Әдебиет • 14 Тамыз, 2017

Ерліктің ерен өнегесі

1472 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Бо­ла­шаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр ау­мақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағы бізді қор­ға­ды. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деп олардың ұрпақ алдындағы еңбегіне лайықты ба­ғасын берді.

Ерліктің ерен өнегесі

Осындай ерлердің бірі – қол баста­ған батыр Баймұрат Бәйімбетұлы Бұқа батыр немересі 1709 жылы Аякөз өзенінің бойында дүниеге келіп, 1784 жылы Қытайдың Құлыстай өңірі Күжібай деген жерде қайтыс болды. Ерекше ерлігі мен мұқалмас қайрат-жігерінің, төзімі мен сабырының, ел қамын ойлаған ақылгөйлігінің нәтижесінде Баймұратты Абылай хан мен қазақ қол­да­ры­ның қолбасшысы Қабанбай батыр да ба­рын­ша құрмет тұтқаны ел санасында жаң­­ғырып, бүгінге дейін жетіп отырған ес­кі әңгімелер мен шежірелер арқылы бел­гілі.

Баймұрат батыр қазақ тарихының елеу­сіз тұлғасы емес. Мұны Абылай хан­ның ақыл­шы серігі болған әйгілі Бұқар жы­рау­дың:

Қасабай, Шөрекпенен батыр

 Жанбай,

Айқасты ата жаумен жан-жақты.

Баймұрат, Тентек батыр, балуан

Қасым,

Бұлардың маңайына жан батпады – деп жыр толғауынан аңғаруға болады. Сол секілді, кезінде Кәрібай ақын Таңатарұлы да жоңғар соғысындағы басты батырларды ардақтап жырға қосқанда:

Уәли сүйегі Уақ, батыр Бармақ,

Қаз дауысты Қазыбек өңкей саңлақ.

Баймұрат, Райымбек, батыр Тентек,

Барлығы жауда кеткен кегін алмақ – деп төкпелеткен.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов те өзінің атақты «Дарабоз» романында Баймұраттың ерлігіне жан-жақты тоқтала кетеді.

«Баймұраттың жай күндері мінезі сондай ауыр болғанымен, шабуыл кезінде қалт жібермес кәнігі шеберлігіне, шайқас уақытындағы қимылы көз ілеспейтіндігіне, қайратының қаптал­дығына, машығының молдығына үзеңгілес батырлар да, сардар Қабанбай да талай сүйсінген. Баймұрат өзінің «Нарқызыл» атымен қазақ даласында болған шешуші жойқын соғыстардың көбіне қатысқан. 1743 жылы, қазақ-жоң­ғар арасында бітімге қол қойылып, ха­лық тыныстап, 5-6 жыл бейбіт өмір сүр­ді. Дегенмен жарты жері жау қолында жат­қан­да қазақтың ел билеген хандары мен қол бастаған батырларында уайымсыз ұй­қы, қайғысыз күн қалай болсын. 1748 жы­лы мамыр айында Сарысу бойында ұлы жүз, орта жүз (Әбілмәмбет, Абылай хан­дар) ордасындағы хан кеңесі өтті. Оған Қабанбай батыр, Боранбай, Төбет, Қу дауысты Құттыбай билер бас­татқан най­ман тобы да қатысады. Бұларды қор­ғап-қоршаған ер Еспенбет, Есенгелді, Бай­мұ­рат, Оразымбет, Көкжал Барақ, Тауасар, Дәу­летбай секілді әйгілі батырлары қан­шама! Осыларға іле-шала ер Жәнібек бас­таған керей кісілері мен батыр Баянды бас еткен уақ жігіттері де келіп жетіп еді» дейді (Қ.Жұмаділов. «Дарабоз» бірінші кітап 9 бет).

Ұзақ жылдарға созылған итжығыс шайқастар соңы Абылай хан тұсында қазақ қолдарының бірігуіне әкеле жатты. Осыдан жаудың сағы сынып, алғашқы екпінінен жаңылып, көп жуасып қалды. 1748 жылы қар кетіп, жаздың шеті жылт етісімен-ақ найманның Төлегетайынан тарайтын төрт арысы Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл ауылдары Ұлытау өңірінен шығысқа қарай жылжып, осы бір ұрымтал өлкеге әдейі қоныс аударған-ды. Яғни Ұлытау өңірінен қопарыла көшкен қалың ел Барқытбелдің батыс сілеміне барып тұмсық тіреп, өрісін кеңейткенде әр рудың ең жанкешті деген қарулы, мерген жігіттерінен жүздіктер іріктеліп, көп жылқы мен қалың көшті қорғап-қоршап жүретін жасақ құрылған. Сардар Қабанбайдың шешімімен ортадағы қолды Дәулетбай, оң қолды Шыңқожа, сол қолды Баймұрат басқарған.

Қабанбайды Ұрыжардағы қалмақтың «ақ тулы ақсүйек» атанған хойт нояны Банжар ынтымақтастық, татулық мақ­сатында қонаққа шақырғанда, Хан­бабамыз Баймұратты әдеттегідей қа­сына ерте жүреді. Баймұрат сол жерде ұйымдастырылған ойынға қатысып, елу қадам жердегі сырықтың басынан күміс теңгені атып түсіріп, бас бәйгені алады. Кейін Банжар мен Қабанбай құда болып, Банжардың тұңғыш қызы Мүнкей Қабанбайдың кенже ұлы Әліге ұзатылады.

Енді Баймұрат бабамыздың жеке көр­сеткен ерліктеріне келсек, Ұрыжар ма­ңындағы соғыста Еспенбет қалың қол­дың маңдай алдын, Баймұрат пен Шын­ғожа қос қанатын, Есенкелді мен Дәу­летбай артқы тосқауылды басқарды. Бар­лық тауының батыс баурайы – қол­басшы Қабанбайдың кіндік қаны тамған жер. Осы арада үлкен қақтығыста қалмақ қолы жағынан «жекпе-жек» деп бір дәу қалмақ астындағы атын желе шоқы­рақтатып, ортаға шығады. Сол кезде Баймұрат Қабанбайдың бауырлары қаракерей руының батырлары Еспенбет, Дәулетбай, Қасабайлардың алдын орап:

– Ауыл өздеріңдікі ғой, жігіттер! Әйт­седе, Қабекемнің туған жерінде кезекті маған беріңдер! – дейді жаңағы үшеуіне қа­ра­тып. Баймұрат жекпе-жектің хас ше­бері атанған, даңқы ерте шыққан батыр бол­ғандықтан оның сөзі жерде қалмайды.

– Жолың болсын, Баймұрат батыр! Бұл жолы – кезек сенікі. Бұқа бабаның аруағы қолдасын, жауыңды жайратып қайт! – деп рұқсат береді Қабекеңнің өзі.

Сайысқа шыққан қалмақ батыры он алты жасында Қабанбай өлтірген Өлже-жырғал ноянның немересі Мәңке-жырғал екен. Сайланып шыққан ерлердің сұрапыл жекпе-жегінде шақырлаған найза мен қалқан дабысы қатты шыққанменен екеуі де оларды денелеріне дарытпай біраз арпалысады. Осы тұста мұндай жекпе-жектің тала­йын бастан өткерген Баймұрат батыр бай тәжірибесіне сүйеніп, тосын тәсіл қолданды. Ерінің алдыңғы қапталында үнемі қасынан тастамай іліп жүретін «барып кел» деп аталатын шоқпары болады екен. Бұл – екі құлаштай шынжыр бауы бар, бір ұшы ердің алдыңғы шеттігіне бекітілген аумағы кішігірім шәугімдей домалақ шойын. Қолтығына найзасын кезене қысқан күйі екпіндете шауып келе жатып, екінші қолымен «барып келді» ілгегінен ағытып алады да, аңыратып алға салады. Найзаның өтінен қалай жалтарудың амалын таппай жанталасқан Мөңке-жырғалдың тұсынан өте бере қолындағы шоқпармен дулығалы бастан көз­деп тұрып, бар пәрменімен періп кеп жібер­генде, қарақұсы жарылған қалмақ аты­нан сұлап түсіп, тіл тартпай, мерт бола­ды. Жекпе-жектің Баймұраттың жеңі­сі­мен бітуі ұрысқа кіргелі тұрған қазақ жауынгерлеріне жігер берген үлкен қолдау болады.

Ауданның құрметті азаматы, Қа­зақстан жур­налистер одағының мүшесі Бекен Жапаровтың жетек­шілігімен шыққан «Зай­сан асулары» атты кітапта Абылай хан­ның кезекті кеңес өткізіп, онда «Шаған шай­қасының» тактикасын жасаған Қабан­бай батырдың жос­­пары талқыланып, мақұлданғаны, сол жоспарды жүзеге асыру үшін төрт топқа бөлінген жауынгерлердің бір тобын Абылай ханның шешімімен Баймұрат батырдың басқарғандығы жазылған.

Мұнан кейінгі 1754 жылғы Шорға шай­қа­сында Баспан шатқалында бекінген қал­мақ әскерлері Қызылтас, Үштөбе, Базар өзені­нің басын жайлаған торғауыттардан астыртын көмек алып, қайта күшейіп алады да, олармен ұрыс салған керей Ер Жәнібек әскерлерінің мысын құртып, ырық бермей тұрады. Сол кезде көп сарбазбен көмекке келген Қабанбай батыр қалмақ жауынгерлерінің артынан барып тиісу үшін Баймұратты екі мың кісімен Базар өзенінің сол жақ қапталындағы сайдың ішімен сезік тудырмай жасырын аттандырады. Баймұрат бастаған жасақ түнімен жүріп отырып, Баспан шатқалының қыр желкесіне жетеді. Олар биікке шығып, күтпеген жерден атой салып, ойраттардың ту сыртынан шабуыл жасайды. Қабанбайдың осындай тәсілінің арқасында Баспан – Базардағы шайқас қазақ әскерлерінің үлкен жеңісімен аяқталады.

Жаудан босаған жерге иелік ету басталғанда Абылай ханның пәрменімен керей ер Жәнібек елін Алтайға бастағанда, Бай­мұрат батыр төртуылдың ақбарақ, ақ­бо­лат руларын Тарбағатай тауының күн­­гей бетіндегі Құлыстай өңіріне қоныс­тан­дырған. Оның зираты қазіргі Шәуешек қаласының маңындағы Абдыра ауылының Күжібай деген жерінде. Баймұрат ұрпақ­та­ры ел толқыған аласапыран кезде де батыр бабалары жатқан осы өңірден тапжылмапты.

Сөзімізді қорытындылай келе ай­тары­мыз, қазақ жерін жоңғардан азат етуде ерек­ше көзге түскен Баймұрат батырдың есі­мін есте сақтап, ұрпақ санасында жаң­ғыр­ту, осы арқылы жастарға патриот­тық тәрбие беру мақсатында Зайсан қаласынан ес­ке­р­ткіш орнату ісі қалың көпшіліктің тіле­гімен қолға алынды. Осы үшін Зайсан аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен және аудандық Қоғамдық кеңестің шешімі негізінде өткен жылдың соңында «Баймұрат батыр» қоры құрылды. Қазіргі күні ескерткіштің жобасын жа­сатып, тиісті орындарға бекіттіру жұмыстары жүргізілуде.

Қалибек АЛТЫБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Зайсан ауданының құрметті азаматы

Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы