Қазақстан • 10 Тамыз, 2017

Астананың тұрғындары мен қонақтары қаламен «тікелей» сөйлесе алады

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Сәлем, Астана» атты интерактивті қалалық жоба таныстырылды. Ол өз алдына қала тұрғындары мен қонақтары үшін қаламен хабарлама арқылы байланыс орнатып, сөйлесуге мүмкіндік береді.

Астананың тұрғындары мен қонақтары қаламен «тікелей» сөйлесе алады

«Сәлем, Астана» жобасы Урбанистика және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ЭКСПО-2017 үшін FutureCreative британ мәдени бағдарламасы шеңберінде Британ Кеңесімен іске асырылуда.

Жоба бүгінгі күннен жұмысын бастайды. Жобаны әзірлеп жатқан мамандардың айтуынша, жобаға Астана қаласындағы кез-келген қала тұрғыны, қонағы қатыса алады. Қаламен «сөйлесуді» бастау үшін FacebookMessenger қосымшасы арқылы SalemAstana2017 (https://www.facebook.com/salemastana2017/) қолданушысына «Сәлем» сөзімен, өзі тұратын көшенің атауы мен үйдің нөмірін қоса көрсетіп,  хабарлама жіберу керек. Одан кейін хабарлама жіберген адамға жауап хат (хабарлама) келеді. Қаламен байланыс орнатуда онымен «сөйлесу» 4-5 сұрақ қою арқылы және оған түрлі тақырыпта жауап алу арқылы өтеді. Қаламен байланысты қазақ, және орыс тілдерінде жүргізуге болады.

- «Сәлем Астана» британдық ЭКСПО бағдарламасы аясындағы жобалардың бірі. «Сәлем Астана» британдық «HelloLampPost» деп аталатын жобасының нұсқасы деуге болады, - деді BritishCouncil мәдени жобалар жетекшісі Галина Корецкая.

Интерактивті «Сәлем, Астана» жобасы қала тұрғындарына өздерінің сүйікті шаһарларымен «сөйлесіп», байланыс орнатуына мүмкіндік береді; кез-келген қала тұрғыны шаһар туралы өзінің пікірімен не болмаса алған әсерімен бөлісе алады, қаланы жаңа тұрғыдан танып, мол ақпарат жинай алады, өзге де адамдардың пікірін біле алады. Жоба қаланың Сарыарқа, Алматы, Есіл сынды 3 ауданын қамтиды. Астана осындай жобалар іске асырылып жатқан әлемдегі сегізінші қала болып табылады. Атап айтар болсақ олардың ішінде Лондон, Токио секілді қалалар бар.

Жоба қалаға күнделікті өмірде тұрғындар жұмысқа немесе баласын балабақшадан алуға асығып бара жатып не ойлайтынын білуге мүмкіндік береді. Қаладағы орындар арқылы күнделікті әңгімелесу тәсілімен адамдар нені армандайтынын, не мазалайтынын, неменеге ұмтылатынын білуге болады.