ЭКСПО-2017 • 14 Тамыз, 2017

Швейцар сағаты Астана уақытын көрсетеді (ЭКСПО жаңалықтары)

311 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аумағында Швейцария Конфедерациясының ұлттық күні өтті. Мерекеде шетелдік музыкалық топтар өнер көрсетіп, жұртшылықты тамсандырды. Дәстүр бойынша делегациялар үш бөлімнен тұратын ұлттық павильон аумағын аралады. Павильонды салу кезінде заман талабына сай экологиялық технология­лар қолданылған. Мұнда келушілер өздерінің энергетикалық балансын өлшей алады.

Швейцар сағаты Астана уақытын көрсетеді (ЭКСПО жаңалықтары)

Шараның ресми бөліміне Кон­фе­дерация президенті Дорис Лойтхард қатысып, бұл көрменің планетамызда тұрақты болашақ құруға негіз болуы мүмкін екенін айтты. «Әртүрлі саяси шешімдермен байланыстағы технологиялық даму қазіргі уақытта энергетикалық секторға ғана емес, басқа да салаларға түбегейлі өзгерістер әкелуде. Сол себепті Қазақстан осындай ауқымды іс-шараны Орталық Азияда алғаш рет өткізе отыра, дұрыс таңдау жасады. Қоршаған орта, адами құндылықтар және тұрақтылық жиырма бірінші ғасырдағы үлкен сын-тегеурін болып табылады. ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуі әлем­дік қоғам үшін аса маңызды. Мұнда біз өзіміздің ең жаңа технология­ларымызды одан әрі тарата аламыз және Қазақстан мен Швей­цария арасындағы тұ­рақ­ты ын­ты­мақтастыққа сүйене аламыз», деді ол.

Швейцария Жаһандық инно­ва­циялық индекс рейтингінде жеті рет ең инновациялы ел ретінде танылған. «Энергетикалық стратегия-2050» бағдарламасы мемлекеттің болашақ ұрпағына энергияның қауіпсіз әрі сенімді жеткізілуіне кепілдік береді. Швейцарияның осы бағыттағы тәжірибесі олардың ұлттық павильонында көрініс тапқан.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұл­та­нов екі ел арасындағы дипло­ма­тия­лық қарым-қатынас, сауда-экономикалық ынтымақ­тастық белсенді дамып жатқанын әңгі­меледі. «Біз Швейцария үкіме­тінің баламалы энергия көз­дерін дамытуға қосқан үлестерін жоғары бағалаймыз. Швейцария халқы қабылдаған жоғарыдағы бағдарлама жасыл экономиканың дамуына едәуір үлес қосып, елдің одан әрі экономикалық дамуына ықпал етуде. Қазақстан да осы бағытты белсенді дамытуға ниетті. ЭКСПО-2017 көрмесі ел экономикасын одан әрі жаң­ғыр­туға үлкен серпін беретін жал­пыұлттық жоба болып табылады және жаһандық проблемаларды шешу үшін әлемдік алаңға айналатыны анық», деді министр.

Күннен қуат алатын ұшақ
келесі жылы ғарыш кеңістігіне самғайды

ЭКСПО-2017 көрмесіне күн қуатымен қозғалатын «Solar Stratos» ұшағының пилоты Рафаэль Домжан келді. Швейцарияның ұлттық күніне орай Астана қаласына ат басын бұрған өнертапқыш алдағы жоспарларымен бөлісті. 

Келесі жылы ол ұшақпен стратосфера қабатына, яғни ғарышқа дейінгі кеңістікке көтерілуді көздеп отыр. «ЭКСПО-2017 баламалы қуат көзін насихаттау алаңына айналды, сондықтан елордадағы шара мінберінде тұрып, адамзатты ғаламшарды сақтауға бағытталған таза энергияны дамытуға шақырамын», деді ұшақ пилоты.

Әлемдегі алғашқы күн­нен қуат алатын ұшақты сы­нақ­тан сәтті өткізген Рафаэль Домжанның жасыл тех­но­логияларға қызығушылығы Солтүстік полюстегі саяхатынан басталыпты. «Мен жиырма жылдан астам уақыт Солтүстік полюске, Шпицберген аралдары мен Ирландияға саяхат жасадым. Он-он бес жыл бойы үлкен мұздықтардың еріп кеткендігін көзіммен көр­дім. Ғаламдық жылыну мен кли­мат­тың өзгерісі жай сөз ғана емес, ол құбылыс шынайы болып жатыр. Бірақ бізде технология­лар мен баламалы қуат көздері бар ғой. Сондықтан, бізде ше­ші­мін таппаған мәселе бар бол­ғаны­мен, оның шешімі дайын деп білемін», дейді шетелдік қонақ.

Басқосуда «Solar Stratos» ұша­ғын жасап шығарған компа­нияның бас директоры Марио Эль Кури де 2015 жылы көкке көтерілген сәттегі әсерімен де бөлісті. «Күннен қуат алатын ұшақты екі жыл бұрын ал­ғаш рет сы­нақтан өткіздім. Бірақ, бұл ұшақта гүріл жоқ. Яғ­ни қозғалтқыштан, турбина­дан шығатын гүріл мүл­дем ест­іл­мейді. Аспанға көтерілген кезде мүлгіген тыныш­тық­қа куә боласың. Бұл мен үшін ерекше болды», дейді ол.

Рафаэль Домжан осы сы­нақтан кезінде қатты қо­бал­­жы­ғандығын жеткізді. «Марио мыр­заның ком­па­ниясының қызмет­керлері ұшаққа күн панель­дерін жабыстырды. Біз ұшақ көкке көтерілген кезде панель­дер ұшып кете ме деп қорық­тық. Ал қазір бұл жағдай күл­кілі көрінеді. Шынын айтқан­да, біздің ұшақтағы күн панель­дерінің қарапайым панельдерден айырмашылығы жоқ. Біздің мақсатымыз әдемі, қымбат өнім жасау болған жоқ. Тек күн энергиясын барынша қолданылуы қажет деген пікірді ұстандық», деді өнертапқыш.

Келесі жылы шетелдік ұш­қыш ғарыш кеңістігіндегі стра­­тосфера қабатын бағын­дыр­­мақ. Ұшақтың салмағы, ұш­қыш­­пен бірге есептегенде 450 келі. Ал ұшу құра­лы­ның қа­на­ты­мен қосқандағы ені – 24,8 м, ұзындығы – 7,9 м. «Solar Stra­tos» ұшағының қанаттары үл­кен. Сон­дықтан, ол жерге қон­бай үлкен қашықтықты бағын­­ды­ра алады. Ұшақ 25 мың метр биік­­­тікке дейін көтеріледі. Ұш­қыш осындай жағдайда денсау­лы­ғына зиян келмес үшін арнайы герметикалық костюм киеді.

Ұшақтың салмағы жеңіл болған сайын, жоғары биіктікті ба­ғындыру мүмкіндігі арта түседі. Сондықтан, құрас­ты­рушылар ұшу аппаратының сал­мағын барынша жеңілдетуге тырысады. Ғарышқа саяхат қауіпсіз болу үшін ұшқыш та салмақ тастауы қажет екен.

Топтаманы әзірлегендер:

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан» 

Суреттерді түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»