14 Тамыз, 2017

Өнім өндіруші ұтылмауы керек

395 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Табыс табудың, күн көрудің жолы сан қырлы. Алланың ақ жолынан таймай, адал іспен айналысатындар да, қулығына құрық бойламайтын, айла-шарғысы мол, кезі келсе қырғидай қақшып кететіндер де ауырдың астымен жүріп-ақ мал тауып, ұрты майланатындар да жоқ емес. Бай, кедей демей өзіне «керек» болса, күн мен түнді елемей, біреудің мүлкін қақшып кетіп жүргендер де, жаяу ұрылар да, қарау пенделер де аз кездеспейтін болды.

Өнім өндіруші ұтылмауы керек

Дағдарыс келгеннен бері оңай олжа­ға «кенелгісі» келетіндер қалада да, далада да сабылып жүр. Қалада қалтаға түссе, ауылда өрістегі малды айдап кетіп жатады. Тіпті аяушылық танытпай, өзім секілді адамның табан ақы, маңдай терінің «жемісі» деместен, тау тағысындай жылқы, сиырды атып алып кететіндер де төбе көрсетіп жүр.

Иә, несін жасырайық, ауылды дің­ке­ле­тіп отырған сондай ұры-қарылар мен дел­далдар, алыпсатарлар. Олар өндірген өнімді әлгілер арзан бағаға алып, былай шыға қымбатқа сатып жүреді. Тіпті ондайлар өнім өндірушілерді базар маңына жолатпай, сырттан күтіп алып жатады. Сол кезде екеуі саудаласқан болады. Бә­рі­бір өндірушінің сөзі өтпейді, алу­ш­ы­-
­ның айы оңынан туады.

Таяуда бір ауыл азаматымен тілдес­ке­німіз бар. Оның айтуынша, өнімін делдалдарға бергеннен басқа мүмкіндігі болмайды екен. Себебі, қала базарынан алып қойған орны жоқ. Болған күнде де ол жердің өз заңы бар көрінеді. Бұ­ған қоса ақша төлеп алатын сан түрлі құ­жат ­­та олардың титығына тиеді. Сондай қы­руар машақатқа бас қатырып, әуреге түскенше алыпсатарлардың сұраған бағасына беріп, құтылуды мақұл көреді. Әрине,  шыққан шығын өтеліп жатса, әңгіме басқа. Табан ақы, маңдай тер ақталмаса, ол да ауыр азап. Сондай тірліктен еңбегі еш болған біраз азаматтар ауылды тастап қаладан жұмыс іздейді екен. Заманға қарай көлігің, өнім өндіруге қажет техникаң болмаса, ісің ілгері баспайды. Жалпы, Табиғат-Ана­ның ыстығы бет қарығанда, қыстың ақ бораны ұйытқып, қызыл шұнақ аяз қыс­қанда егін салып, мал баққан ауыл жұр­тына деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасап жатқан қамқорлығы көп жағдайда жете бермейтіні ақиқат. Оны ұтымды ұйымдастыруға тиіс жер­г­і­лікті жерлердегі кейбір әкім-қара­лар ауыл мен ауданның арасындағы жи­налысқа барып келумен уақыттарын өт­­кізеді. Қазір ауыл әкімдеріне көр­се­ті­ліп жатқан сенім-мүмкіндіктер, ер­кін­­діктер, жетіп артылады, көзін тапса қар­­жыдан қысылмауына болады. Соны ти­імді пайдалана алмай, ескі сүрлеуден шыға алмай жүргендер баршылық.

Иә, іскер әкімдер де жоқ емес. Он­дай азаматтар алақандай ауылын қой­ып, елдік тірлікке де өз үлестерін қо­суда. Осы жерде мына бір пікірді орта­ға сала кетсек дейміз. Бір ұжымға бі­рігіп еңбек ету мәселесі көтеріліп жат­қанда жергілікті жердегі әкімдер сырттай бақылаушы болмай, халықпен қоян-қолтық араласып, әр істің тетігін табуға, проблеманы шешуге жұмған жұдырықтай кіріссе, қазақ жерінің үс­тін­дегі байлыққа жұртты кенелтері сөз­сіз. Анау кеңес заманында кетпен ұ­стап-ақ төрткүл дүниеге танылған Ыбырай Жақаев, ақтылы қой өсірген Жазылбек Қуанышбаев сол жерүсті байлығының қазынасын қопарып халықты ақ күрішпен, сапалы етпен қамтамасыз еткенін үлкендер біледі, тарихтың бетінде сайрап тұр.

Елбасы кооператив құру арқылы бірлікте жұмыс істеуді көтеріп, ол қазір қанат жайып келеді. Бұл шашыраңқы тірліктен ортақ іске ұйытқы болуды ұйыс­тырады. Өз тірлігімен жүргендер ен­дігі жерде кооператив арқылы, қолын ұзар­татыны анық. Базарларға бара алмай­тындар өз өнімін кооперативке сенім тапсырады. Бұл өнім сапасының артуына да жол ашады. Бұрынғыдай делдалдарға бермей, өзінің бағасын қоя алады.  Мұндай игі іс жүзеге асып жатса, шөп басын сындырмай көлеңкеде, жылы жерде отырып байитындардың  өзі өнім өндірушілер қатарына қосылар еді. Қалай десек те, ауыл жұрты бейнеттің  зейнетін көріп, өнімін жол бойында сатудан құтылады.

Нарық заманына ерте көшкен елдер өнім өндіруші мен тұтынушының ара- жігін анықтап, әрқайсысының жұмыс тәсілін белгілеп берген. Бұған бір мысал келтірер болсақ, іссапармен 2001 жылы АҚШ мемлекетінде болғанымызда бір фермердің еңбегімен танысқанымыз бар. Соны көріп осындай үлгілі іс біздің ота­нымызда да орнайтынына сенгенбіз. Біз жүздескен фермер сиыр бағумен ай­на­лысады екен. Өндірген өнімін өз аяғымен алушыға апармайды. Тиісті орындар жасасқан келісімшарт бойынша келіп, алып кетеді. Өнім бағасы да ортақ келісім негізінде жүзеге асырылады екен. Ал жем-шөпті дайындайтын жеке фермер. Оған ақшасын төлесең болғаны. Осындай үлгіні өз елімізде орнықтырсақ, қазақ жерінің мол байлығы өз жұртымызда ғана емес, өзгелерге де жетіп, халықтың тұрмысы жақсарар еді. Кем-кетігі көп ауыл бой жазып, адамдарының ажары ашылар еді. Бір сөзбен айтқанда, өнім өндіруші ұтылмауы керек. Бұл қазір еліміз үшін басты мәселе болып тұр.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»