ЭКСПО-2017 • 15 Тамыз, 2017

Маңғыстау күндері аясында қандай шаралар өтеді?

914 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үш жүз алпыс әулиеге мекен болған қасиетті Маңғыстаудың Астанадағы күндері де келіп жетті. Бүгін кешке ЭКСПО халықаралық көрмесінің амфи­те­атры­нда шымылдығы түрілетін облыстық мәдениет күндерінде бар­лығы 34 шара өткізіліп, ас­та­налықтар мен қала қо­нақтары 600-ге жуық өнер­паз­дың өнерін тамашаламақ.

Маңғыстау күндері аясында қандай шаралар өтеді?

Орталық коммуникациялар қыз­меті алаңында өткен баспасөз мәс­ли­ха­тында Маңғыстау облысы әкі­мі­нің орынбасары Мақсат Сқа­қов мә­дениет күндері 15-18 тамызда  өтетінін айта келе, елорданың Сту­­денттер саябағында, «Бәйтерек» мо­нументі мен қалалық әкімдік ғи­мараты алаңында және «Жерұйық» са­я­бағында әртүрлі концерттер мен ойын-сауық бағдарламалары ұйым­дас­тырылатынын атап өтті.

15 тамызда кешкі сағат 21:00-де ЭКСПО-2017 көрмесінің амфитеатрында «Қарт Каспийден сәлем ал, Ерке Есіл!» атты концерт өтеді. Оған Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Кәмшат Жолдыбаева, Ұлықпан Жолдасов сынды Маңғыстаудан шыққан белгілі өнерпаздар қатысып, өнерімен шашу шашады. 

Одан кейін 16 тамыз күні «Шабыт» ғи­маратында маңғыстаулық ақын Есен­ғали Раушановтың «Біздің ел­дің жылқысы кіл көкмойнақ» атты  шығармашылық кеші өтеді. Кеште елі­міздің белгілі ақындары өлең оқып, көп­шілікті жыр әлеміне жетелемек. 

Маңғыстау өңірін заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев «ашықаспан астындағы музей» деп тегін атамаған. Сондай-ақ, бұл киелі мекен туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Маңғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығында бір рет болып, көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған», дегені бар. Ендеше, небір тарихи-мәдени ескерткіштерімен талайларды тамсандырған өркенді өңірдің тастан қашалып, ағаштан ойып жасаған бұйымдарын астаналықтар «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде 17 тамыз күні өтетін этнографиялық театрландырылған шаралар кезінде тамашалай алады. Онда маңғыстаулық жыр мен күй мақамы әуелеп, қазақ­тың ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұр­­пынан театрландырылған қой­ы­лым көрсетіледі. Ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер бата берсе, ізетті келіндер мен ибалы қыздар ұлттық тағамдар әзірлейді. Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Пәния  Сармурзинаның айтуынша, «этно­ауылда» төрт қазан палау пісіріліп, жұрт­шылыққа үлестірілмек. 

Жалпы, Маңғыстау өңірі шұбаты­мен, балқаймағымен әйгілі екені бел­гі­лі. Осы ұлттық тағамды дәріптеуге үлкен үлес қосып жүрген облыстық мәслихаттың депутаты Сәуле Жақаева бас болып, ЭКСПО аясындағы мәде­ни­ет күндеріне бал татыған шұбат пен Жаңаөзеннің сүт өнімдері зауы­ты­ның тәтті өнімдері әкелініпті. Елорда­лық­тар бұл тағамдардан дәм татып, сатып алуға мүмкіндігі болады. 
Сондай-ақ, «этноауыл» алаңында «Өрнек» және «Тәрбие» сән үйлерінің ұлттық костюмдер көрсетілімі ұйым­дас­тырылады. Одан кейін Тамара Асар мен «Жорға» би ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылады.

Бұған қоса, 18 тамыз күні Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» спектаклі қой­ылмақ. Спектакль М.Горкий атын­да­ғы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында сағат 16:00-де бас­талады. 
Облыстың мәдениет күндері аясын­да сонымен бірге, көкпардан, жас­өс­пірімдер арасында қазақ күресінен, тоғызқұмалақтан сайыстар өтеді. «Қазанат» ипподромында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Адай» командасы сынға түседі. Қыз қуу, теңге ілу, асық атудан сайыстар ұйымдастырылады.

Ал 18 тамызда «Қазақстан» спорт кешенінде «Ұлы дала қырандары» жобасы аясында аралас жекпе-жектен (М1 және К1) жарыс­тар өтеді. Жарысқа алты мемлекет­тен, атап айт­қанда, Қазақстан, Украина, Латвия, Өзбекстан, Польша, Хор­ва­тиядан спортшылар қатысқалы отыр. Қазақстаннан жекпе-жекке Маң­ғыстау, Астана, Павлодар, Ақтөбе, Атырау қалаларының кіл мықтылары шығады», дейді Маңғыстау облы­сы­ның дене шынықтыру және спорт бас­қармасының басшысы Бекболат Байжанов.

Жалпы, Маңғыстау облысының Астанадағы мәдениет күндеріне бар­лы­ғы 600-ге жуық өнерпаз қатысса, оның 20-сы қолөнер шебері, 233-і кәсіби ұжымдар мен әртістер болса, 120-сы этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары екен. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»