Мұғалім қандай болуы керек?

Біз бүгінгі таңда ғылым мен техника да­мыған, өнер-білімнің түрлі саласын­да тың жаңалықтар аса қарқынды үр­діс­пен ашылып жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек, осындай қо­ғам­да заманына сай ұрпақ тәр­бие­леп, же­тілдіріп шығару үшін жан-жақ­ты бі­лім және тәрбие берумен айналы­су өте жауапкершілікті іс екендігі бар­ша­мыз­­ға аян. «Тәлім-тәрбие мен оқыту ісі­­нің нәтижесі іс-әрекеттерден гөрі мұ­­ғалімдерге көбірек тәуелді», деген  Ы.­Ал­­тын­­сариннің көрегендікпен айтқан пі­­кі­рі­нің қазіргі уақытта да маңызды болып оты­рғаны шындық.

Ұстаздар балаларға тек білім берумен ғана шектелмей, сонымен қатар, олардың дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде кемелденуі үшін берер тәрбиенің ықпалы да зор болмақ. Ол үшін, ең алдымен, мұғалімнің білім беру ісін рухани дамыта отырып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, өзгеге өнеге боларлықтай тұлға болуы шарт. Ендеше, заманына лайық мұғалім болу үшін не істеу керек? Меніңше, қазіргі заманға лайық мұғалім болу үшін бірнеше түрлі қасиеттер әркез біздің бойымыздан табылып отыруы тиіс. Ол үшін мұғалім мейірімді де қамқор және талап қоя білуі керек, ұстаз бен шәкірт арасында ынтымақты қарым-қатынас орнығуы тиіс, мұғалім мен оқушы бір-біріне құрметпен қарауы керек, мұғалім өз кәсібінің маманы болумен бірге, өзге де пәндерді жақсы меңгеруі қажет. Себебі, балалар өз мұғалімін «бәрін біледі» деп ойлайды. Сол үшін де мұғалімнің біліміне ешқашан шек келтірмейді.

Атақты педагог А.Сухомлинский «Оқу­шы­­ларды ортақ интеллектілік, ақылақтық, эсте­тикалық, қоғамдық-саяси мүдделер бірі­к­т­іреді», дейді. Шынында да мұғалім өз үлгісі арқылы ғана оқушыны талпындыра алады. Мұ­ғалімнің балалар алдындағы беделі жоғары, бей­несі жарқын болуы тиіс. Яғни, мұғалімнің балалар алдында әрбір сөйлеген сөзі, жасаған әрбір іс-қимылы, тіпті киген киімі, жүріс-тұрысына дейін оқушыларға ұнамды немесе ұнамсыз жағынан қайтсе де өз әсерін тигізіп отыратындығы даусыз ақиқат.

Мұғалім психолог та бола білуі керек.  Алдымызға келген әрбір баланың мінез-құлқын үнемі бақылауда ұстап, соған сәйкес тура шешім қабылдап, олармен жиі-жиі сұхбат өткізіп, сырлас досындай жақындық танытып, ыстық ықыласпен ақыл-кеңес айтып, көңіл-күйлерін игере білсек, демек, тәртібін жақсартып, оқуға ынталандыра білеміз. Мұғалім оқытудағы заманауи озық технологияны тиімді пайдалануы, білім саласындағы соңғы жетістіктерді оқушыларға дер кезінде жеткізіп, ортақ игілікке айналдыра білуге ынталы болғаны жөн. Сонда ғана тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіріп, елімізге қызмет ететін азамат қалыптастырып шығарамыз.

Жалпы, білім негізі бастауыш сыныптан қаланады. Сондықтан бастауыш сынып мұ­ғалімдеріне бұл бағытта жоғары талап қой­ылуы да заңды. Мектеп табалдырығын аттаған әр баланың келешегі өзімізге бай­ла­нысты екенін түсінуіміз қажет. Ұстаздық қыз­­­метте босаңсуға болмайды. Себебі, Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Тарыдай болып кіріп, тау­дай болып шығудың» арасында үлкен жұ­мыстар жүргізілуі тиіс. Бұл өте мәр­тебелі де жауапкершілігі жоғары міндет еке­ні сөсіз.

Белгілі қазақстандық психолог М.Мұханов «Білім дегеніміз – тиісті обьектілер тура­лы ал­ған хабар. Ол адамның басында қалып­та­сып, сақталып отырады», дейді. Әрине, білімнің адам басында сақталатыны рас. Бірақ, оны сақталу дәрежесіне жеткізу үшін қаншама іс-әрекеттердің орындалуы керек екенін ұмы­т­пау­ға тиіспіз.

Қорыта айтқанда, қазіргі заман мұғалімі дегеніміз шын мәнінде кемелді ұрпақ тәрбиелеуді өмірлік мақсат-мұраты санайтын, өзгелерге өнер-білім үйрете жүріп, өзі де үйрене жүретін сегіз қырлы, бір сырлы жан болуы қажет.

 Жанаргүл МАҒЗЫМОВА,

№40 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі

 АҚТӨБЕ

Айдары
Ел
Әлі пікір жазылған жоқ

Пікір жазу

*

*

он + 2 =

PDF нұсқаға жазылу
Газеттің PDF нұсқасына жазылсаңыз күнделікті нөмірді э-поштаңызға жіберіп отырамыз.
Атыңыз
Э-поштаңыз
Мұрағат
қаңтар 2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
« Жел  
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
QR-код

Осыған ұқсас