11 Тамыз, 2017

Технологияның ұлы қозғалысы

667 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі жаһандық энергетикалық дағ­дарыс бір жағынан мұнай-газ энер­­гетикасының экономикалық ре­сурстарының шектелуімен, екінші жа­ғынан бүгінге дейін ашылған баламалы қуат көздерінің таяу мер­зім­де энергетикалық төңкеріс жа­сай ал­май­тындығымен сипатталады. Сон­дық­тан адамзаттың ертеңгі игілігі жо­лындағы болашақ тиімді энергия кө­зін іздеу қозғалысы бүгіннен бастау алу­да. Осы ұлы қозғалыстың алдыңғы ле­гінде «Болашақтың энергиясы» ұра­нымен Астанада ЭКСПО-2017 х­а­лықаралық мамандандырылған көр­месін өткізіп жатқан Қазақстан ке­леді. Кім не айтса, оны айтсын, ел­ордадағы ЭКСПО-2017 көрмесі жа­һан­д­ық энергетикалық төңкерістің озық технологиялары паш етілген та­рихи алаңға айналды.

Технологияның ұлы қозғалысы

ЭКСПО-2017 көрме қалашығындағы көп­шілік талқысына ұсынылған авс­триялық Andrits Hydro компаниясы шы­ғарған судың көтерілуі мен қайтуы ке­зеңінде қолданылатын турбинаның ма­ңызы зор. Бұл технологияның ерек­шелігі – су көтерілген кезде арна­йы электр стансасы теңіз шыға­на­ғында орналастырылса, турбиналар теңіз суының 35-100 метр тереңдігіне қойылады. Су астындағы турбиналар теңіз суы көтерілген кезде де, қайтқан кез­де де жұмыс істеп тұрады. Жал­пы, судың көтерілуі мен қай­туы ке­зе­ңін­дегі жаһандық қуат-күші са­ға­тына 150 мың ГВт энергия шы­ға­ра­ды, ал ауа сы­ғымдылығынан 800 есе ты­ғыз судың сы­­ғымдылығы бұл энер­ге­тикалық қуат­­ты одан әрі еселей тү­седі. Авс­три­я­лық Andrits Hydro ком­па­ния­сы­ның осы озық технологиясын Оң­түс­тік Корея іс жүзінде қолдану арқылы те­ңіздегі Сих­вин электр стансасында 254 МВт электр қуа­тын өндіруде. Егер осы технологияны Каспий теңізінде қолданатын болсақ, Ба­тыс Қазақстанды тиімді де арзан энергия­мен қамтамасыз етер едік.

Көрмедегі тағы бір керемет Италия­ның Greenrail компаниясы жасап шығар­ған темір жол шпалы болып табылады. Компания инженерлері дәстүрлі т­е­мір жол шпалдарының орнына «жасыл» тех­нологияға негізделген жаңа шпал ой­лап тапқан. Greenrail компа­ния­сы «жасыл» технологиясының не­гізіне күн энергиясын жинайтын фото­гал­ва­никалық элементтер алынған. Осы технология негізінде жасалған шпалдар төселген 1 километр темір жол торабы 150 кВт энергия өндіреді. Жаңа тех­нологияны ойлап тапқан инже­нер­лердің пікірінше, мұндай ш­пал­дар жол то­рабы бойындағы электр энергия­сы­на деген тапшылықты жоюға ықпал ете­ді. Мыңдаған шақырымға созылатын темір жол тораптары ұлан-ғайыр а­ты­рап­­ты байланыстырып жатқан қазақ­­стан­дық темір жол саласы үшін бұл тех­нологияның пайдасы ұшан-те­ңіз екен­дігі даусыз. Тек ЭКСПО-2017 көр­месіне әке­лінген осы жаһандық озық тех­но­логияларды өндірісте тиімді пайда­лана білу керек. Бұл енді қазақстандық мамандардың қарым-қабілетіне байланысты екендігі де белгілі.

Жақында Мәскеу инженерлері ди­на­микалық ең жоғары өткізгіштік күш арқылы электр энергиясын өндіру тә­сілін ойлап тапты. Ең жоғары өткіз­гіштік күш металл дискілерді зор жыл­дамдықпен айналдырған кезде пайда болады. Қысқаша КОРТЭЖ деп аталатын бұл өнертапқыштық идея электр қуатын алудың тағы бір жаңа тәсілін өмірге әкелді. Елордадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылған озық технологиялардың бірқатары дәстүрлі энергия өндіру тәсілдерінің тиімділігін арттыруға арналған. Соның бірі Варшава политехникалық университетінің ғалымдары ойлап тапқан SILO жүйесі болып табылады. Бұл жалпы айтқанда, турбиналарға, конденсаторларға, бу қазандары мен әртүрлі насостарға қойылатын өзін өзі реттейтін компь­ютер­лік бағдарлама болып табылады. Осы технология негізінде SILO жүйе­сінің жасанды интеллектісі жылу элек­тр стансаларының жұмысындағы кем­ші­ліктерді анықтап, оны реттеп отырады. Со­нымен бірге, электр қуатын өндіру көлемін азайтпай-ақ жағылатын көмірді азайтуға мүмкіндік береді.

Қалай болғанда да, соңғы он шақты жыл көлемінде жаңғырмалы энергетика сала­сында үлкен ғылыми жетістіктер ашылды. Электр энергиясын өзіндік құнын арзандату мақсатындағы жаңа қондырғылар мен технологиялар ойлап та­былды. Яғни, көмірсутегі шикізатынан өн­дірілетін қымбат электр энергиясын ар­зан да тиімді энергия көзімен ал­мас­тыратын энергетикалық төңкеріс жо­лындағы ізденісті күрес басталды. Мі­не, осы бір биік мақсат жолындағы із­деністі күреске Астана ЭКСПО-2017 ха­­лықаралық мамандандырылған көр­ме­сінің қосатын үлесі өлшеусіз.

 Иә, экономикалық табыстар дәуіріне бас­тайтын энергетикалық төңкеріс қыр астында тұр. Адамзат үшін әрі мол, әрі арзан энергетика көзін ашатын бұл төңкеріс жаңа технологиялар тү­рін­­де ме, әлде басқа шикізат көздері тү­рінде жүзеге аса ма, оны таяудағы уа­қыт көрсететін болады. Ең бастысы, озық ойлы адамзаттың  энергетикалық төң­­ке­ріс жасамай экономикалық дағ­да­рыс­тан құтыла алмайтындығына көзі жетті.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»