Сөз тапқанға қолқаның қандай қатысы бар?

14877216_1787644781483569_572147489_n

Ұлт ұстазы Ахаң: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады», — дейді. Біз мұны көбінесе сөздік қорымызға кейінірек енген «мемлекеттік тіл» төңірегінде қолданып жүрміз. Асылында, Ахмет атамыздың айтпағы бұдан өзге. Бұл мәселені Жапониядағы мынадай бір жағдаймен салыстыра айтқанда түсініктірек болар.

Жапондар тілін сақтау үшін күріш егеді

Жапония жері тар, табиғаты да сонша қолайлы ел емес екені әмбеге аян ғой. Екі аралы «өлгелі» жер жағынан жағдайлары тіптен қиындай түскен. Осыған байланысты олар күрішті өздері екпей-ақ, сырттан экспорттап алғаны өте тиімді болмақ екен. Алайда, сырттан күріш алуға кететін қаржыдан он есе көп ақша шығарып, шығынға бата отырып күрішті өздері егуге шешім қабылдаған. Оны егетін, қарайтын адамдарға да жоғары айлық төлеп әуре сарсаңға түсіп отыр. Неге? Бір қарағанда сонша ақшаны бекерден бекер желге шашып, күріш егіп ерігіп, ойнап отырғандай сезілген жапондардың қайғысы басқа екен. Мәселе тілге, тіл ділге, ділі ұлттық болмысына әсер етіп, жапондар күріш екпей бұлай кете берсе ұлт жоғалмақ екен. Өйткені, жапондардың 70-80 пайыз сөзі күрішпен байланысты болып шыққан. Егер жапондардың санасынан бұл сөздер, осы сөздер беретін ұғымдар жоғалса жапон да жоғалмақ. Әлемге ортақ техникалық тілдер ұлттық болмысын, дара ерекшеліктерін жойып тынбақ. Мына жанталастық соның алдын алу. Жапондардың 70-80 пайыз сөзі күрішпен байланысты болса, біздің 70-80 пайыз сөз көшпенді өмірмен, төрт түлік малмен байланысты ғой, мұндай мәселе бізде жоқ па?

Сөз тапқанға қолқаның қандай қатысы бар?

Бұл күнде көптеген мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестерін әңгіме арасына қыстырып жібергенімізбен ары қарай оның мағынасын тарқатып бере алмаймыз. Кейде тіпті алғашқы мазмұнынан мүлде алшақ мағынада қолданамыз. Неге?

Біз де көшпелі дәуірден отырықшылыққа ауысқалы сол кездегі кейбір заттарға байланысты қалыптасқан атаулардың өзін ұмыта бастадық. Қазақтың ол дәуірін неше буын ұрпақ көрген жоқ. Содан кейін де ол атауға байланысты кей мақал-мәтелдің, тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын түсінбейміз. Мысалы, «сөз тапқанға қолқа жоқ» дейміз. Мағынасы қандай?

Оны түсіну үшін ең алдымен «қолқа» деп нені айтатынымызды білу міндет. Қазақстанның «Уикипедия» ашық энциклопедиясындағы мәлімет бойынша: «қолқа – омыртқалардың қан айналыс жүйесінегі ең ірі артерия қан тамыры».  Жарайды, делік. Ендеше, мұның «сөз тапқанға» қандай қатысы бар? «Қолқа сала келдім», «қолқалап болмаған соң…» деп келетін тіркестердің ше? Дәл мына анықтама бойынша бұларды қанша қолқаласақ та, бір-біріне жуықтата алмаймыз. Демек, «қолқа» деп аталатын екінші бір зат бар. Иә, аталарымыз тағы нені «қолқа» деп атады?

Түйеге жүк арту үшін 7-8 құлаш екі арқан керек. Сол екі арқанды қосақтап, кесілген жеңдей қуыс киізден өткізеді. Сол қуыс киізді «қолқа» дейді. Қолқа арқанның тең ортасында болып, жүк артқан кезде түйенің дәл төсіне келеді. Яғни, түйенің төсіне арқан батпас үшін жасалынған зат. Бір қызығы, бұл киіздің сыртқы формасы анау ағзадағы қолқамен ұқсас. Сол үшін де осы қуыс киізге ағзадағы қолқаның атауын берсе керек.

Міне, біздің мақал-мәтелдеріміздегі «қолқа» сөзі осы затқа байланысты. Себебі, түйеге жүк арту үшін оны шөгеру керек, шөгеру үшін арқанның бір жағын шумақтап алып қолқаны төс тұсына келтіре, түйенің мінер жағынан қамшылар жағына өткізе лақтырамыз. Түйені қазақ осылай қолқа салып шөгереді. Енді, үйретілмеген асау тайлақ болмаса, жүк артылған түйе атаулы иесі қолқа салғанда өзіне жүк артатынын біледі, өздігінен шөгеді. Тіпті кейде бала-шаға бұйдасынан сілкілеп шөгере алмай тұрған түйенің төсіне үлкендер келіп қолқаны сала қойғанда екі тізесі еріксіз бүгіліп, «бық» етіп шөге қалатынын өз көзімізбен талай көргенбіз.

Қолқа сала келген қазақ пен өтініп тұрған қазақ

Енді түсінікті болар, «қолқа салып кеп отырмын» деген «жүк артқалы келіп отырмын, салмақ салғалы келіп отырмын» дегенді білдіреді. Қолқа –  қалаудың, біреуді көмекке шақырудың, қазіргі тілмен айтқанда өтініш айтудың ұшар басы, қазақ біреуден бір нәрсе сұраудағы сөзінің шегі. Қазақта «өтінемін» деген сөз жоқ-тұғын. Бұл өте жалынышты хал. Аталарымыз бір-бірін ондай күйге түсіргісі келмейді. «Айналайын, қолқа сала кеп отырмын» дейді ақсақал. Шарасыздығын айтты, бірақ мүсәпір, аянышты, жалынышты күйге түсіп айтқан жоқ. Себебі, бұл сөз оның қадірін сақтап, белгілі дәрежеде тепе-теңдікті ұстап тұр. Ал, қолқа салынып қойды, қолқа салынған адам қайтпек? Оны қазақ құдды алып қашып әкелген келіннің алдына көлденең жатып алып «кетсең, мені аттап кет» деген енедей сезінеді. Сондықтан қолқаны аттап кету деген үлкен  әбестік. Мінеки, мұның арғы жағында қазақтың бір-бірімен қарым-қатынасының, болмысының қандай болғанынан хабар беретін үлкен ақпарат бұғып жатыр.

Енді, қолқаны аттауға болмайтынын білдік. Орындай алмаса, орындауға мүмкіндігі болмаса ше? Сондықтан «маған қолқа сала көрмеңіздерші», «қолқалай көрмеңіздерші» деген сөздер жиі айтылады. Ал, салынып қойған қолқадан мыңнан бір адам ғана құтылады. Аттап емес, сөз тауып құтылады. Сол кезде қолқа сала келген адамның өзі оған риза болып қолқасын кейін тартып алмақ. Өйткені, «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Қалай ә?! Бұл – шығар жол. Аталарымыз мұны да ескерген екен. Қолқа салып сұрап тұрған дүниесін берсең де бересің, бермесең де бересің, шақырған жеріне барсаң да барасың, бармасаң да барасың демейді, көкейге қонымды, қызықты да тапқыр жауапсөз айтсаң қолқасын өзі қайтып алуы керек һәм реніш болмауы тиіс. Міне, бұл сөз ғана емес, бұл – біз көп айта беретін, таңдай қаға беретін, тереңіне жете алмай тамсана беретін аталар болмысының бір ғана көрнісі.

Бұл біздің көшпенді дәуірден отырықшылдыққа ауысу барысындағы жоғалтуымыз. Қазіргі уақытта қазақтың қанша сөзі архаизмге айналып бара жатқанын санап тауыса алмайсыз.

Ахаңның жоғарыдағы сөзі әрине тіл, тіл болғанда да құр атаулар тізбегі емес, сөз, сөз ұстап тұрған мағына, сол мағынаға сай ұлт деңгейінде айтылған сөз. Сөз жоғалса, болмыс жоғалады. Мысалы, ақылсыз хайуан аттамаған қолқаны ақылды адам неге аттап кетеді? Өйткені, ол сөз – жоғалған. Иә, әзірге сырты бар, іші жоғалған. Осы күнде біз оның қандай мәселеге байланысты айтылуы керек екенін бұрынғы қолданыстағы инерциямен түйсік арқылы болжап қана айтып жүрміз. Дәл қазір инерция баяулады, оны бұл сөздің бұрынғыдан әлдеқайда сирек қолданылатындығынан көруге болады. Сондықтан біраз жылдарда сырты да жоғалады.

Өлгісі келмеген сөз өзге ошақтың отын жағып күн көреді

Ал, егер бұл сөз өзін жоғалтпай құтқарып қаламын десе, өз ішін өзгертуі керек. Яғни, басқа бір мағынаға қаңқа болып жан сақтайды. Себебі, бүгінгідей ортада өз мағынасымен өмір сүре алмайды. Қазірдің өзінде қазақтың қаншама сөзі, тұрақты тіркес, мақал-мәтелдері өзге мағынаға қаңқа болып арамызда қалт-құлт етіп әрең жүр. Бір-екі мысал келтірейік.

Бала кезімде жайлауда бізге көрші отыратын үйде Хасен дейтін қария болды. Өзі біліп тұрғаны белгісіз, білмей тұрғаны белгісіз айналасына қайта-қайта сұрақ қойып отыратын. Сол қария Зәкің молладан бір сұрақ сұрағаны есімде. «Моллеке, осы бәленбай шектен шығып кетті» деп жатамыз, ол не?»-деді. «Арақ ішу», деді Зәкің молла. Сөйтті де, сәл іркіліп, «Құдай Тағаланың адам баласын шектеген шекарасы бар, содан шығып кеткенді «шектен шықты» дейді», -деп қысқа қайырды. Енді ойлап отырсам, бұл үлкен сөз екен. Соңғы сөйлемін тарқатар болсаң таңға кететін дүние. Ал, осы сөзді жаппай арақ ішілген Кеңес уақытында, Қытайдағы қызыл партияның «мәдениет төңкерісі» қызып тұрған уағында айтып көрші. Өзің шектен шыққан болып шетке айдаласың. Соның салдарынан ол уақыт қана емес, ондай «ауыр сөзді» қазірдің өзінде көтере аламыз ба? Айта алмаймыз. Сондықтан бұл сөз де амалсыздан басқа мағына жамылып санамыздың терең түкпірінен анда-санда бір жылт етіп сыртқа шығады да, бүк түсіп қайта жатады.

Ұяттың өзі ұялып жүр

Қазақтың «ұят», «намыс» дейтін ұстынды сөздерінің өзі бұл күнде тұғырдан түскен. Ұят деген сөзді айтып қалғанда жүзіне қызыл арай рең ұшқындап кететін әжелеріміздің бойында толық энергиялық қуатқа енетін еді бұл сөз. Қазір көп адамның болмысынан ұят ұғымы кемігелі бұл сөздің энергиялық қуаты мүлдем әлсіреп қалды. Бұрын екі сөзінің бірі «ұят болады» болған қазақ бұл күнде оны сирек айтып, соның өзінде «осы қазақ ұят боладымен-ақ құрып барасыңдар!» деген әлдекімнің сынын естіп қаламыз ба деп жалтақтайтын болған. Қазір ондай сөз айтылатын танымал адамдардың арасына баруға ұяттың өзі ұялып жүр. «Ұят кімде – иман сонда» деп бағалаушы еді ғой бабаларымыз. Қазір осы «ұят» сөзі айтылғанда көп адам соншалықты әсер алмайды, батереясы таусылған сағаттай сазарып өзіңе қарап тұрады. Оған «өлімнен ұят күшті» деген сөзді ағылшыншалап айтсаң да түсіндіре алмайсың. Өйткені, «ұят» сөзінің қазақ болмысындағы ұясы бұзылып, тентіреп кетті. Анда-санда әрбір жерде айтылып, өшкіндеп барып жоғалады болмаса басқа мән алып қана аман қалады. Ақшаң аз болып қалғанға, киімің ана біреудікіндей қымбат болмағанына ұялу деген секілді болмайтын, болмашы нәрселерге ғана қолдануға жарайтын жарымжан сөз болып өмір сүре тұрар әзірге. Бұл сөз жартылай жоғалғанда ұятты қазақ та жартылай жоғалды деген сөз ғой сонда.

Намыстың жүрген жері анау

Қазақтың «намыс» дейтін найзағай сөзін бір боксшымыз өзге бір елдің боксшысымен жұдырықтасып жатқанда ғана журналистің аузынан еститін болғанымыз да жасырын емес қой. «Біздің елдің намысын қорғайтын пәленбай» дейді дауысын көтере. Ал, сол боксшы жеңіліп қалды дейік. Сол намыс па? Сонша намыс емес. Жарыс болған соң алма кезек — біреуі  жеңеді, біреуі жеңіледі. Намыс басқа ғой. «Ерді намыс, қоянды қамыс» дегендей ер жүрген жерде мұның да қолданылмайтын жері жоқ еді-ау! Бұрын бірге туған ағайын, қарындасы түгілі, руынан біреудің жаманы аты шықса қайнап шығатын қандағы намыс енді боксшының бір уыс қолғабын паналап қана жалған өмірін жалғастырып жатыр. Соны намыс дейтін болдық. Тіпті қазір жартылай жалаңаш сахнаға шығатын арулар байқауында «пәлен ару түген облыстың намысын қорғады» дейтін тіркестерді көреміз. Намыс байқұс өлмес үшін мұндай жерде де жүр қазір. «Әй, намыс! Мұнда не ғып жүрсің? Бүйткенше өлсеңші» дейді ғой бір күні оған біреу. Өлгені де сол сол шығар. Иә, намысты ерлер әлі де бар екеніне шүбә келтірмейміз. Бірақ, намыстың қолданылар аумағы қаншалық тарайса, намысты қазақтың соншалық жоғалып бара жатқаны да.

Мақал-мәтел дегеніміз конституция болатын

Сөз – ұғым, ұғым – таным. Танымның адам болмысына тікелей әсер етуші фактор екенін алға тартсақ, бір ұлттың болмысын оның сөзі арқылы тануға болатынын қапысыз аңғарамыз. Қазақтың «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дейтін сөзі осы мақал-мәтелге қаратылған. Бір мақал айтылып қалған жерде оны айтушы мен тыңдаушының санасында аз дегенде тоқсан ауыз сөз қаулап шығуы керек. Ал, ол мақал-мәтел дегеніміз – конституция. Яғни өз тұсындағы қоғам өмірінің рухани һәм әлеуметтік жағдайын ескере отырып шығарған заңдары. Ахаңша айтқанда «мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз». Қызық болғанда бұл конституцияның бүкіл баптарын бүкіл ел жатқа біледі және мойындайды. Бұл қандай ғажап құрылым сірә?! Мысалы, күйеуі өлді, жар жесір қалды. Үкім қалай болуы керек? «Ерден кетсе де, елден кетпейді». Түсінікті. Мойындалған. Әмеңгерлік. Осылай кете береді. Ал, сол жадына жабысып қалған заңы, танымы қазақты қанша зобалаңнан аман алып, осы күнге жеткізді. Ғасырлар өткелегінен өтіп жанына жабысып қалған ұлттық таным-түсінігін миынан қырсаң да кетпейтін еді, қазақты жоймаққа бүкіл күшін салған жаулар сөзін жоғалта алмады. Сөйтіп сол сөздің мәнін өзгертуге жегі құрттай ішінен жеді. Қазақ сөзі бәрібір қаңқасын сақтап қалды. Оны ұмыттыру үшін тек басын шауып тастағаннан басқа амал қалмады. Еттен өткізіп, сүйекке жеткізіп, қан тамырдың ішінен сыртына тепкізіп қалай ғана орнатып берді екен осы иммунитетті бабаларымыз!? Сонымен, аштық жасады, қырды, жойды. Сүйретіліп ол өткелден де өттік. Ес жыйдық, етек-жеңімізді жинап жатырмыз. Ендігі меже сол болмысымызға оралу болуы тиіс.

Сөз қайта тіріледі немесе өзін табады

Оның қажеттілігі қандай дейсіз-ау? Күріш егіп жанталасып жатқан жапондар ұлттық болмысты сақтап қалу – техникалық білім деңгейі бар, дүниесі көп, бірақ, жаны, рухы кедейленген бүгінгі психологиялық проблемаларлардан арылу деп ұғады екен. Қысқасы, технократтық уақыттың үддесінен шыға отырып, адами қасиетке толы жайма шуақ өмірді сақтап қалу. Соған ұмтылыс. Өздерін мазалаған уақыт проблемаларын тап басып танығандықтан осы қадамға барса керек. Енді, олардың ата-бабаларының құндылықтарының қанша құнды екенін қайдам, қазақтың ұлттық болмысқа оралуы деген сөз бүгінде болып жатқан біраз жан шошырлық жәйттерді азайту деген сөз. Өйткені, бабаларымыз құрған қоғам жесірі қаңғымаған, жетімі жыламаған, ауылдың бір шетінен жаяу кірген жолаушы, екінші шетінен атпен шыққан, осынау ұлан байтақ даласында түрме де болмаған, ажырасу деген атымен жоқ, шамасынша бір-бірінің қақысын берген қоғам болатұғын. Мұндайда, «сол малдың соңында пәлен ғасыр жүрдік қой, не таптық?» деп кері сөйлеп қыңыр тартатындар болады. Тапқанымыз өте көп. Қазақы шапанымызды (болмысты) шешпесек бізді ғарыш қабылдамай қояды, ғылымнан құр қаламыз деген сөз жоқ. Бәрі игеріледі. Тек сол қаншалаған ғасырлық ұланғайыр рухани болмсымызды болмашы дүниелерге айырбастап жіберіп, қайта айналып таппай қалмасақ болғаны. Ол болмыс сөз арқылы ғана келеді. Ата кәсіп ауыл шаруашылығына айналып келе жатқан жайымыз бар, бұл экономикамызға ғана емес, руханиятымызға да өз үлесін қосары сөзсіз. Ат жалында күн кешкен ата-баңның болмысы бүгінгі күндегі көкпар, бәйге, аударыспақ сынды спорт түрлерінің жалпыласуынан жаңғырады. Бұлар жанданған жерде жылқыға қатысты қаншама сөз қайта тіріледі. «Қазақстан барысы» жобасы жүрілгелі де палуандық, күреске байланысты қаншама сөз қайта санамызда жаңғырды. Болмыс та осылайша оралады. Ол бүгінгі ғылым мен ұштасқанда қазақтың бағы батпандап, мейманасы тасып, іргесін жау, ішін дау ала алмас мәңгілік елге айналарымыз хақ!

Ұларбек Нұрғалымұлы
«Егемен Қазақстан»

Айдары
Басты мақалаларЕлЖаңалықтарРедактор таңдауы
33 пікір жазылған
  • Аминатор
    27 қазан 2016 at 08:54
    Пікір жазу

    Керемет жазылған. Сақтап қойып бала-шағама оқытамын👍

  • Дүйсенбек Аяшұлы.
    27 қазан 2016 at 10:09
    Пікір жазу

    Тух, тіліміздің ұшында жүрген сөз еді. Осындайды осы жүрген журналистер айта алмайды. Ахат Жанаев деген ағам: «Бүгінгі журналистерді сөйлемді дұрыс құрай алғаны үшін бетінен сүйгің келеді» деп еді. «Аржағында ештеңе жоқ» деген аржағын айтпай қалған ағамның ашынғаны бұл.
    Мына Ұлекеңе мың да бір рақымет. Осы күні журналистер, тіпті тіл мамандарының өзі «құлағына алтын сырға» дегенді құлаққағыс мағынасында айтып жүр. Бұл «естімесін» деген сөз. «Əкімдердің құлағына алтын сырға» дейді тележүргізушілер, бұл оның «пəлен жол жөнделмей жатыр», «түгеннің жайы түгел емес» деп жеткізгісі келген түрі. Қазекем ағасына бірнəрсені жасырып айтарда: «жеңгемнің құлағына алтын сырға» деп бұл жылтырақты жеңгесіне ғана тағатын. Ал, біз əкімдерге тағып, ел ағаларын 91 тобына қосып қойдық.
    Мұндай нəрселерді шамамша мен де жазып жүрмін. Бірақ дұрыс екен деп үн қосқан біреу жоқ. «Тəуелсіздіктің құрдастары» дейді. Кеше туған бала бес жүз жылдық тарихы бар тəуелсіздігімізбен қалайша құрдас бола қалған. «Тəуелсіздіктің төл перзенттері» десек те ұлы ұғымға қиянат жасамас едік. Осы сияқты айтатын сөз көп. Нағыз айтпағым, мына мақаланың авторына мың рақымет, Алла абыройын биіктете бергей деп тілек етемін.

  • Жазира Есепханқызы
    27 қазан 2016 at 10:25
    Пікір жазу

    Дәлелді пікіріңіз көңілге қонды! Жазба керемет! Кайталап жариялай беретін дүние екен.

  • Ұларбек
    27 қазан 2016 at 10:34
    Пікір жазу

    Дүйсенбек аға, ассалаумағалейкум! Рахмет аға! Мен Мұхтар, Нұрматтармен көп бірге жүрем, Сіздің де талай әңгімелеріңзді естіп едім, бұйырса бір сәлемдесіп әңгіме тыңдап қайтармын аға. Аман болыңыз!

    • Байғали
      27 қазан 2016 at 22:41
      Пікір жазу

      Дүйсеке,ассалаумағалейкум! Нәубет сөзін түсіндіріп беріңізші.Мен Абай жолын оқығанда шұрайлы, тау етегіндегі жәннат жерді Нәубет дейді.Ал көп жерде қиыншылық, ашаршылық кезді айтады.Менің баламның есімін әжем Құранда жер жәннатын Нәубет дейді деп осылай атаған.

  • Абзал
    27 қазан 2016 at 11:32
    Пікір жазу

    Мақалаңыз керемет! Рахмет

  • Бекзат
    27 қазан 2016 at 12:12
    Пікір жазу

    Мықты ой және ұстаным! Жарайсыз Ұларбек! Сөздің бегі екенсіз!

  • Meyirjan
    27 қазан 2016 at 13:04
    Пікір жазу

    Армысыз! Мүмкіндік болса, сұрақтарыма жауап іздеп жүр едім, жауап берсеңіз!
    1. Сөз бен тілдің айырмашылығы неде?
    2. Сөз биік пе, тіл биік пе?
    3. Мақалдың анықтамасын жаздыңыз, мəтел қайда қалды?
    4. Құқық, қақ- мағынасы мен айырмашылығы неде?
    5. Меймана мағынасы?
    Жауабыңызға рахмет.

  • Meyirjan
    27 қазан 2016 at 13:06
    Пікір жазу

    Армысыз! Мүмкіндік болса, сұрақтарыма жауап іздеп жүр едім, жауап берсеңіз!
    1. Сөз бен тілдің айырмашылығы неде?
    2. Сөз биік пе, тіл биік пе?
    3. Мақалдың анықтамасын жаздыңыз, мəтел қайда қалды?
    4. Құқық, қақ- мағынасы мен айырмашылығы неде?
    5. Меймана мағынасы?

    Жауабыңызға рахмет.

  • Ұларбек
    27 қазан 2016 at 13:44
    Пікір жазу

    Meyirjan! Сұрақтарыңызға рахмет! Бұйырса, алдағы уақытта шамамша жауап беремін.

  • Шолпан
    27 қазан 2016 at 13:44
    Пікір жазу

    Мақаланы жазған соң осылай жазу керек. қанша ұзақ болса да көз алмай оқып шықтым. Ұларбек ағаға рахмет!!! Жазарыңыз көп болсын!!! Осындай мақалаларды жиі жазып, жиі жариялап тұрсаңыздар екен

  • Гүлнұр
    27 қазан 2016 at 13:47
    Пікір жазу

    Керемет мақала. Көтеріліп отырған тақырып та, идеясы да керемет. риза болып отырмын авторға. жиі жазып тұрсын. керемет

  • Жұлдыз
    27 қазан 2016 at 14:11
    Пікір жазу

    Тынысыңды ашып, керемет серпіліс береді екен! Тамаша мақала!

  • Гүлмəрия
    27 қазан 2016 at 14:38
    Пікір жазу

    Көкейге қонымды, санаға сіңімді ой-пайымдамасы үшін авторға мың алғыс! Фейсбуктегі парақшама сақтап қойып, міндетті түрде немерелеріммен талқылаймын. Ал газет ұжымына қазақтың қос мағыналы, көп мағыналы, астарлы сөздерін жан-жақты түсіндіретін осындай мақалаларды жиі жариялап тұрса деп қолқа салғымыз келеді.

  • Balgyn
    27 қазан 2016 at 16:37
    Пікір жазу

    Bugingi tandagy oilanarlyk masele…Kazaktyn makaldaryn astaryna unilmei koldana beru ken etek alyp barady.Rasymen kolka sozinin mani terende jatyr.Ashyp aitkanynyzga kop rahmet!

  • Қаһарман
    27 қазан 2016 at 20:23
    Пікір жазу

    мықты дүние!!! өркеннің өссін! Соңғы 5 жылда оқыған ең мықты мақалам.

  • Асылтай
    27 қазан 2016 at 21:08
    Пікір жазу

    Ассалаумағалейкум! Аға осындай мақала жазып тұратын Ағаларымыз Əкелеріміз Аталарымыз аман болсын! Аға сізден тағы да осындай мақала күтеміз, жазып тұрыңыз, жастарға үйретіп!

  • Жанар
    27 қазан 2016 at 21:32
    Пікір жазу

    Осындай дүние əкеле алатын азаматтарымыздың бар екеніне қуанып қалдым. Рахмет! Қаламыңыз сұйылмасын!

  • Байғали
    27 қазан 2016 at 23:00
    Пікір жазу

    Нәубет сөзін түсіндіріп беріңізші.Мен Абай жолын оқығанда шұрайлы, тау етегіндегі жәннат жерді Нәубет дейді.Ал көп жерде қиыншылық, ашаршылық кезді айтады.Менің баламның есімін әжем Құранда жер жәннатын Нәубет дейді деп осылай атаған.

  • Sultana
    28 қазан 2016 at 00:20
    Пікір жазу

    Керемет мақала. Рахаттанып турып оқыдым.Тереңдегі қазынамызды жарқыратып шығару арқылы санамызды сәулелендірдіңіз.Рахмет сізге.

  • Бақа
    28 қазан 2016 at 09:57
    Пікір жазу

    Ұлкеке өте жақсы жазылған. сөз қолдану бəнерің керемет содан гой.

  • Тойған
    28 қазан 2016 at 17:09
    Пікір жазу

    Алтауы ала болса, ауыздағы кетеді, төртеуі түгел болса — төбедегі келеді — осының мағынасын кім біледі?

    • аноним
      4 қараша 2016 at 14:46
      Пікір жазу

      аз болсаң да тату болған дұрыс, егер тату өмір сүрсең, бірлік барда береке болады, бірлікпен көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Ал егер көп ағайынды болып, өзара келіспей, ұрыс-керіспен өтсең, барыңнан айырыласың.

  • Жарайсың
    28 қазан 2016 at 21:53
    Пікір жазу

    Алла жар болсын! Тамаша!

  • Жанайдар
    29 қазан 2016 at 03:24
    Пікір жазу

    Қатты ұнады! Ұларбек аға сізге ерекше алғысымды білдіремін! Оралға жолыңыз түссе хабарласыңызшы.. Әңгімеңізді тыңдап қалайық.

  • Xamza
    29 қазан 2016 at 23:34
    Пікір жазу

    SHYNDYGANDA arbir sozge man bermeidi ekenbiz

  • Жоламан
    30 қазан 2016 at 14:43
    Пікір жазу

    Керемет мақала!!! Қаламыңыз мұқалмасын!

  • Ақзат
    31 қазан 2016 at 13:46
    Пікір жазу

    Керемет жазылған..

  • Ардақ
    31 қазан 2016 at 13:47
    Пікір жазу

    Колледж студенттеріне қазақ тілін үйретіудің арнайы бағдарламас жоқ бізде. жүйеленген оқу — әдістемесі керек. Енді осы бір кенжелеп тұрған шаруаға қалай ат салысуға болады ? 9 — 10 сыныптың қазақ тілі оқулығымен оқытып жатады. Дәл қазіргідей жанталасқан кезеңдегі жастар қосымша пәндермен басын қатырып, уақытын жоғалтқысы келмейді. Оларға мектептегі оқулықпен тіл үйрете алмайсың, cебебі ол оқулық, қызықтыра алмайды. Олар арқасына дорбасын салып алып қолына ілінген жемісті теріп, дорбасына лақтыра салып жүгіріп бара жатқан асығыс адам сяқты. Ал сол асығыс адамның көзін қызықтыратын, жолда анық, айқын пісіп тұрған жеміс дайындап беруіміз керек. Ол дегеніміз жоғарыдағы мақалада айтылғандай қазақ тілін барынша қызықты , қарапайым етіп қойған, көп ойланбастан жұлып алып дорбасына сала салатын оқу бағдарламасы керек. Ұларбекке рахмает, қоғамды тәрбиелеу бір төбе ғой, дегенмен мынандай тәтті дүниелер студеніттерге тез сіңеді. Оқтушыларға сабақта да қолдана беруге болатын жақсы дүние екен.

  • Елдос
    1 қараша 2016 at 11:29
    Пікір жазу

    Қазақтың заңын мақал-мәтел құраған дегенің әсіресе дұрыс. Кезінде біз де солай жазған едік. Мақалдағы: «Атаңа не қылсаң — алдыңа сол келер» деген Заң. Ол сөзсіз орындалатын заң. Өкінішке орай осындай заңдардың төменгі жағына бір ұйқас қосып, жыбырлата салушылар көбейіп барады. Мысалы әлгі заңның соңғы жағына «анаңа не қылсаң- алдыңа сор келер» деген сияқты. Тілімізді осындайлар да бүлдіреді. Ұйқас бірдеңені соғып жіберіп, «осы мақал айтқандай» деп әрі әкетіп жататындар қаншама. Өкінішке орай үлкен кісінің сөзін жазатын жазғыштар да соған үйір…

  • Тоқтар
    2 қараша 2016 at 11:42
    Пікір жазу

    Аллаһ саулық берсін, өте керемет әсер беретін мақала.

  • қонақ
    9 қараша 2016 at 20:07
    Пікір жазу

    Жазған соң осылай жазу керек қой. Бәз біреулер сияқты қайдағы жоқ өсек-аяңды жазбай!👍Айтпақшы, бәз біреудегі бәз, өсек аяңдағы аяңды да қарай жүріңізші)).

  • Дәурен
    25 қаңтар 2017 at 23:54
    Пікір жазу

    Санам серпіліп қалды. Қазақшылыққа жаным іңкәр. Көзіме жас тығылды. Марқұм апамды сағындым. Қаймағы бұзылмаған қазақи әңгімелер айтушы еді. Ұларбек аға, рахмет сізге!

  • Пікір жазу

    *

    *

    он бес − 3 =

    Мұрағат
    қазан 2016
    ДсСсСрБсЖмСнЖк
    « Қыр Қар »
     12
    3456789
    10111213141516
    17181920212223
    24252627282930
    31 
    QR-код

    Осыған ұқсас

    • Димаштың блогына үш күнде жарты миллион адам тіркелді

      Қытай Орталық телеарнасының (CCTV) интернетте ақпарат тарату орталығының қазақша бөлімі редакторы Ыбырай Дүйсенұлының Димаш Құдайбергеннің «Әнші» бағдарламасына қатысуы төңірегіндегі әңгімесі. Димаш басында сонша еленген жоқ 21 қаңтар, уақыт түнгі...
    • Төрт кезеңде анықталады

      «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық бөлімшесінде «Б» корпусы­ның мемлекеттік әкімшілік қызмет­ші­лерін аттестаттау жөнінде әңгіме өткізілді. Бұл шараға байланысты кездесуде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент...
    • -

      Дайағашшы немесе «адамды қойып жақсы аттар да өліп қалады»

      (Сурет «Союз художников Караганды» басылымынан) (эссе) Құлақ күйі Жарықтық, Зейнелқабден ақсақалдан асқан атқұмар жан көрмеппін де, естімеппін. Ол кісі үшін жер бетінде бәйге атынан қадірлі ештеңе жоқ секілді. Өзі...
    • «Бір шәугім шай» немесе «күлің шашылмасын»

      Әдетте «қазақ қандай ұлт?» деген сауалға жауап беретіндердің ауызына ең бірінші «қонақжай» деген сөз түседі екен. Өзіміз де, өзге ұлт та, шетелдіктер де солай айтады. Иә, қонақжай екенімізге сөз...