Өзенді өңір электр қуатымен өзін өзі қашан қамтамасыз етеді?

Елімізде 85 022 өзен мен 48 262 көл бар екен. Осылардың ішінде ұзындығы мың шақырымнан асатын 7 өзен болса, соның ең үлкені – Ертіс Шығыс Қазақстан аумағы арқылы ағып өтетіні белгілі. Мұны бір деңіз. Екіншіден, еліміздегі ең ірі су қоймасы Бұқтырма да осы облыста орын тепкен. Яғни, шығысты өзен-көлге бай аймақ десек, бұған ешкім күмән келтіре қоймас. Алайда, өзен жағалаған өңірдің тұрғындары осынау су көздерінің игілігін көре алып отыр ма деген сауалдың мазалайтыны да рас.

Шығыс Қазақстанда бір емес, үш бірдей су электр стансасы бар екенін де жұрттың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Осы ГЭС-терден өндірілген электр қуаты өңірдің сұранысын қаншалықты қанағаттандырып отыр? Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, аймақ тұрғындары 2016 жылы 8,030 млн кВт сағат электр энергиясын тұтынған екен. Электр энергиясын өндіруші мекемелер өткен жылы – 9,902, Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі ГЭС-тері 7,747 млн кВт сағат электр энергиясын өндіріпті. Алайда, өңірдегі ГЭС-терден өндірілетін энергия көлемі облыстың сұранысын толық өтей алмайтын көрінеді. Сондықтан, энергия қуатының біраз бөлігін жылу электр орталықтарынан алуға мәжбүр. Мұның өзі жеткіліксіз секілді. «КЕGОC» АҚ «Шығыс жүйеаралық тораптары» филиалы бас инженерінің орынбасары Асыл Уатханов облыс қазіргі уақытта 45 мВт электр энергиясын Екібастұздан сатып алып отырғанын, егер өңірде күн суытып немесе қазандықтар істен шығып қалған жағдайда бұл көрсеткіштің бұдан да жоғарылап кетуі мүмкін екендігін айтады.

Өңірдегі ГЭС-терде өндірілген электр қуаты қайда жұмсалады? Өскемен және Шүлбі ГЭС-терінде өндірілген электр қуатының 77 пайызын энергиямен қамтамасыз етуші «Шығысэнерготрейд» ЖШС мен электр энергиясын беруші «ШҚ АЭК» АҚ ұйымы тұтынады екен. Қалған электр энергиясы Өске­мендегі Үлбі металлургия зауыты және Титан-Магний ком­бинаты сияқ­ты кә­сіп­орындарға жеткізіледі. Ал Бұқтырма ГЭС-інде өндірілген электр энергиясы «Казцинк» ЖШС-ін қамтамасыз етуге жұмсалатын көрінеді.

Энергияның қызығын ел-жұрт көріп отыр ма?

Әрине, үш бірдей ГЭС-і бар облыс­тағы электр энергиясының құны елі­міздің өзге өңірлерімен салыс­тырғанда әлдеқайда арзан. Шығыс Қазақстанда тұрғындарға электр энергиясын орташа жіберу тарифі кВт сағатына 9,9 теңгені құрайды. Заңды тұлғалар үшін орташа жіберу тарифі – 12,212 теңге. Электр қуатының тарифі Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстарында да біршама арзан.

Еліміздің «Электр энергетикасы туралы» заңына сәйкес энергия өндіруші ұйымдар, соның ішінде ГЭС-тер электр энергиясын өн­ді­рістік тұтынушыларға көтерме нарықта «КЕGОC» АҚ, «АЭК» секілді энергия қамтушы ұйымдарға сатуға міндетті. Өз кезегінде энер­гиямен қамтушы ұйымдар халыққа электр энергиясын сатуды жүзеге асырады.

– Гидростансалар электр энергиясын көтерме нарықта мемлекет бекіткен шекті тарифтер бойынша сатады. Өскемен және Шүлбі ГЭС-тері үшін 2015 жылдан 2018 жылға дейін қойылған шекті тариф 1 кВт сағат үшін 4,5 теңге көлемінде. Бұл энергия өндіруші ұйымдарға бекітілген шекті тарифтің ең төменгі деңгейі болып саналады, – дейді «АЭС» Өскемен ГЭС» ЖШС атқарушы директоры Юлия Курий.

Қазіргі уақытта елімізде бұрынғы жылдармен салыстырғанда энергия тапшылығы азайғанын айтады мамандар. Шығыс Қазақстанда да солай. Бұған кәрі құда қыстың да тікелей қатысы бар екенін кім білген?! Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын қақаған қыста Семейдегі қазандықтар істен шыққан кезде энергияға деген сұраныс еселеп артқан көрінеді. Соңғы жылдары өңірде қыстың қолайлылығы мен қазандықтар мәселесінің оң шешілуіне байланысты энергияға деген сұраныс төмендеген екен.

Жүз жылдан кейін жаңғырған жоба

– Аймақтағы үш ГЭС бірден толық қуатында жұмыс істей алмайды. Өйткені, су жетпейді. Сәуір-мамыр айларында тасқын болған кезде ғана су жетуі мүмкін, – дейді Асыл Уатханов.
Өңірдегі энергия тапшылығын жою үшін қайтпек керек? Бұл ретте мемлекет тарапынан тиісті жұмыстардың қол­ға алынып жатқанын да айтуға тиіспіз. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде жүзеге асырылып жатқан сондай іргелі жобалардың бірі – 500 кВ «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» жоғары кернеулі желілері құрылысы. Былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «KEGOC» АҚ аталған транзиттік дәліздің бірінші кезеңін, яғни 500 кВ «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» жоғары кернеулі желілері жобасын мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.

Бұл жоба желілердің өткізу қабіле­тін ұлғайтуға, облыстағы электр энергия­сы тапшылығын жоюға және елдің энер­гетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді дейді мамандар. Жоғары вольтты электр желісі құрылысы­ның бірінші кезегінің құны – 43,3 млрд теңге. Жобаның жалпы құны 158 м­лрд теңгеге жуық.

Екінші кезектегі ұзындығы 1000 шақы­рымға жуық «Шүлбі ГЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма» желісін 2018 жылы аяқтау көзделген. Бұл жобаның құры­лысы қазіргі уақытта кестеге сәй­кес жүргізіліп жатыр. «КЕGОC» ком­­па­­ния­сы өкілдерінің айтуынша, екін­ші кезектің жұмыстарын аяқтау Ұлт­тық электр торабының «Солтүстік – Оң­түс­тік» бағытындағы транзиттік әлеуе­тін арт­тыруға мүмкіндік береді, темір жол­дардың электрлендірілетін телім­дері­нің электр энергиясына деген қажет­ті­лігін жабады, кен өнеркәсібі нысан­дары­ның энергия сыйымдылығын қамта­ма­сыз етеді, шекаралас аймақтар мен жаңғырмалы энергия көздерін дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды. Бұл – қазіргі таңда жүзеге асырылып жат­қан «жасыл экономикаға» көшу тұжы­рым­­дамасындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Сондай-ақ, елдің шығыс аймағының Қазақстанның біртұтас электр жүйесімен байланысын күшейте түседі.

– Солтүстікте ірі стансалар бой көтер­ді. Электр қуаты тапшы өңірлердің сұра­­­ны­сын өтеу үшін 1980 жылдары Сол­түс­тік – Оңтүстік транзиті салынған бола­тын. Оңтүстік өңірлердің қарқынды дамуы мен сұраныстың артуына бай­ланысты 2009 жылы «КЕGОC» АҚ-тың қатысуымен пайдалануға берілген оның екінші тармағы қуаттылығын 1350 мВт сағатқа дейін ұлғайтты. Алайда, ел экономикасындағы тың серпіліс мұның жеткіліксіз екендігін аңғартты. Сон­дықтан, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жол­дауында энергиямен жабдықтаудың сенім­ділігін арттыру үшін еліміздің шы­ғыс және оңтүстік өңірлеріне қосымша желі­лер салуды тапсырған болатын, – деген еді Энергетика министрлігінің электр энергетикасы департаментінің ди­рек­торы Бауыржан Сәрсенов.

Шығыс Қазақстан – жаңғырмалы энергия көздерін дамыту бойынша үлкен әлеуетке ие облыс. Қазіргі уақытта еліміз­дің «Жаңғырмалы энергия көздерін қолдау туралы» заңды қабылдауына сәй­кес өңірде жел, гидро және күн электр стан­саларын салу бойынша тиісті жұмыс­тар басталып та кетті. Қазақ­стандағы ең алғашқы ГЭС 1902 жылы Зырян кенішін энергиямен қамтамасыз ету мақсатында Тұрғысын өзенінде салынғаны белгілі. Осы ГЭС 100 жылдан астам уақыттан кейін қайта жаңғыртылып жатыр деуге болады. 2015 жылы Зырян ауданында Тұрғысын ГЭС-1 жобасының құрылысы басталды. Құны 49,8 млн АҚШ долларын құрайтын ГЭС-ті 2018 жылы іске қосу жоспарланған. Бүгінгі күні жобаға 1 608,6 млн теңге инвестиция салынған.

Түйін

Шығыс Қазақстан облысы тұрғын­дары­­ның 45 мВт электр энергиясын Екі­бас­тұздан сатып алып отырғанын жоға­рыда айттық. Өзенге бай өңірдің өзін-өзі электр энергия­сымен толық қамтуға мүмкіндігі бар ма?

– Бар. Бұған Шығыс Қазақстанның әлеуеті толық жетеді. Облыс электр энергиясын өзге облыстардан сатып алмас үшін Тұрғысын және Бұлақ секілді шағын ГЭС-терді қайта жаңғыртып, тез арада іске қосуы керек. Бұлақ ГЭС-інің – 86, Тұр­ғы­сынның 28 мВт қуаттылығы бар. Бұл өңірді энергиямен қамтуға артығымен жетеді. Мұнымен де шектеліп қалуға болмайды. Облыс­тағы жылу электр орталықтарының мүмкіндігін де дұрыс пайдалану қажет, – дейді энергетика саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған, Қазақстан­ның еңбек сіңірген энергетигі Амангелді Нұрғалиев.

Ақсақал айтқан жайттарды ескерсек, өңірдің энергия саласындағы түйткілдері толығымен шешілетін секілді. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Нәтижесін уақыт көрсетер.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген
Ғылымбек СӘБИТОВ

 

Айдары
ЕлЖаңалықтар
Әлі пікір жазылған жоқ

Пікір жазу

*

*

жиырма + он бес =

Мұрағат
ақпан 2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
« Қаң  
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728 
QR-код

Осыған ұқсас