Қазақстан • 15 Тамыз, 2017

Елбасы тапсырмасы – басты бағдар

486 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы өз Жолдауында айқындап берген бес басым бағыттың ішінде экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуының бірінші кезекке шығарылуы оның кешенді шешімдерді қажет ететін маңызды міндет екенін айғақтаса керек. Қазір – озық технологиялар дәуірі, онсыз ілгері басу мүмкін емес. Осы себепті Елбасы цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетудің жолдарын жан-жақты белгілеп, Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жаңа индустриялар қалыптастыруда инновацияны қолдау және оларды өндіріске енгізу басты табыс көзі болып табылатынын өркениетті елдер тәжірибесі көрсетіп отыр. Тарихи құжатта дәстүрлі базалық салаларды, оның ішінде өнеркәсіпті дамытуға серпін беру, технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың шараларын іске асыру, сонымен қатар, тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеу қажеттігі атап көрсетілді.

Елбасы тапсырмасы – басты бағдар

Бүгінгідей күрделі жағдайда әлем барған сайын шапшаң, жедел өзгеріп жатқандықтан, жаңа жаһандық қарқынға ілесе отырып елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсім­нің тұрлаулы моделін қалып­тастыруға атсалысу – бәріміздің абы­ройлы борышымыз. Бұл Петропавл ауыр машина жасау зауыты /ПАМЖЗ/ үшін де басты бағдар саналады. Соңғы 30 жылдың ішін­де 40 миллиард теңгеге жуық өнім­­дер мен бұйымдардың респуб­­ликамен қатар, одан тысқа­ры жер­лерге жөнелтілуі бәсеке­лес­тік қабілетіміздің шыңдал­ғанын көрсетеді. Жыл өткен са­йын өндіріс қуаты да, еңбек өнім­­ділігі де артып келеді. Ұжым­­да 1200-дей адам жұмыс іс­тейді. Жас­тардың қатары толы­ға тү­суде. Халықаралық стандарттарға сай озық технология­лар негі­зін­де мұнай-газ өндіру, өңдеу, мұнай-химиялық, химиялық, энер­гети­ка­лық, тағы басқа сала­ларға мамандануымыз, Президенттің «Ал­тын сапа» сый­лығын жеңіп алуы­мыз сапа менед­жментін сәтті меңгер­­гені­мізді, бәсекелестік ортаға бейімделгенімізді аңғартады. 

ПАМЖЗ Кеңес одағы кезінде қорғаныс өнеркәсібі саласындағы қуатты зауыттардың бірі болатын. Жақын және орта қашықтыққа ұшатын зымырандар кешені, әс­кери қару-жарақтың өзге де түрлері шығарылды. Ал бүгінгі күні зауыт осы заманғы технология­лар­мен жабдықталған көп салалы кәсіпорын ретінде танымал. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына енгелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламаларына үз­бей қа­тысып, халықаралық стандарт­тарға сәйкес келетін бірыңғай жүйе тізбесі қалыптасты. Әске­ри-өнеркәсіптік кешен жүйесін­де зауыттың алар орны ерекше. Кезінде зымырандар мен олар­­дың құрама бө­лік­тері, жер үсті жаб­дықтары мен түрлі тип­тегі зы­мыран кешен­дері шыға­рылды. Мысалы, «Темп-С» кешені баллис­тикалық зымы­ра­ны­ның, «Точка» және «Точка-У», «СКАД» кеше­ні зымыранының бірін­ші, екін­ші сатыларының қозғалт­­қыш­тары, бастапқы агрегаттары, «Ли­вень» кешенінің қайық­қа қарсы гравитациялық снаряд­­тары, зерттеу және метеоро­­ло­гиялық зы­мырандары құрас­ты­рылды. «Ока» зымыран жедел-так­тикалық кешенінің алғаш­қы іске қосу қон­дырғылары мен кө­ліктік-оқтау машиналары жинал­ды. Айта берсе, мұндай мысал­дар көп.

Елбасы Қызылжар өңіріне келген іс-сапарларында зауытқа соқпай кетпейтін. Мемлекеттік маңызы зор отандық индустрияға жан-жақты қамқорлығының ар­қа­сында кәсіпорынға ірі кө­лем­де қаржы бөлініп, конверсия жасалды. Сосын өнеркәсіп, энер­гетика, теміржол, тау-кен салалары үшін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер, халық тұты­натын тауарлар шығаруға әрта­рап­тандырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұжым алдын­а қойған бір талабы – мұнай айы­ратын зауыттарға, мұнай өнді­ру, оны өңдеу салаларына арнап жаңа жабдықтар шығару еді. Бұл тапсырма да абыроймен орындалды. Қазіргі уақытта күрделі мұнай техникасының, өнімдердің, қосалқы бөлшектердің, агрегат­тар мен тораптардың үш жүзден астам түрі жасалып, отандық, шет­елдік компанияларға жөнел­тіледі. Бұған дейін әскери-өнер­кәсіптік кешен саналсақ, енді шығарылатын өнімдердің сапасына қатысты ең үздік әдіс-тәсілдер таңдап алынып, нәтижесінде ИСО 9001 мемлекеттік және EN ISO 9001-2008 халықаралық стандарт талаптарына сәйкестендірілген сертификаттарға ие болдық. Соң­ғы жылдары зауыт 1400-ге жуық қондырғылармен жарақ­тан­дырылса, оның үштен бірі – жоғары өнімді құрылғылар. Техни­калық парк бір миллиард тең­геге ауыстырылды. Жылдық қуаттылығы 1,5 мың тоннаға тең энергетикалық қазандықтарды жасау жобасы игерілді. Мұның өзі қазақстандық мазмұнның үле­сін арттырып, жаңа жұмыс орын­дарының құрылуына мүм­кін­дік берді. Ресейдің солтүс­тік аймақтарындағы кен орындарында бес мың метрлік терең­дікке дейін жүргізілетін бұрғы­лау жұмыстарына арналған жоба жүзеге асырылды. Көтеру қуат­ты­лығы 116 тонна болатын гидро­цилиндрге тапсырысты «Уралмаш НГО Холдинг» компаниясы берді. Қазақстанның теміржол тасымалына да қосып отырған үлесіміз көп. 

Жолдауда жаңа нарықтарға шығып, өнім өткізу көздерін кеңей­ту жолдары айқындалды. Ел эко­номикасында машина жасау өндірісінің рөлі өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. Зауыттың өндіріс аумағының 30-40 пайызы мұнай-газ өнеркәсібіне, осынша мөлшері мұнай-газ өңдеу және мұнай-химия өндірісіне, 10-15 пайызы энергетикаға, 5-10 пайызы теміржол саласына бағытталған. Өндірісті технологиялық жаң­ғырту бағдарламасы шеңберінде «Теңізшевройл», «Синопек», «Ма­рубени» секілді танымал ком­пания­лармен бірқатар келісім­шарттар жасалды. Жаңашылдық ізде­ніс­тер­дің арқасында 150 қон­дырғы сатып алынып, іске қосыл­ды. Павло­дар мұнай-химия, Атырау мұ­най өңдеу зауыттарымен іскер­лік қарым-қатынас одан әрі жал­ғасады. Қазақстан темір­жолының, жылу-электр кәсіп­орындарының тапсырыстары да қомақты. Басты бір бағда­ры­мыз – өнімдерді сырт­қы нарық­қа шығару. Олар­дың қатарын­да АҚШ-тың, Герма­нияның, Жа­понияның, Қытайдың, Голлан­дияның фирмалары бар. Зауыт­қа Қорғаныс министрлігі айтар­лықтай қолдау көрсетіп, арнайы техникаларға тапсырыс беріп отыр. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатынан ту­ған мұндай ұсыныстар бірінші кезекте орындалады. Былтыр үш мил­лиард теңгенің өнімдері шыға­рылса, келешекте отандық өнім көлемін 45-60 пайызға дейін арттыру белгіленген. Бұл – орындалатын меже. 

Техникалық қайта жарақ­тан­­дыру және жаңғырту бағдар­ла­ма­лары, индустрияландыру, ин­вестициялық жобалары дәстүрлі салаларды дамытуға ерекше серпін берері анық. Жолдау талаптары бізді осындай асқаралы асуларды бағындыруға үндейді.

Қуаныш БИШІМОВ,

Петропавл ауыр машина жасау зауытының 
бас директоры,  облыстық мәслихаттың депутаты
 
Солтүстік Қазақстан облысы