14 Тамыз, 2017

Алдыңғы арба қайда жүрсе...

2379 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сонау 80-ші жылдардың басында, жасым әлі отызға да жете қоймаған кез, ауылымыздағы Ғалым есімді үлкен кісімен бірге көрші кеңшарға баратын болдық. Автомашина рөлінде жаңағы кісінің баласы. Оның да жасы менімен қатарлас, жолдас жігіт. Көлікке отырар шақта мен өз «мәртебемді» білгендіктен артқы орындыққа қарай ұмтыла берген болатынмын. Жаңағы кісінің қатқылдау шыққан үні мені кілт тоқтатты. «Алдына отыр! Сендердің болашақтарың әлі алда, шегіншектемей, ілгері қарай талпыныңдар. Біз сияқты шалдарға осы жер де жарайды», деп өзі автомобильдің артқы есігінен еніп, екінші қатардағы отырғышқа жайғасты. Өзін шалдардың қатарына қосып отырған кісінің жасы ол уақыттары әлі алпысқа да жете қоймаған болатын.

Алдыңғы арба қайда жүрсе...

Осы оқиғаға мен ол кездері онша мән бере қоймаппын. Бәлкім оған менің жастықтың әсерінен мәселенің мәнісіне терең бойлай алмауым, сондықтан сөздің астарын жете түсінбеуім де себепкер болған шығар. Оның сыртында бұл сияқты жайттар, яғни кішінің үлкенді сыйлауы ғана емес, сонымен қатар үлкендердің де өздерінен жасы кішілерге белгілі бір жағдайларда жол беріп, өнеге көрсетіп жататын тұстары ол замандарда ара-тұра болса да кездесіп тұратын. «Жасарымызды жасадық, асарымызды асадық, ендігі жол жастардікі» деген сөз де ол уақыттарда жиі қайталанатын еді.

Содан бері де арада отыз жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде өзіміз де жаңағы айтқан «шалдың» жасына жеттік, жеткені былай тұрсын, тіпті асып та кеттік. Сондықтан шығар, әркім тек бас пайдасын ғана көксеп, әркім өзін дөкей қылып көрсетіп қалуға тырысатын қазіргідей шақта біз сол кісінің жасағанын жасап, ара-тұра жастарға жол беріп, үлкендік, білгендік таныта алар ма екенбіз деген ой соңғы кездері жиі мазалайды. Әлде, «әй, бала, өңмеңдеп қайда барасың, алдына отыруға саған әлі ерте, отыр мына артына», деп жеткіншек ұрпақтың меселін қайтарып, өзіміз кимелей алға ұмтылар ма екенбіз?..

Мұндай күмәнді көзқарас танытуыма себеп те жоқ емес-тін. Осыдан 10-15 жылдай бұрын осы қаладағы бір қыз ұзату тойына қатыстым. Бірінің айтқанын екіншісінің айнытпай қайталағанына қарамастан, сөз тигендердің бәрі өршелене тілек айтып дегендей, той қазақтарға тән дәстүрмен жүріп жатқан. Бір кезде, шамамен тойдың орта тұсы болса керек, бір ақсақал орнынан тұрды да шығып жүре берді. Маңайындағы отырғандардың бәрі әлгі кісіге аңтарыла қарады. «Не болды? Неге кетіп қалды?» деген күбір-сыбыр да естіле бастады. Сөйтсе, жаңағы кісі маған алғашқылардың қатарында сөз бермедіңдер деп той иелеріне өкпелеп кетіпті.  Өзгелерді білмеймін, мен үшін әлгі адамның мінезі оғаштау, үлкен басын кішірейткендей қылық болып көрінді. Шындап келгенде, қай кезде сөйлесең де бәрібір емес пе? Оның үстіне, талай тойлардың куәсі болдық, аталы сөз айтып, жиналған жұртты таңқалдырып жатқан ешкімді көрген де, естіген де емеспіз. Бәріміздің де айтатынымыз «Бақытты болыңдар», «Шаңырағыңнан шаттық кетпесін», «Үбірлі-шүбірлі болыңдар» деген сияқты жаттанды сөздер. Әрине, бұлар жаман тілектер емес. Сөйте тұрса да, бір сөзді онымыз, жүзіміз қосылып қайталай беруіміз көкейге қаншалықты қонымды, қаншалықты орынды?.. Керек десеңіз, шуда жіптей шұбатылған сөздердің өзі жұртты жалықтырып, қыруар уақытын босқа шығындайды. Зейін қойып тыңдап жатқан тағы ешкім жоқ.

Дегенмен, біздің айтпағымыз той немесе ондағы ағыл-тегіл сөздер туралы емес. Біздің мақсатымыз адамдық қасиет дегеніміз не, ол қандай жағдайларда және қалай көрініс табуы тиіс деген сауал төңірегінде ойласу. Адамдық қасиет үлкенге де, кішіге де ортақ. Егер ол үлкендердің мінез-құлқынан жиірек көрініс беріп жатса, оның өзі өмірлік тәжірибелері аз кейінгі жастарға үлгі болар еді. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деген мәтел де осындай себептерге байланысты айтылған болса керек. Өмірден көрген-түйгендері мол, жөн біледі деген аға буын өкілдерінің өздері сүрінбес жерде сүрініп, бүлінбес жерде бүлініп, білместік жасап жатса, өмір жолдарын енді ғана бастаған жастарға не жорық?!

Кейде қазіргі жастар тәрбиесіз, үл­кен­ді сыйлауды білмейді деп реніш білдіріп жатамыз. Қарияларды иығымен соғып өте шығатын, қоғамдық көлікте орын беруге онша асыға қоймайтын жігіттер мен қыздардың кездесіп тұра­тыны да рас. Бірақ жеткіншек ұрпақтың қайырымсыздау болып өсуіне оларға дұрыс үлгі-өнеге көрсете алмай жүрген алдыңғы буын – өзіміз кінәлі болып шықсақ қайтпекпіз? Ол туралы ойланып көрдік пе екен, сірә?

Өзі артқы орындыққа отырып, баласымен қатар маған алдын ұсынған ақсақал тағы да ойыма оралды...

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»