Жазғы спорт • 15 Тамыз, 2017

Сол бір сұрапыл шабыс…

459 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Марат Сатыбалдиев – қазақ велосипедшілерінен шыққан тұңғыш әлем және КСРО чемпионы!

Сол бір сұрапыл шабыс…

Ол 1985-1990 жылдарда Кеңес Одағының 5 дүркін чемпионы болды. Мұндай биікке Мараттан басқа бірде-бір қазақ веложүйрігі жеткен емес. "Қазақ күрес пен боксқа ғана бейім, қалған спорт түрлерінен оларға несібе жоқ", деген «әу­лие­лер» кешегі Кеңес Одағы тұ­сында аз болған жоқ. Дәл осылай ойлайтын «білгіштер» қазір де бар. Тіпті өз қазағымыздың спорттан нан жеп жүрген кей­бір дөкейлері осы пікірді қос қолдап қуаттайды. Ал терең ойлап қарасаңыз, өз халқы туралы мұндай кемсітушілікке бой ұсыну − кешегі империя тепкінімен қанға сіңген құлдық сананың салдары немесе ата жұртының табиғатын терең білмегендіктің әсері. Әйтпесе, аяқ-қолы қысқа жапондар жү­зуден Еуропаның сырықтай жігіт­терінен қалай озып жүр?! Немесе осыдан жиырма жыл бұрын штанга мен күрестің маңайынан көрінбеген қара нәсілді жігіттер кейінгі жылдары әлемдік додаларда олжа сала бастады. Асылы, қай нәрсенің де көзін біліп, бабын табатын маманың болсын де.

Марат қазақтың қай салаға салсаң да жарып шығар ерекше қасиетін мұқым дүниеге, оның ішінде Алаш жұртының өзіне қолмен қойғандай дәлелдеп берген саңлақ ұлдарымыздың бірі әрі бірегейі. Бұлай дейтініміз: біздің халықтың ұл-қыздарының кеңес тұсында велосипедке деген аңсары күшті бола қойған жоқ. Талай жарысқа барып жү­ріп, алда-жалда бірлі-жарым қа­зақ спортшысын кездестірсек, нағашымызды көргендей қуа­натынбыз. 
Ал велосипедші Марат Сатыбалдиев Кеңес Одағының чемпионаттарын бидайықтың көл жайқаған жалғызындай армансыз дуылдатты. Ойлап қараңыз, сол тұста 286 миллион халқы бар Кеңес Одағында спортшы велосипедшілер саны ондаған мыңнан асып жы­ғы­латын. Солардың ішінде қа­зақтың үлесі жарты пайызға да жетпеуші еді. Осыншама қалың талапкерден суы­рылып шыққан өрен жүйріктер 1985-1990 жылдары біздің жалғыз Мараттың шаңына ілесе алмады. Сатыбалдиев КСРО-ның бес мәрте чемпионы! Одақ чем­пионаттарындағы күміс, қола жүлделерімен қоса, КСРО кубо­гының жеңімпазы.

Бұл Мараттың жеңісінің алғашқы белесі ғана. Оның әлем чем­пионы атанған кезіндегі кө­ңіл күйімізді тілмен жеткізу қиын. 
1989 жылы тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түні ұйқыда маза болған жоқ. Таң бозынан теледидарға телміріп, радиоға құлақ түрумен болдым. Әлі есімде, таңғы сағат 7-ден 9 ми­нут өте бере Мәскеудің ор­талық теледидарынан Марат бауырдың әлем чемпионы атан­ғанын естідім. Көз шарасына ыстық жас іркілді. Тар ғана пәтер байтақ даладай кеңіп сала берді. Қойын дәптердегі: «1989 жылы тамыздың жиырмасыншы жұлдызында құрдасым Марат Сатыбалдиев велосипедтің со­ңына түскен қазақ жастарынан бірінші болып әлем чемпионы атанды...» деген жазу әлі күнге дейін ыстық көрінеді. 

Cодан Маратты тағатсыздана тостым. Алматыға жеткенін естіген бойда «Динамо» спорт қоғамына, біледі-ау деген адам­дарға телефон соқтым. Біразға дейін нақты хабары болмады. Ақыры, не керек, Алматыдағы «Динамо» қоғамының қонақ­үйінде жолықтық.
Қарапайым ғана қараторы жігіт. Әлем чемпионымын, деп мардымсу, кеуде керуден аулақ. Байыпты, тұйықтау кө­рінді. Көкейде жүрген біраз сауалды ортаға салдым. Марат ықыласпен жауап беріп отырды. 
Сол күні түн жарымында 92-автобуспен әуежайға жетіп, Қы­зылордаға шығарып салдым.

... Әлем чемпионатына жер шарының әр қиырынан маңдайы жарқыраған 48 жүйрік жиналған екен. Олардың ішіндегі ең атақ­тысы Олимпиада және әлем чемпионы, италиялық Фрост болатын. Ауыздығымен алыс­қан голландиялық Пелен, мек­сикалық Яшимат, тағы бір ита­лиялық жүйрік Балдато... Қыс­қасы, 50 шақырымға жа­рысқан спортшылардың ішінде осалы жоқ. Жарыс ережесі бойын­ша веложүйріктер 30 аралық мәресі бар тақтай жолды айнала құйын-перен заулауы керек. Әрбір аралық мәре тұсында спортшылар педальды жаныға басады. Себебі, аралық мәреден мойны озық өткен спортшыларға ұпай жазылады. Ақыл-айлаң өзіңнен сынық сүйем озып отырмаса, опық жеуің оп-оңай. 

Марат тас-түйін. Шүу дегеннен құйындатып тартқан тарланбоз бауыр мәреге жеткенше тізгін тартқан жоқ. Аралық мәре сайын ұпайын үстеп отырды. Мұндай сұрапыл шабыс үстінде қарсыластары Сатыбалдиевке түк қайран жасай алмады. Біздің бауыр күміс жүлдегер Балдатодан 12 ұпайға қара үзіп кетті.

Иә, Марат бұл жеңісімен қазағының аламан бәйге десе, жанып түсетін қасиетін жалпақ дүниеге қапысыз дәлелдеді! Ол әлем чемпионы атанып қана қойған жоқ, сол тұстағы империя бұғауында ғұмыр кешкен қазағының мерейін өсіріп, руxын көтерді. Ол кезде Алаш баласының әлемдік деңгейдегі әрбір жеңісі біз үшін сондай ыстық, сондай мәртебелі көрінетін. Себебі, біздің бауыр­лардың дәл осылайша жер­жаһанды дүркіретіп олжа салуы деген тым сирек, қазақты сағындырып, үздіктіріп барып қолға қонатын бақ құсы тәрізді еді. Сатыбалдиев қазақ ұландары жатырқай қарайтын, өзгелердің меншігіндей көрінетін велосипедпен әлемдік чемпионатта озып шыққанда мыңдаған қаракөз қандастарымыздың бө­лек бір әсерді, бөлек бір жан толқынысын бастан кешіргені кү­мәнсіз.

Осы екпінмен біраз дуылдады. Қызылорда басшылығы үш бөлмелі пәтер сыйлады. Кеңес Одағының партия хатшылары мінетін су жаңа «Волганы» кезексіз тақымына басты. Тегін емес, 16 мың сомға, өз құ­нына сатып алды. «Волгасы» талай­лардың көз құртына айналды: 50-60 мың сомға сат деп қыр соңынан жүгіргендер аз болған жоқ. Сорғалатып төккен маңдай тердің жемісі емес пе, ешкімге қимай, өзі мініп алды. 

Ақылгөй бабаларымыз ер жігіттің басында дәурен тұра бермейді деген ғой. Тоқсан бірінші жылы спортты доғарған Марат Қуанбайұлы далада қалғандай күй кешті. Он бес жыл алаңсыз жарыс қуыпты. Бар шы­ғынын үкімет көтеріпті. Әуелі бапкер болсам деп ойлаған. Жа­лақысы мардымсыз. Үш ай сен­деліп жүрді де, намысқа басты.

Оның тәуекелі заманның апай-топай тұсына дөп келді. Әуелі қырғыздардан жапон маг­нитофонын, шеттің кір жуатын ұнтағы мен балалардың киімін, люстра... таси бастады. Алматының шетіндегі «барахолкадан» орын алып, әкелген затын өзі сатты. Әуелде жұрт танып қоя ма деп ұят қысқан. Бірте-бірте «отбасымды жарты құрсақ күйге түсіргенше, нан тапқаным абзал», деген ойға нық бекіді. Ұзамай Алматының батыс жағындағы базарға Қытай мен Түркияның тауарын әкеле бастады.

Одан кейін Германиядан көлік тасуға кірісті. Мыңдаған ша­қырымды жалғыз еңсерген, ұйқысыз, мазасыз күндер, жолда рэкет ұшырасып, жүректі қауіп меңдеген сәттер қазір көр­ген түстей. Осылай, өзін шар­қайрақтай жанып жүріп бизнеске біржола бауыр басып кетті. 
Екеуміз сирек те болса кез­десіп тұрамыз. Сол баяғы сабырлы қалпы. Көп сөзге жоқ. Қазақтың спорт тарихына тың­нан түрен салған Марат құрдас осы мінезімен жаныма жақын, көңілге ыстық.

Қыдырбек РЫСБЕК