеу баласы деп еш ойламайсың да.
Бір кезде тәлтіректеп, мас болып қалды. Көп мыжып кетті. Үлкендердің біреуі:
— Әй, күйеу бала, осы еркелегенің де жетер, бар, сыртқа шығып шәй қайнат, өз орныңды біл, — деді жаратпай.
Күйеу баланың да уәжі дайын тұр екен.
— Ееее қайнаға, мені олай қумаңыз. «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деген ғой.
Шынында да біз жақта осы сөз көп айтылады.
— Оған таласым жоқ. Бірақ пайғамбар да арақ ішіп, артық сөйлеген сен сияқты күйеу баланы жақтыра қоймас… — деді әлгі кісі.
Күйеу бала «өшті». Дастарқанның берекесін ала берген соң сыртқа шығарып жіберді.

Әркім қай жерде болса да өз орнын білсе ғой.

***

Кей достарым әңгіме сұрайды. Айтқың-ақ келеді. Бірақ айтатын нәрсе жоқ.
Үйден шығамын. Қындыбайдың фазендасын кесіп өтемін. Өрмекшілерді, ұшып жүрген ара-шегірткелерді айтпағанда ол фазендада жан баласы тұрмайды. Өріктері төгіліп, аяқ асты боп жатыр. Алма ағаштары шатысып-бытысып кеткен мини-джунгли. Бір түп құрма ағашы бар еді, «аспанмен таласқан» жабайы соралардың арасынан көрінбей қалған.
Ары қарай көпірден өтемін. Ол жерде шаштарын тықыр қып ап тастаған он шақты бала у-шу боп шапылдатып шомылады да жатады. Қай кезде өтсем де.
Одан әрі Айтбайдың 80-дік насосы тырылдайды да тұрады. Айтбай басына ақ шаршы орап алып сол жерде жүреді. Сенімен сөйлесу тұрмақ амандасуға да шамасы жоқ.
Ары қарай тегіс жол. Жолдың шетінде Бегалының бөгелектеген тайы қағулы тұрады. Теуіп жібермесін деп айналып өтемін. Жан керек.
Тағы 100 метр жүрсем шартаққа жетемін.
Қайтарда да солай. Бегалының тайы, Айтбай, шомылып жүрген он бала, адамы жоқ фазенда, өз үйім…

Күнде көретінім осы. Қайдағы әңгіме сіздерге…
«Жақсы көргенін айтады» демекші, солай.

Айдары
ЕлҚоғамРедактор таңдауы
5 пікір жазылған
  • Нұргүл
    28 қыркүйек 2016 at 08:18
    Пікір жазу

    Керемет, ауыл тұрғыны жан-жақты екен, ауылдың да, қаланың да әңгімелерін мәйегін келтіріп отырып жазыпты. Астрономиялық қазақы болжауларға сүйенгені де ұнады. Қаламы мұқалмасын!

  • Акбопе
    28 қыркүйек 2016 at 11:57
    Пікір жазу

    Керемет! Окып отырам макаларын!

  • жазбагер
    28 қыркүйек 2016 at 12:19
    Пікір жазу

    Қазақтың Шукшинін тауып алдық. Не деген боямасыз тіршілік! Қалам ұстаймыз деп жүрген біздікі мына кісінің жанында жай әурешілік пе дедім. Ауылдан табылған таланттың жазған әңгімелерін қызығып оқып шықтым. Кітабын бірінші болып сатып алуға әзірмін…Фейсбук желісі арқылы небір ашылмаған аралдарды танып-біліп жатырмыз. Одан тыс өмір сүру мүмкін емес.

  • Ақбөпе
    28 қыркүйек 2016 at 12:52
    Пікір жазу

    Керемет!
    Посттарын оқып отырамын.

  • Сəбит Лаханов
    29 қыркүйек 2016 at 02:17
    Пікір жазу

    Ауыл тұрғынымен таяуда бір тойда таныстым. Асабалық қызметті де тура осылай боямасыз өте əсерлі əдемі атқарды. Өзінің əншілігі бір төбе. Домбыраны жақсы тартады екен. Риза болдым.

  • Пікір жазу

    *

    *

    8 − 3 =

    Мұрағат
    қыркүйек 2016
    ДсСсСрБсЖмСнЖк
    « Там Қаз »
     1234
    567891011
    12131415161718
    19202122232425
    2627282930 
    QR-код

    Осыған ұқсас