10 Тамыз, 2017

Қазақ қаламгері қай жолды таңдайды?

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда 800 жазушы бар екен. Маңдайынан шертіп са­нап шыққан жоқпыз, жобалап айтқанда осынша адам қалам­гер­лер санатында есепте тұратын болса керек. Бұл деректерге де­ген қызғушылығымыз да аяқ ас­тынан ояна кетті.

Қазақ қаламгері қай жолды таңдайды?

Әлеуметтік желіде жас қалам­гер­лерге қамқорлық жасау жөнінде қызу пікір-талас жүріп жатыр. Пікір білдірушілердің бір тобы әрбір облыс шығармашылық ортада танылып қалған жас дарындарды ша­қы­рып, облыс орталықтарынан баспана беріп, жұмыспен қамтамасыз ету керек деген ұсынысты қызу қолдаса, екінші тарап қарсы уәж айтып жатты. Әрине, әркімнің пікірі – алтынмен тең. Пікірталастағы сөзді термелеп, мысалға алу біздің міндет емес. Анығы, көптің көкейіндегі тұншыққан ойдың тұмылдырығы сыпырылып, қоғамдық деңгейде сөз қозғалды. Дәл осындай мәдениетті пікірталас тақырыбын ашық ұсынған жас жазушыға жұрт дән риза болуы тиіс. Және бұл тақырыптағы ұсыныстардың іс жүзіне асуы қоғамның қолындағы шаруа емес, арғы жағы атқарушы билікке аманат...

Ойды ой қозғайды деген. Бұл пікірдің Тәуелсіздіктің 25 жылы ішіндегі қазақ әдебиетінің дамуына қатысты сөзді де тірілткені анық. Тек, әдебиет туралы сөзді әдебиетші айтуы керек. Бізге бұйырғаны, осы уақыт аралығында мемлекет тарапынан отандық әдебиетті дамытуға жасалған қадамдарды еске түсіріп, есептеп шығу ғана. Бұрынғы соцлагерьдегі елдерге қарағанда тәубе деп жүрміз. Қазақ әдебиеті қараусыз қалған жоқ. Жас толқын мен аға буын арасы сабақтасып келеді. Марапат пен сыйлықсыз емеспіз. Әлемге мойындалу жағынан да нәтиже бар, әрине әлсіздеу болса да. Кітаптар жарық көріп жатыр, мейлі таралым аз болуы мүмкін, бірақ көзі қарақты оқырман іздегенін табатындай жағдай бар. Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы жылдан жылға жалғасып, жақсарып келеді. Бірақ...

Аға буынның соцреализмнен сіңірген әдеті әлі де қалмай келе жатқандығы да шындық. Бұл тіпті жас буынға да жұғып үлгерген сыңайлы. Ол «дерттің» атауы... мемлекетке масыл болу ма, әлде елге еркелеу ме, осыған ұқсас түсініксіздеу әрекеттің айналасында. Әйтеуір, «кітап шығару азап, оны тарату қиын, қаламақы жоқ...» деген сыңайдағы пікірді әдебиетке 2010 жылы келген уыздай жастардың аузынан естіп қалып жүргеніміз өтірік емес қой. Бәлкім, біздің елдегі кітап индустриясы туралы, оны қойып жалпы әдебиет туралы түсінік жаңармай, жаңғырмай қалды ма? Ендеше, рухани жаңғырудан бұрын жазушының санасын түлетіп алу керек шығар...

Қызық үшін бір-екі мысал: әлемдегі ең бай жазушы Джоан Роулинг есімді ағылшын әйел екенін естіген шығарсыз. Әлгі Гарри Поттер туралы атақты романдардың авторы. Сол кісі шығармасының қолжазбасын құшақтап Лондондағы баспасы бар, әдеби агенттігі бар, он екі ғимаратқа кіріп шығыпты. Романды оқыған баспа мамандары жылы жымиып шығарып салып, «Шығармаңыздың көк тиындық құны жоқ. Аштан өлмес үшін басқа кәсіп үйреніңіз...» деп кеңес беріпті. Бірде сол лондондық Bloomsbury баспа үйі директорының сегіз жастағы қызы Алиса Ньютон Роулингтің шеті жырымдалған қолжазбасын кездейсоқ оқып шығып, романның жалғасын тауып беруді әкесінен өтініпті. Сұңғыла баспагер бала танымына лайық шығарманы бірден қабылдап, кітап етіп жіберген ғой. Нәтижесінде, Джоан ең бай жазушы, ал «Гарри Поттер» әлемдік сиквелге айналып шыға келді. Айтпақшы, Кеңес Одағындағы сұранысқа ие жазушы ретінде Максим Горькийді атауға болады. 1918-1986 жылдар арасында соцреализмнің кіндік әкесінің шығармалары 3556 рет қайта басылып, жалпы таралымы 242 млн 621 мың дананы құраған екен...

Тоқ етері, қазақ жазушысына не Роулингтің байлығын, яки Горькийдің таралымын таңдау керек сияқты. Алғашқысы үшін Алиса сияқты кітапқұмар оқырман, екінші жол үшін асыраушы бай мемлекет қажет...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»