Бағдарламалар • 10 Тамыз, 2017

Алматылықтар Мәжіліс депутатымен кездесті

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының №14 емханасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Серік Сейдуманов Ұлт жоспары «100 нақты қадам»,  Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын түсіндіру және міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру бағдарламасын талқылау мақсатында кездесу өткізді.   

Алматылықтар Мәжіліс депутатымен кездесті

Алатау ауданында орналасқан №14 қалалық емхана бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін дербес ұйым. Емхана 35 мыңға жуық тіркелген жандарға медициналық көмек көрсететін ауқымды емдеу орталығы болып табылады.

Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін емхана толықтай жабдықталған және онда білікті медицина мамандары, денсаулық сақтау ісінің үздіктері, "Алтын дәрігер", "Мейірім" төс белгілерімен марапатталған жоғары санатты дәрігерлер мен медбикелер жұмыс істейді.

Жиынға «Нұр Отан» партиясы Алатау ауданының филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұқанғали Алмасаев, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Кенжебаева, Алатау ауданы әкімінің орынбасары Саят Ағыбаев және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Серік Сейдуманов мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысты сұрақтарға жауап беріп, жүйелі реформаларды жалғастырудың маңыздылығы жөнінде айтып өтті.

Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу және Алатау ауданын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету жөнінде сұрақтар қойды. Сонымен қатар, дәрігерлер медицина саласы бойынша жоғары оқу орындарын бітірген  түлектердің өз еңбек жолын бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету жүйесінен бастауын ұсынды.

– Ұлт жоспары «100 нақты қадам» біздің елімізді және оның барлық саласын реформалау мақсатында нақты әрекет етуге ықпал ететін жоспар деп айта аламын. Мұнда медицинаның алар орны ерекше. Ұлт жоспары бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қабылданған заңдар шеңберінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енеді. Алатау ауданындағы №14 емханада кездесу ұйымдастыруыма да нақты себеп осы болып отыр. Басты мақсат осы жүйенің іс барысында қалай жұмыс істейтінін көру, – деді Серік Сейдуманов.

№14 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Үздембаеваның айтуынша,  емхана қызметкерлері сақтандыру жүйесімен толықтай таныс және келген емделушілердің бәрін ақпараттандыруда.

– Ұжым атынан бүгінгі кездесуге алғыс білдіргім келеді және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің заң шығару қызметімен танысу біз үшін үлкен қуаныш. Депутаттардың бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету саласына осылай жауапты қарауы  өте маңызды, – деді өз сөзінде Бақыт Үздембаева. 

Мәжіліс депутаты Алматы қаласындағы іссапары барысында, сондай-ақ, қалалық әуежайда, «Казферросталь» кәсіпорнында, мемлекеттік органдар өкілдері және Қоғамдық кеңес өкілдерімен кездесу өткізеді.

Алматы