ЭКСПО-2017 • 14 Тамыз, 2017

Іскерлік байланыстар елді ілгерілетеді

471 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығында Беларусь Рес­пуб­ликасының ұлттық күні өтті. Шара аясында Қазақстан-Беларусь бизнес-форумы ұйымдастырылып, қос елдің кәсіпкерлері бас қосты.

Іскерлік байланыстар елді ілгерілетеді

Сонымен қатар 15 тамызға дейін жұмыс істейтін «Made in Belarus» атты көрме ашылды. Қазақстан және Беларусь үкіметтерінің басшылары Бақытжан Сағынтаев пен Андрей Кобяков машина жасау, мұнай химиясы, көлік, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, медицина, фармацевтика және азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдары ұсынылған шараны бірге аралады.

Бизнес-форумда Бақытжан Сағынтаев сөз сөйлеп, бұл басқосу мемлекеттер арасындағы үлкен іскерлік байланыс орнатуға деген қызығушылықты білдіретінін жеткізді. «Маған форумға беларусьтік 70 компания, бізден 200-ге жуық компания қатысып жатқандығы туралы айтылды. Бұл қос ел арасындағы үлкен іскерлік байланыс орнатуға деген қызығушылықты білдіреді. Осы кездесуіміз де екі жақты байланысты әрі өзара іскерлік-әріптестікті нығайтуға бағытталған. Әсіресе, қос тараптың шағын және орта бизнес өкілдерінің белсенділігі қуантады. Оған көрмені аралаған кезде көзіміз жетті», деді Қазақстан Премьер-Министрі.

Бақытжан Сағынтаев елімізде Беларусь кәсіпкерлерімен бірлескен 250 кәсіпорын жұмыс істеп жатқандығын алға тартты. «Made in Belarus» атты көрме елдеріміздің арасындағы өзара тиімді байланысты дамытуға серпін береді әрі жаңа жобалардың пайда болуына ықпал етеді. Біз мұны тек қолдаймыз. Осындағы Беларусь техникасын көріп, оның жоғары сапада жасалғанын атап өткім келеді», деді Үкімет басшысы.

Беларусь Республикасының Пре­мьер-министрі Андрей Кобяков екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты жоғары бағалады. Басқосуда Беларусьтің жоғары лауазымды мемлекеттік қызмет­керлері мен кәсіпкерлеріне Қазақстанның экономикалық жетістіктері мен инвес­тициялық әлеуеті таныстырылып, екі­жақты қарым-қатынастың тиімді де келе­шегі зор бағыттары анықталды.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»