Жанболат Аупбаев. Жалайыр Шора

Мақаламызға өзек етіп алғалы отырған кейіпкеріміз туралы аңыздарды 10-12 жасымыздан бастап естіген шығармыз, сірә. Ертегі іспетті сол әңгімелердің айтар ойы бір ғана нәрсеге келіп тірелетін. Ол – өткен заманда Жалайыр Шора деген ғажап құсбегінің өмір сүргендігі. Оның ерекше қасиеті – саятшылықтың небір құпияларын жете меңгеріп қана қоймай, құстардың да тілін білетін адам болғандығы. Сондықтан одан бүркіт, лашын, қар­шыға, ителгі, қырғи атаулы айласын асыра алмай, амал жоқ, айтқанына көніп, айдауына жүргендігі.
Бала күніміздегі ақсақалдар айтқан әфсаналар шамамен, міне, осындай мазмұнда болып келетін. Қазір: «Мына қария, ана аға осылай деген еді», – десек: «Ой, қойшы… Жоқтан өзгені сөз етіп… Қазір оған кім сенеді?» деген сөздердің айтылып қалуы бек мүмкін. Бірақ аңыздың болғандығы рас, Жалайыр Шораның өткен заманда өмір сүргендігі де анық. Бұған күдік, күмән тумас үшін біз ауызекі айтылатын әңгімелерді былай жиып қойып, төмендегідей жолды таңдап алдық. Ол – мақаламызға кезінде жоғарыдағы тақырыпқа байланысты баспа бетін көріп, бұл күндері ұмытылған дүниелердегі деректер мен ел құрметтеп, жұрт сыйлаған аузы уәлі арыстарымыздың еңбектеріндегі үзінділерді пайдалана отырып баяндау. Сонда аңыздың арты ақиқатқа апаратынына көз жеткіземіз әрі келтірілген мағлұматтар арқылы ұрпақтар санасынан өше бастаған тақырыпты тірілтіп, ондағы оқиғаларды ел есіне қайтара салуға үлес қосамыз.

Жалайыр Шора туралы әфсананың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларында кездеседі. Атақты этнограф, шежірешінің 2008 жылы Павлодарда жарық көрген шығармалар жинағының 13-томындағы жазбада былай делінеді:

«Жалайыр Шораның күздігүні жер қарада, күн жылыда бүркіті қашып, тура күннің батысына қарай аспандап ұшыпты. Иесі одан көз жазбай, артынан қуып отырып, күнді батырыпты. Түні бойы жатпай, құстың ұшқан жөнімен Алатаудың бір биігінен бұл да асыпты. «Бір жерде аңға түсіп, айналып, аялдап қала ма?» – деген оймен ертеңіне тағы да күні бойы күдер үзбей, бетін бұрмай, күнбатысқа қарап, жүріп бара жатып, елсіздегі жалғыз үйді ұшыратыпты. «Үйде кім бар-ау?» – дегенде іште отырып бір қыз: «Үйде кім болса, сол бар-ау», – дейді. «Сенің нең бар-ау?!» «Дәу де болса, Жалайыр Шора шығарсың. Күні кеше аспанмен аспан болып бір бүркіт кетіп бара жатыр еді. Сол сенің құсың екен ғой! Ол бүркіт саған сәлем айтып кетті: «Құстың бабын білемін-ақ деуші еді! Менің бабымды біле алмады. Мен соған өкпелеп кетіп барамын. Ендігі жылы «құлан шуында» амалсыз келемін. Сонда пәлен деген шөлдегі «құлан шуы» кезінде мені сонан тапсын!» – депті.

Мәшекең, Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбасының соңы: «Жалайыр Шора деген болған екен. Заманында көк жүзіндегі құс атаулы былай деп зарлап айтыпты деседі. «Аспанда ұшсам, қанатым талады. Жерге түссем, Жалайыр Шора алады». Сондағы Жалайыр Шора осы кісі екен», – деп бітеді. Мұндағы құстар айтыпты деп берілген жоғарыдағы сөз тіркесіне назар аударайықшы, құрметті оқырман. Осында символдық мол мән-мағына, үлкен ұғым және меңзеу мен ишара жатыр емес пе?!

Сөз болып отырған тақырыпқа өз уақытында атақты жазушы Сапарғали Бегалин ағамыз да қалам тартыпты. Ұлт зиялысы Шәйбай Аймановпен бірігіп жазып, 1967 жылы «Қайнар» баспасынан шығарған «Қыран туралы хикая» кітабында: «Құсты ұстап алу әдісіне жүйрік, қанаттылардың мінезін, өнерін әбден жетік айыра білген жалайыр елінде Шора деген адам болған», – деп басталады оқиға. «…Күздің бір шуақты кезі екен. Шөп қурап, ағаштар жапырағынан айырылып, жер қуаң тартқан уақыт. Оншақты кісімен жолау­шылап Шора келе жатады. Құс қайтып қалған мезгіл. Алыстан ұшып келе жатқан бір құсты көріп, қасындағылар Шорадан бұл келе жатқан не құс деп сұрайды. Шора, ол бүркіт, бірақ түк алмайтын, тышқаннан басқа ауқаты жоқ «сасқалақ сары» деген тексіз бүркіт, деп жауап береді. Жолдастары бұған наныңқырамайды. «Ендеше аттарыңның тізгінін жинап, тарта ұстап, даяр болыңдар. Мен сендерге мұның қорқақтығын көрсетейін», – дейді. Ұшып келе жатқан құс төбелерінен қанатын қағып өте бергенде: «Ал, бәрің қаттырақ шуылдап, айғайлап, аттарыңмен дүбірлете шабыңдар», – депті. Ерігіп келе жатқан жолаушылар айғайды сала тасырлатып шаба жөнелгенде, құс торс етіп жерге құлап түседі. Келсе, шалқасынан түсіп, екі аяғын сермеп, көзі жыпылықтап жатқан бір сары құс. «Міне, көрдіңдер ме? Айғайдан зәресі ұшып, қорқып құлап түскенін. «Сасқалақ сары» осы», – деп жүріп кетеді.

«Бұл Шораның құсты қанат қаққанынан танып, құс мінезін әбден тексеріп жете білгенін көрсетеді», – дейді Сапекең. Сөйтеді де: «Шораның жалғыз тұзағы қазақ аңшыларына тегіс белгілі, – деп екінші әңгімені жалғастырады. – Аңға салатын түз құстарынан біреуі өз бетімен көктен сорғалап түсіп, жем алғанын көрсе, Шора ол құсты олжасынан айырып, ұшырып жіберіп, әлгі құстың жемтігінің үстіне қылдан есіп, жалғыз ғана тұзақ құрып кетеді. Шора кеткеннен кейін құс құрылған тұзақтағы жеміне қайтып келіп қонып, тұзаққа түсіп қалады екен. Құс жеміне қай жағынан келіп қонатынын, қай жерден бастап жейтінін, қалай құрса тұзаққа түсіп қалатынын ол әбден жетік білген».

Атақты құсбегі туралы халық ақыны Қалқа Жапсарбаев та өз шығар­ма­ла­рында жақсы із қалдырыпты. Оған қарт жыраудың «Шора құсшының әңгімесі» атты дастаны анық дәлел. Шығармадағы оқиға Жетісудағы Шопабай деген батырдың атағы алысқа кеткен құсбегіні іздеп келуінен басталады. Ол қолындағы бүркітінің кей мінезіне түсінбейтінін, соны айтып беруін сұрайды. Шора қонақты күтіп болған соң, үйінен далаға беттейді. Сол сәтті ақын: «Батырдың құсын қондырды, Құсшы Шора қолына. Қондырып құстың қол салды, Сан еті мен қоңына. Екі иығын қарады, Қарады және жонына. Қарады құстың жүніне, Жүнінің рең-түріне. Ешбір жері келмейді, Көрген құстарының біріне», – деп суреттейді. Бүркітті осылай әб­ден байқап, қарап болған соң құсбегі батырға былай деп жауап береді.

«…Құсыңыз сіздің бала құс, Шешесі – бүркіт, әкесі … Әншейін бір қарақұс. Қыранға біткен түрі жоқ, Бөктергі құрлы күші жоқ. Екі жақты алақұс. Сауысқан тырнақ салалы, Қарға тұмсық қаржымсыз… Мойыны ұзық құрықтай, борбайы бар сырықтай. Тұтамға саны толмайды, Жемге тойса шақшиып, Ұшырсаң ұзақ ұстатпай, Әр қырқадан асады. Басыңқырап қайырсаң, Әл-дәрмені қашады. Қоя бер мұны жөніне, Барсын, тапсын өзінің, Жан сақтайтын жеріне».

Бүркіт деп ұстап жүрген құсының шата екенін білген қонақ оның томағасы мен аяқбауын алып, жапан түзге ұшырып жібереді. Содан соң Шораға: «Нағыз қыранды қайдан табамын? Соны ұстап, табуға көмектес», – деп қолқа салады. Сонда құсбегі оған Жоңғар Алатауының үш-төрт жерін атап, соларға әртүрлі мал төлі: құлын, қозы, лақ, бұзау байланған торлар құру керек екенін, сонда осылардың әйтеуір біреуіне өзі айтқан құс төресінің түсетінін айтады. Арада біраз уақыт өткенде солай болады да. Оны ақын былай баяндайды: «Көкдомбақтағы торының, Бір жағы қалған жығылып. Байлап қойған кер құлын, Өліп жатыр тығылып, Қойған керме ағаштың, Қалыпты бәрі бұзылып… Құсты батыр көргенде, Көзі кетті қызығып!» Содан олжалы күнге мың тәубе айтқан Шопабай батыр 11 күн жол жүріп, Шора ауылына келіп жетеді. Торға түскен қыранға көңілі толған құсбегі оған: «Құстың атын айтайын, Шүйделі аяқ көкшегір. Он саусағы сүйегі, Сүйек емес көк темір. Жанды асылдың жақсысы, Екі қанат, бір құйрық, Аспанда желдеп, көкте жүр», – деген сипаттама беріп, батырға құтты болсын айтады. Көкшегір атын иеленген сол құс кейін бүкіл Жетісудағы қыран атаулының алды болып, алғырлығы алты алашқа аңыз ретінде тарапты.

Әңгімеміздің соңын осы тақырыпқа қалам тартып, құнды дерек қалдырған ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның жазбасымен қорытындылағанды жөн көріп отырмыз. Академик ағамыз 1950-1951 жылдары қайталап соққан қуғын-сүргін қысымымен археологиялық жұмыстардан алшақтап, этнография, өнертанумен айналысқан. Сол кездері Жезқазған, Балқаш, Семей және Жетісу жерлерін аралаудан кейін «Саят құстары» атты еңбегі дүниеге келген. Қазір ғалым Тұрсын Жұртбайдың архивінде сақтаулы тұрған осы жазбада Жалайыр Шораның бір қыры былай баяндалады. «Қолға жақсы үйреткен саят құстары өте жайдары, құбылғыш, неше алуан мінезге түсіп тұратын ойнақы келеді. Бұл, әсіресе, сұңқар, лашын, қаршыға, тұйғын сияқты құстардың мінезіне қатысты ерекшелік. Түзде өз еркімен жүргенде бұлар сыңарымен мереке құрып, масайрап, бірін-бірі қуып, кейде бөтен құс кездесіп қалса, оларды қатарларына жолатпай, шетке қақпайлап отырады. Атақты құсбегі Жалайыр Шора (ХVІІІ ғ.) қыран құстардың осындай мерекесін бұзбаймын деп, жаз шыға олардың еркегі мен ұябасарын елсіз жердегі құс ұшып кете алмайтын төбесі жабық, кең, үлкен үңгірлердің ішіне бос қойып ұстаған. Кейде өзіне бауыр басып, ешқайда кетіп қалмайтын құстарды таудың ішіндегі қияға еркін жіберіп, жұмыртқалатып, сондағы беткейге жемді өзі жеткізіп тұрған. Иесіне үйренген құс түз қанаттылары секілді сескенбейді, жұмыртқасын қызғанбайды, қайта жем іздеген кезінде таудың ішін жаңғыртып, шу көтеріп, құсбегінің тез жем әкелуін күтеді. Саят құстарының дауысы алысқа естілетін ашық келеді. Оларды дұрыс баулып үйретсе, орман, тау ішінде құсынан абайсызда айырылып қалған құсбегі оны даусынан барып тауып алуға болады. Жалайыр Шора осыны жақсы білген».

Алаш жұртына аты белгілі ақс­а­қал­дарымыз атақты құсбегі туралы осылай дейді. Бұл жазбалардың ұлттық салт-дәстүр мен халықтық мұра­лар­ға сақтықпен қарайтын кеңестік қиын кезеңде жазылғанын еске алсақ, жо­ғарыдағы пікір, лебіз, деректер уақыт сынынан сыр бермей өткен нағыз нанымды мысалдар деп айтуға әбден болады. Осы құнды үлгілерді негізге ала отырып: «Енді ел арасында аталмыш тақырыпқа қатысты қандай аңыз әңгімелер, оқиға, хикаялар бар?» – дегіміз келеді. Мақсат – соларды жинастыру, олардың ішіндегі атақты құсбегі жөнінде бұрын-соңды бүгінгі ұрпақ естімеген, білмеген тың дүниелер болса, жұртшылыққа сұрыптап ұсыну. Сонда біз сөз еткен тақырып толығып, оның мазмұны жақсы тәлім-тәрбиелік сипатқа ие болар еді. Осыған байланысты хаттарыңызды күтеміз, құрметті оқырман!

Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан»

АСТАНА

Айдары
Басты мақалаларЕлЖаңалықтар
Әлі пікір жазылған жоқ

Пікір жазу

*

*

жеті + жиырма =

Мұрағат
ақпан 2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
« Қаң  
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728 
QR-код

Осыған ұқсас