Орталық мемлекеттік музей­де жас суретшілердің көрмесі ашылды

Орталық мемлекеттік музей­де жас суретшілер Данияр жә­не Асылгүл Байдара­лин­дердің отбасылық көрмесі ашыл­ды. Америкаға қоныс аудар­ған Қазақстанның бел­гілі балетмейстері Жанат Бай­да­ралиннің баласы Данияр ұзақ жылдар Америкада тұр­ғандықтан, қазақ тарихы мен мәдениетін таныстыратын алғашқы көрмесін ілгеріректе америкалықтарға арнап ұйым­дастырса, бұл – олардың Қа­зақстанда өткізіп отырған тұң­ғыш үлкен көрмесі. Көрме аясында Д.Байдаралиннің «Са­дақшылық – искусство изго­тов­ления и стрельбы из казах­с­­кого конного лука» ат­ты кі­табының тұсаукесері болды. Сондай-ақ, Даниярдың сурет өнеріндегі тақырыбы көш­пелілер мәдениеті және қазақ қару-жарағының тарихы бол­ғандықтан, көрмеге кел­ген­дерге ат үстінде атылатын садақты пайдалану тәсілін көрсетті.

Суретшілер қазақ ұлттық мәдениеті мен тарихына қа­тысты туындыларында үнемі ерекше композициялық ше­шім­дерді іздестіреді. Д.Бай­даралиннің жұмыстары бабаларымыз қалдырған бай мұ­раға негізделген және ол суретшінің өз ойымен шебер ұштастырылған. Картиналар, негізінен, түрлі-түсті және ақ-қара гаммада салынған. Көрмеге қойылған жұмыстарда халық тұрмыс-тіршілігінің ұлттық нақыштары, жерін, елін қорғаған батырлардың қайсарлығы мен патриоттық рухы сипатталады.

Ал Асылгүл Байдаралинаның жұмыстары кескіндеме жә­не графика техникасында орын­далған: әйел мен ана тақы­ры­бына арналған «Әйелді кейіп­теу» фантастикалық портреттер се­риясы, «Қыз ұзату» трип­тихы ұлттық бояуының қанық­ты­­ғы­мен терең мазмұнға ие болғ­ан.

Суретші Байдаралиндер жазу өнерін де серік еткен. Данияр Байдаралиннің «Садақшылық – искусство изготовления и стрельбы из казахского конного лука» кітабы көшпелілердің бас қаруы – қазақтың ат үстінде садақ ату өнеріне арналған алғашқы ғылыми еңбектердің бірі. Суретші осы өнерді зерттеген маман ретінде ғылыми ізденісін тоқтатпай, жалғастыра беретінін айтады. Кітап ав­тордың өз аудармасымен орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген. Асылгүл Байдаралина «Біздің Сара апай», «Сиқырлы балта» және «Тауық арманы» сынды балаларға арналған бірнеше кітаптың авторы және иллюстраторы болды. Түрлі-түсті және ақ-қара түсті графикада орындалған кітаптар автордың ішкі әлемінің кеңдігі мен қиялының ұшқырлығын паш еткен.

Бүгінде суретшілер «Бай­даралы Студио» шығармашылық шеберханаларында бейнелеу өнерімен айналысады. Көр­меге Байдаралының балалары Күнікей мен Таймастың жұ­мыстарын қоса алғанда, 80-нен астам картина тамашалау­шы жұрттың назарына ұсынылған. Көрме 28 ақпанға дейін жал­ғасады.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Айдары
Жаңалықтар
Әлі пікір жазылған жоқ

Пікір жазу

*

*

төрт + 8 =

Мұрағат
ақпан 2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
« Қаң  
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728 
QR-код

Осыған ұқсас