ЭКСПО-2017 • 14 Тамыз, 2017

«Тур ЭКСПО» бәйгесінде британдық озды

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен сенбі күні ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында «Astana EXPO 2017 International Criterium» деп аталған тас жолдағы кәсіпқой веложарыс өтті.

«Тур ЭКСПО» бәйгесінде британдық озды

Орынбай Балмұрат, «Егемен Қазақстан»

Велошабандоздар Астананың Түркістан, Достық, Ақмешіт және Қонаев  көшелері бойымен әрқайсысы 1,6 шақырымдық 35 айналымнан тұратын қашықтықты артқа қалдырып, «Бәйтерек» монументі түбіндегі мәреде жарысты аяқтады.

Тас жолдағы тартысты өткен велобәйгеде Ұлы­бри­таниядан келген шабандоз Эдвард Клэнси алдына жан салмады. Мәре сызығын екінші болып Николас Марини (Италия) кесіп өтті. Скотт Шандерленд (Ұлыбритания) болса, қола жүлдеге қанағат етті. Ал жерлесіміз, Astana Pro Team  клубының мүшесі Бақтияр Қожатаев Азияның үздік велошабандозы атанды.

Жалпы, «Astana EXPO 2017 International Criterium» ве­ложарысына 15 елден 20 команда қатысты. Олардың арасында Әлемдік турлардың кәсіпқой командалары, құрлықаралық командалар мен ұлттық құрамалар болды. Ал бұл ұжымдардың сапында «Гранд-турлардың» жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Олимпиада медалінің иегерлері өнер көрсетті. Әйгілі «Тур де Франс» велокөпкүндігінің былтырғы жеңімпазы,  британдық Team Sky командасының мүшесі Крис Фрумның және Astana Pro Team ұжымының көшбасшысы Фабио Арудың және тағы басқа атақты спортшылардың Астана велобәйгесіне арнайы келіп қатысуы жарыстың өте жоғарыда деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетсе керек.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Триатлон федерациясының президенті, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қатысты.

Марапаттау рәсімі кезінде велоспорт жанкүйерлері үшін қуанышты хабарды «Астана» велоклубының бас менеджері Александр Винокуров жеткізді. Әйгілі велошабандоз БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Astana EXPO 2017 International Criterium» велобәйгесін дәстүрлі турнирге айналдыру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»