ЭКСПО-2017 • 15 Тамыз, 2017

Қалдық жаңаша әдіспен өңделеді

194 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше ЭКСПО-2017 алаңында қандай шаралар өтті?

Қалдық жаңаша әдіспен өңделеді

Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аумағында Алматы облысы мен Швейцарияның Тичино кантоны арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.  Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов пен Тичино мем­лекеттік кеңесі мен эконо­ми­ка және қаржы министрі Кристиан Витта аталған құжат­ты Швей­цария павильонында болған сал­танатты жиында бекіт­ті. Қол қою рәсіміне Қа­зақстан Рес­­пуб­ликасының Қар­жы министрі Ба­қыт Сұлтанов пен Швей­ца­рия Конфедерация­сының пре­­зи­­денті Дорис Лойтхард қа­тыс­ты.

«Швейцарияның Тичи­но өңірімен жасалған ынты­мақ­тас­тық туралы меморандум негі­зін­де бірлескен жобалар үшін Ал­маты облысы таңдап алынды. Өйткені, олардың табиғи, ауылшаруашылық жағдай­лары біздің Жетісу өңірімен ұқсас келеді екен. Енді ауыл шаруашылығын дамыту ба­ғытында соңғы буынды техно­логияларды жеткізуге күш са­лынып, аймақ туризмін дамы­туға барынша назар аудары­лады. Әсіресе, туризм сала­сында олардан үйренетін үр­дістер көп екенін ескеру қажет. Бұл тұрғыда инвести­ция тарту жұмыстарында тиіс­ті келіссөздер жүргізіле бастай­ды», деді өңір басшысы А.Ба­талов. Оның сөзіне қарағанда, Швей­царияда күн және жел энер­гетикасын өндіру жақсы дамы­ғандықтан, облыс әкімдігі тиісті бірлескен жобаларды жүзеге асыруды пысықтайтын болады.

«Қонақтарымыз тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу саласында да жетістікке жет­кенін мойындауымыз керек. Бұл бағыт біздің қызығушылығымызды тудырып отыр. Бүгін­де облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің толық кезеңі құрылмаған. Сондықтан, осы салада олардың тәжірибесін үйренуді қарастырамыз», деді облыс әкімі.
Басқосу келесі күні Астана қаласы әкімі Әсет Исеке­шев­тің және Алматы облысы­ның әкімі Амандық Баталов­тың қатысуымен өткен «For site» кездесуімен жалғасты. Елорда әкімдігі мен Қазақ­стан экологиялық ұйымдар қауым­дастығы бастамашы болған жиында қатты тұрмыстық қалдықтарды таситын көлік құралдарын бақылап отыратын аймақтық ақпараттық жүйені енгізу тақырыбы талқыланды. Шара барысында Энергетика министрлігі, Астана қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері, «ӨКМ операторы» және Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы қалдықтарды қайта өңдеудің тетігін, соның ішінде қатты тұрмыс­тық қалдықтарды бөлек жи­нау жүйесін енгізу сынды ма­ңызды мәселелерді бірлесе ше­шуге арналған ұзақ мерзімді әріп­тестік жөнінде меморан­думға қол қойды.

Күннен күш алған ел

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Пәкістан Ислам Республикасының ұлттық күні өтті. Бұл мереке мемлекеттің тәуелсіздік алған күнімен тұспа-тұс келген. Осыған орай салтанатты шара ұйымдастырылып, Қазақстан мен Пәкістанның әнұраны шырқалды, тулары көтерілді. 

Мерекенің ресми бөлімінде Пәкістан павильонының директоры Кхурам Икрам сөз сөйлеп, Астанадағы халықаралық көрме барысында «жасыл технология» бағытында көп тәжірибе жинап жатқандарын әңгімеледі. «Қазақ еліне осындай айтулы көрмеге қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамыз. Пәкістан павильонында қолөнер бұйымдары көптеп қойылған. Оның бәрі таза табиғи өнімдерден жасалған. Мысалы, қыш құмыраларды, саздан күйдірілген табақтарды көруге болады. Сонымен қатар, көрме аумағындағы төбені бамбук ағаштарымен көмкердік. Себебі, Пәкістан тұрғындары күннің ыстығынан қорғану үшін үй төбесін дәл осы бамбукпен жабады», деді мәртебелі мейман. 

Бұл ел, расында, табиғатқа етене жақын әрі «жасыл технологияны» кеңінен қолданады. Тіпті ыдыс-аяқтарының көбісін саздан күйдіріп жасайды. Ал павильоннан күн мен желден қуат алудың сан түрлі әдісін көруге болады. Мұнда саз балшықтан жасалған пеш те орнатылған. Оның артықшылығы, электр қуатын шығындамайды. Әрі жылуды біркелкі беретіндіктен, тамақты да күйдірмейді. Сондай-ақ, Пәкістан желді де тиімді пайдаланудың көзін тапқан. Кәдімгі самал жел үй­дегі ауа алмастырғыштың орнын баса алады. Ол үшін құры­лыс жүргізгенде төбеге желдің күшін жинайтын құрылғы орнаты­лады. Мемлекетте күннен қуат алу бір жолға қойылған. Айта­лық, Пәкістан Парламент сарайы толығымен күн энергиясы ар­қылы жарықтандырылады.

Көрмеде бүкіл әлемді көресің

Б.Сағынтаев халық­ара­лық көрме аумағындағы Бе­ларусь павильонының ерек­шеліктерін сөз етті. «Онда беларусь ғалымдарының «Бо­лашақ энергиясы» сала­сында энергия үнемдеу және экологиялық техника мен жабдықтар өнді­рісі, көмір қышқыл газын шы­ға­руды азайту және энергия тиімділік саласындағы соң­ғы инновациялық әзірле­мелер көрсетілген. Сондай-ақ, павильон қонақтарының таң­данысын тудырған элек­тробустың макетін ерекше атағым келеді. Бұлар көрме тақырыбына толығымен сай келеді», деді ол.

Беларусь Рес­пуб­ли­касының Премьер-ми­нистрі Андрей Кобяков ЭКСПО-2017 көрмесі арқы­лы қонақтар бір күнде әлемді аралап шы­ғуға мүмкіндігі бар екен­дігін айтты. «Бұл бірегей шара­ның келушілері бір күннің ішінде бүкіл әлемді шарлап, әлемдік өркениеттің қан­шалықты алуан түрлі екен­дігін көздерімен көре алады. Осы саяхат шын мәнін­де есте қалуы үшін біз – қа­тысушы мемлекеттер өз елі­міздегі ең үздік әрі ерек­ше көріністерді көрсетуге тырыстық», деді А.Кобяков. Оның сөзінше, Беларусь ұлттық павильонының тұжы­рым­дамасы жаңа қағидаларға құрылған. Павильон қонақтары Жібек жолы экономикалық белдеуінде құрылған, шын мәнінде нағыз қазына деп атауға болатын «Ұлы тас» Қытай-Беларусь индустриалды паркінің қызметімен таныса алады. Машина құрылысы саласының бүкіл спектрін ұсынған таныстырылымда IT-технология кең көлемде пайдаланылған. Премьер-Министр Астанада өтіп жат­қан айтулы шараның қос ел арасындағы энерге­ти­калық қауіпсіздік саласына септігін тигізетінін де тілге тиек етті.
Ұлттық күн мерекесі Бе­ларусь Республикасынан кел­ген «Хорошкин» хорео­графиялық би ансамблінің өнерімен жалғасты.

Алматы мен Ыстықкөлдің арасына қатынайды

Беларусь ғалымдары болашақтың көлігін ойлап тапты. Жер бетінде қалықтап жүретін фуникулер бір құрлықтан екіншісіне қатынай алады. Бұл өнертабысты беларусьтар Астанада өтіп жатқан «Made in Belarus» көрмесінде таныстырды. Мұнда 70-тен астам кәсіпкер машина жасау, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, жеңіл өнеркәсіп сияқты сан саладағы тауарларын ұсынған.

SkyWay – елді мекен ішінде, қаладан қалаға, тіпті құрлықтан құрлыққа қатынай алатын бірегей инновациялық көлік жүйесі. Фуникулердің сағатына 500 шақырымды еңсеретін қауқары бар. Бүгінде Беларусь ғалымдары ойлап тапқан өнертабысқа 200-дей мемлекет қызығып отыр. Олардың қатарында Қазақстан да бар. «Бұл көлік көп ұзамай әлемді жаулап алады. Қазір оны Қазақстанда да іске қосу мүмкіндіктері қаралуда. «SkyWay» тау бөктері арқылы Алматыдан Қырғызстанның Ыстықкөліне дейін қатынамақ», дейді «БелТРАНСНЕТ» компаниясының басқарушысы Игорь Черный.
 

Елорда және ЭКСПО

Астана әкімдігі халықаралық көрменің екі айлық жұмысын қорытындылады. Күллі әлем көз тіккен шара ашылғалы елордаға 2,1 миллионнан астам адам келсе, олардың 1,4 миллионы – туристер. Темір жол вокзалдарының жүктемесі 60 пайызды құрайды, әуежайдың жүктемесі 70 пайызға жеткен, туроператорлардың қызметіне сұраныс 78 пайызға артқан. Туристік  «welcometoastana» интернет-порталының қолданушылары екі ай ішінде 20 мыңға жуықтаса, сайтқа кіру көрсеткіші – 75 мың. Қолданыстағы нормаға сәйкес елордада азық-түлік тұтыну көлемі күніне 1 500 тонна екен. Көрмеге қонақтардың көптеп келуіне байланысты азық-түлік өнімдерін тұтыну 20-30 пайызға өскен. Бағаны тұрақтандыруда жаңа тетіктер қабылданып, қалаға азық-түлік өнімдерін көптеп жеткізуде бірқатар шаралар қабылданғанын айта кеткен жөн. Айталық, «Astana-ӘКК» ҰК» АҚ арқылы «Кеңмарт» пен «Астықжан» сауда орталықтарына 300 млн теңге көлемінде несие берілген. Қазір бұл нысандар ағымдағы жылдың соңына дейін тауардың 10 санаты бойынша азық-түліктің 49 түріне төмен баға бекітті. 

Халықаралық шараны өткізу үшін жол-көлік инфрақұрылымын дайындау аясында 23,4 шақырымдық 11 көше салынып, 17,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көрме аумағында жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 50,2 шақырымдық жылыту жүйесі, 25 585 шақырым электр желісі және электрмен жабдықтаудың 3 нысаны салынды, «Жаңа жол» ҚС қайта құрылды. Жаңа тазалау құрылғылары мен жаңбыр кәріз жүйесінің құрылғылары пайдалануға берілді.

Оған қоса, қоғамдық көліктің қоз­ғалыс жүйесін жаңғырту бойынша 7 қо­сымша «Shuttle Bus» маршруттары іске қосылды. Олар ЭКСПО көрмесін шал­ғай­дағы аудандарымен байланыстыра­ды. Негізгі 12 көшесінде 37,55 шақы­рым­дық «Bus Lane» арнайы жолағы енгізілген. Астана әкімдігі тарапынан халық­аралық шара кезінде түрлі формат пен жанрдағы 647 мәдени шара өткізу жос­парланған. 
10 маусымнан осы уақытқа дейін 51 ірі және маңызды шаралар өтті. Ал маусым-шілде айларында елорданың мейрамханаларынан, қонақүйлерінен, қо­ғамдық тамақтану орындарынан салық түсімі 462 млн теңгеге жетіп, едәуір артқан. Соңғы алты ай ішінде тір­келген кәсіпкерлік субъектілері 143 084 бірлікті құрапты. 
Көрме аумағында 7 медициналық пункт пен орталық орналасқан. Оған қоса қалада жаңа жедел жәрдем стансасы салынды.  

Шардаралық ақсақалдардың көңілі шат

«Жақсыны көрмек үшін» деген бар ғой, еліміздің қиыр шетінде жатқан шардаралық ақсақалдар да аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың ұйымдастыруымен 1700 шақырым жерден автобуспен Астанаға ЭКСПО-2017 көрмесін көруге келіпті. Шардарадан шыққан автобус тоқтамастан бір тәуліктен артық уақытта ақсақалдарды Астанадан бір-ақ шығарған екен. Қанша жайлы болса да автобус соғып, ақсақалдар қалжырап қалған шығар деп ойлағанбыз, сөйтсек көрмені көргенде олардың жүздері жайнап, көңілдері шаттанып, бойларына елімізге деген мақтаныш сезімі жүгіріп, алған әсерлерін жарысып айтып жатты. 

Шардарадан шалдықпай жеткен 30 ақсақалдың бәрі де еңбек ардагерлері, ауданға еңбек сіңірген қарттар көрінеді. Солардың арасында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ауданның құрметті азаматы Тәңірберді Ағманұлы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қыстау Ілесов, мүгедектер қоғамының төрағасы Қуаныш Ерназаров және т.б. бар. 

Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Әділ Әбдірамановтың айтуына қарағанда, бұған дейін ауданнан 50 оқушы демеуші есебінен ЭКСПО-ны тамашалап кеткен екен. Ал жалпы аймақтағы әлеуметтік әлжуаз топтардың 500 баласы облыс әкімі Ж.Түймебаевтың ұйымдастыруымен көрмеге келіпті, олардың арасында 25 шардаралық оқушы да болған көрінеді. Оқу жылы басталғанша Шардарадан тағы да 150 оқушыны көрмеге әкелмекпіз, деді ол.

Топтаманы әзірлегендер Асхат РАЙҚҰЛ,

Жақсыбай САМРАТ,  

«Егемен Қазақстан»