Аймақтар • 10 Тамыз, 2017

Зырян ауданының Бородино ауылында жұмысшыларға арналған 5 үй салынып жатыр

264 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары облыстың Өскемен, Семей секілді үлкен шаһарларынан бөлек аудандарда да қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.

Зырян ауданының Бородино ауылында жұмысшыларға арналған 5 үй салынып жатыр

Мәселен, дәл қазіргі уақытта бір ғана Зырян қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 60 пәтерлі тұрғын үй салынып жатса, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында шағын шаһарға ұзындығы 6 шақырымнан асатын жылу желілері тартылып, төрт бірдей көшенің жолдарына асфалть төселіпті.

Қаланың оңтүстік бөлігіндегі 5 қабатты 60 пәтерлі түрғын үйдің құрылысы 15 маусымда басталыпты. Нысанның шебері Серік Қасайыновтың айтуынша, қазір мұнда 80 адам еңбек етіп жатыр. Жалдамалы негіздегі баспананы 2018 жылы пайдалануға беру жоспарланған. «Қала бойынша 800-ге жуық адам баспана кезегінде тұр. Бұл пәтерлер бірінші кезекте жас отбасыларға, мемлекеттік қызметкерлерге, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, ардагерлер мен мүгедектерге беріледі. Құрылыс нысанындағы жұмыс барысын аудан әкімінің өзі ерекше қадағалауында ұстап отыр. Күнде таңертең осында келіп, жұмысшылармен, мердігерлермен кездеседі», - дейді Зырян қаласы әкімінің міндетін атқарушы Петр Чурсин.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаладағы қарқын алған шаруаның бірі - 10 ықшамауданға жылу құбырларын тарту жұмыстары. Аудандық  сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 556, облыстық бюджеттен 60 миллионға жуық қаржы бөлініпті. «Құбырлардың ұзындығы 25 шақырымнан асады. Жұмысты бастамас бұрын тұрғындарды жинап, түсіндіру шараларын жүргіздік. Келісімдерін алдық. Олар жылу құбырларын көше бойымен емес, бау-бақша ішімен жүргізу туралы өтініш білдірді. Келісім бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтау 2018 жылға жоспарланған. Алайда біз биылғы жылу маусымына дейін бітіріп, тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз етуге тырысамыз», - дейді құрылыс мердігері «Алтайстройпроект» ЖШС-інің қызметкері Дәулет Мейрамғалиев.

Қаладағы тағы бір жағымды жаңалық, төрт бірдей көшеге орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілгендігі. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлініп, 20 жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген 3 шақырымға жуық жол жөнделіпті. «Осы ықшам ауданда тұрып келе жатқаныма 30 жылға жуық уақыт болды. Асфалть деген дүние өмірі болған емес. Жолдың бәрі-бәрі ойдым-ойдым болатын. Қазір міне бұл маңайдың тұрғындары дән риза. Қаланың шетіндегі ықшам аудандарға да мән беріліп жатқаны қуантады», - дейді осы ықшам ауданның тұрғыны Ольга Прокопьева.

Сонымен қатар жеке меншік-мемлекеттік серіктестік аясында қаладағы жылу орталығының №5 қазандығын жаңарту жоспарланып отыр екен. Концессиялық жобаға қаржы салатын инвестор да анықталыпты, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқан көрінеді. Бұл жоба сәтімен жүзеге асқан жағдайда қазандықтың электр қуаты 6 МВ-т-ға (қазіргісі 0 МВт), жылу қуаты 140, 2 ГКалл-сағатқа (бүгінгісі 128 ГКалл-сағат) жетеді дейді мамандар. Зырян қаласына биыл соңғы үш-төрт жыл көлемінде алғаш рет ыстық су 1 тамыз күні беріліпті. Аудандық қазандық жыл бойы 75 мың тонна көмір жағатын болса, тамыз айының соңына дейін 8 мың тонна көмір жеткізу жоспарланып отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ауданның ауылдарында да жұмыс қызып тұр деуге болады. Жақында Бородино ауылында екі пәтерлі 5 үйдің құрылысы басталыпты. Нысанның мердігері «Нарын-сервис» ЖШС басшысы Нығмет Шаухинның айтуынша, құрылыс жұмыстарына тек жергілікті материалдар қолданылып жатыр. «Бұл жердегі жұмыстың басталғанына бір ай болды. Жұмыс күші жеткілікті. Техника да, өзге де жабдықтардың бәрі өзімізден. Алыстан арбаламаймыз, құрылысқа қажетті заттардың барлығын іргедегі Үлкен Нарыннан әкелеміз. Алла сәтін салса, 5 үйдің құрылысын қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - дейді ол. Үш бөлмеден тұратын бұл үйлерге негізінен осындағы «Бородино» шаруа қожалығының жұмысшылары – малшылар, сауыншылар, механизаторлар, шөпшілер мен егіншілер, тракторшыларды қоныстандыру жоспарланып отыр. Бес үйдің жобалық-сметалық құжаттарының қаржысын аталған шаруа қожалығының иесі Қайрат Бөкежанов өз мойнына алыпты. «400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын алдағы уақытта 800-ге дейін ұлғайту жоспарда бар. Ауылда бірде-бір үй бос тұрған жоқ. Жұмыссыз жүрген адам жоқ біздің ауылда. Керісінше бізге қазір мамандар жетпей жатыр. Жұмысшылар керек. Ең бастысы, оларға баспана керек. Мына 5 үй сол үшін салынып жатыр. Тек жұмысшылар үшін», - дейді шаруа қожалығының басшысы.

Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов өңірде Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында жүктелген міндеттер мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатқанын айтады. «Қаламызда 20-30 жыл бойы жөнделмеген жолдар жөнделіп, ыстық сусыз, жылусыз отырған тұрғындарға жылу тартылуда. Қалада да, ауылда да жаңа баспаналар салынып жатыр. Аудан тұрғындары бұған дән риза», - дейді аудан басшысы.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Зырян ауданы. 

Суреттерді түсірген - автор